Алматы облысындағы ауылдардың бірінде 9-сынып оқушысына қатысты ауыр қылмыс жасалғаны туралы ақпарат тарады, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты Ulysmedia.kz порталына сілтеме жасап.
Жәбірленуші тараптың мәліметінше, бірнеше ай бойы жасөспірім қызға жүйелі түрде зорлық көрсетілген. Қазіргі таңда туыстары тергеу жұмыстарының баяу жүріп жатқанына және күдіктілердің әлі күнге дейін бостандықта жүргеніне алаңдаулы.
Оқиға биылғы қаңтар айында басталған. Заңгерлердің айтуынша, алғаш рет 25 жастағы ауыл тұрғыны қызды әлеуметтік желі арқылы тауып, қорқыту арқылы түнде үйінен алып шығып, зорлық жасаған. Кейін жәбірленушінің байланыс нөмірі басқа адамдарға тарап, қысым жалғаса берген.
Жетім қалған қызды қамқорлығына алған ағасы Мұхтар Мәлібек бұл жағдайды тек наурыз айының ортасында білген. Оның айтуынша, мектеп әкімшілігі болған жайтты бірнеше күн бойы жасырған.
«[Директор] кабинетінде осындай-осындай жағдай болды дейді. Мен «Алдын күннен бері не қарап отырсыздар? Маған айтпайсыздар ма?» десем, «Біз толыққанды білмейміз, өтірік айтып отыр ма, шын айтып отыр ма» дейді... Сонымен жаңағы жерде қызды шақыруды сұраймын. Сабақтан босатуын. Қыз директордың алдында үндемейді. Сосын үйге алып кетемін. Үйде «Назерке, не жағдай болды?» деп сұраймын... Қыз өкіріп жылайды, осындай-осындай жағдай болды деп: «Мен сізге айта алмаймын, қалай айтамын» дейді. «Қанша, кіммен?» деп түсінбеймін. Мен шок болдым. Сөйтсем, сегіз баланың атын тіркеп береді», – дейді ол.
Үйіне алып кеткеннен кейін ғана қыз болған жағдайды айтып, өзіне қысым көрсеткен бірнеше адамның есімін атаған.
Қазіргі уақытта құқық қорғау органдары тексеру жүргізіп жатыр. Алайда жәбірленуші тарап істің баяу қаралып жатқанына наразылық білдіруде.