Биыл ақпан айында Атырау облысының Құлсары қаласындағы мектептердің бірінде болған оқиға қоғамда үлкен резонанс тудырды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Сол кезде бір оқушы қолына балта алып, қатарластарына шабуыл жасаған.
Оқиғадан кейін арнайы құрылған комиссия мектептегі қауіпсіздік жүйесін тексеріп, бірқатар заңбұзушылықтарды анықтады. Нәтижесінде, 6 қызметкер жұмыстан босатылып, 24 адам тәртіптік жауапкершілікке тартылды.
Облыстық Полиция департаменті басшысының орынбасары Ерлан Биғамбаевтың айтуынша, бұл жағдайға мектеп әкімшілігі мен жекеменшік күзет қызметінің салғырттығы себеп болған. Оның сөзінше, білім беру мекемелерінде қауіпсіздікке жеткілікті мән берілмей отыр, ал күзет қызметі өз міндетін дұрыс атқармаған жағдайда, сот тәртібімен жауапкершілік қаралуға тиіс.
Еске салсақ, биыл 5 ақпанда «102» нөміріне мектеп ішінде оқушылар арасындағы жанжалдың шабуылға ұласқаны туралы хабар түскен. Оқиға салдарынан екі оқушы жеңіл жарақат алды.
Кейін полиция 10-сынып оқушысын ұстап, оған бұзақылық бабы бойынша қылмыстық іс қозғады. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалып, кейін профилактикалық есепке алынған.