Техникалық реттеу және метрология комитетінің Түркістан облысы бойынша департаменті тексеру іс-шаралары барысында Қазақстан Республикасының «Өлшем бірлігін қамтамасыз ету туралы» заңнамасының бұзылғанын анықтады, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Тексеру кезінде өңірдегі екі коммуналдық кәсіпорындарымен міндетті метрологиялық тексеруден өтпеген бақылау есепке алу аспаптарын (электр есептегіштерін), амперметрлер мен вольтметрлерді пайдаланғаны белгілі болды.
Заңнамаға сәйкес, қызмет көрсетуші мен тұтынушы арасындағы өзара есеп айырысуда, сондай-ақ өндірістегі қауіпсіздікті қамтамасыз етуде қолданылатын барлық аспаптардың қолданыстағы тексеру сертификаты болуы тиіс. Тексерілмеген аспаптарды пайдалану тұтынудың нақты көрсеткіштерін бұрмалайды және электр желілерін пайдалану қауіпсіздігіне күмән келтіреді.
Электр өлшегіш құралдардың дәлдігі — бұл тек түбіртектегі дұрыс цифрлар мәселесі ғана емес, сонымен қатар техникалық қауіпсіздіктің кепілі.
«Вольтметрлер мен амперметрлер жұмысындағы қателіктер электр желілеріне түсетін жүктемені дұрыс бағаламауға әкеп соғуы мүмкін, бұл авариялық жағдайлардың туындау қаупін арттырады. Өз кезегінде, тексерілмеген есептегіштерді қолдану тұтынушылардың тұтынылған ресурстар көлемі туралы шынайы ақпарат алу құқығын бұзады», — деп атап өтті Департамент өкілдері.
Тексеру қорытындысы бойынша екі кәсіпорын әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Субъектілерге 3 892 500 теңге мөлшерінде әкімшілік айыппұлдар салынып, заңбұзушылықтарды жою туралы нұсқамалар берілді.