Жыл соңына дейін Қорғаныс министрлігі жыл сайын кемінде 700 мың жас азаматты қамти отырып, әскерге шақыруға дейінгі даярлық жүйесін толық ауқымды іске қосуды жүзеге асыруды жоспарлап отыр. Бұл туралы Парламентте Қорғаныс министрінің тәрбие және идеологиялық жұмыс жөніндегі орынбасары, генерал-майор Асқар Мұстабеков мәлімдеді, - деп хабарлайды Aikyn.kz.
Айгүл Құспанның төрағалығымен өткен Мәжілістің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің отырысында министрдің орынбасары алғашқы әскери, әскерге шақыруға дейінгі және тереңдетілген даярлықтың сапасын арттыру жөніндегі шаралар кешенін ұсынды.
Оның айтуынша, бұл сала қорғаныс ведомство басшысының жеті нормативтік құқықтық актісімен реттеледі. Олар білім беру ұйымдарындағы бастапқы әскери дайындықты, тереңдетілген әскерге дейінгі даярлығы бар мамандандырылған мектептердің қызметін және қосымша білім беруді қамтиды.
Осы құжаттарды жүйелі түрде жүзеге асыру үшін министрліктің тиісті департаментінде білім беру ұйымдарындағы әскери даярлық және цифрландыру басқармасы құрылған. Сонымен қатар әскерге дейінгі даярлықты жүргізетін білім беру ұйымдарының электрондық тізілімі әзірленді. Бұл олардың есебін жүргізуге, даярлық сапасын бағалауға және әскери-патриоттық тәрбиені дамытуға мүмкіндік береді.
Білім беру ұйымдарында 700 мың адамды қамти отырып, әскери даярлық сапасына мониторинг жүргізу және оларды талдау қағидалары қабылданды. Одан өзге оқу-материалдық базаға, оқушылардың киім үлгісіне бірыңғай талаптар енгізіліп, басшылар мен оқытушыларға қойылатын біліктілік талаптары айқындалды.
Оқу-ағарту министрлігімен алғашқы әскери дайындық оқытушыларының біліктілігін арттыру курстарын әскери оқу орындарының базасында ұйымдастыру мәселесі бойынша өзара іс-қимыл жолға қойылуда.
Алғаш рет 10-11-сынып оқушылары арасында бастапқы әскери дайындық бойынша жыл сайынғы жарыстар өткізу тәжірибесі енгізілуде. Алғашқы жиындар биыл мамыр айында Абай, Жамбыл және Батыс Қазақстан облыстарында өтеді.
Тереңдетілген әскерге дейінгі даярлық қағидалары мектептердің әскери бөлімдермен тығыз байланыста жұмыс істеуін көздейді. Сонымен қатар әскери іс негіздерін қамтитын қосымша білім беру бағдарламасы бекітілді.
Әскери мектеп-интернат директорлары мен бастапқы әскери дайындық оқытушыларына қойылатын талаптар жаңартылды. Оларда міндетті түрде әскери қызмет өтілі немесе запастағы офицерлер бағдарламасы бойынша даярлықтан өткен болуы тиіс.
Бастапқы әскери дайындық ұстаздары енді тек әскери оқу орындары базасында ғана біліктіліктерін арттыратын болады. Запасқа шығарылатын әскери қызметшілерге педагогикалық білімге теңестірілген педагогикалық қайта даярлау бағдарламасы қарастырылған. Бұл бастапқы әскери дайындық сабағын мектептер мен колледждерде беруге рұқсат етеді.
Қазіргі уақытта Қорғаныс министрлігі жанында қорғаныс және қауіпсіздік саласындағы жетекші мамандардың қатысуымен жұмыс тобы құрылып, бастапқы әскери дайындық оқулығы мен әдістемелік ұсынымдарды жаңарту жұмыстары жүргізілуде.
Жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, елдің барлық өңірінде тереңдетілген әскерге дейінгі даярлықты жүргізетін мамандандырылған мектептер ашу жұмыстары іске асырылып жатыр. Биыл Алматы және Түркістан облыстарында әскери мектеп-интернаттар ашу жоспарланып отыр.