Қазақстан су ресурстарын басқаруға жасанды интеллект жүйесі енгізіледі

Шара ғылыми-технологиялық ынтымақтастықты дамытуға, су ресурстары саласына инновациялық шешімдерді енгізуге және озық тәжірибе алмасуға бағытталған.

Қазақстан Республикасы Премьер-Министрі О.А. Бектеновтің ғылымды дамыту жөніндегі тапсырмасы аясында 2026 жылғы 10 сәуірде Астана қаласында ҚР Президенті жанындағы Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясы (бұдан әрі — Академия) ҚХР Ғылым академиясының және Чжэцзян технологиялық университетінің жетекші ғалымдарымен бірлесіп, Су ресурстары және ирригация министрлігінің «Қазсушар» ШЖҚ РМК базасында кездесу-кеңес өткізді, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Шара ғылыми-технологиялық ынтымақтастықты дамытуға, су ресурстары саласына инновациялық шешімдерді енгізуге және озық тәжірибе алмасуға бағытталған.

Климаттың өзгеруі, су тапшылығының артуы, трансшекаралық тәуелділік, тасымалдау кезіндегі шығындар және суды дәлірек есепке алу мен болжау қажеттілігі жағдайында деректерді, модельдерді және басқарушылық шешімдерді қолдау тетіктерін біріктіретін ғылыми негізделген цифрлық шешімдердің маңызы артып келеді.

Талқылаудың негізгі тақырыбы — кеңістіктік-уақыттық жасанды интеллектті, цифрлық егіздерді (digital twins), механистік модельдерді, мониторинг жүйелерін және сценарийлік талдауды қолдана отырып, шешімдерді қолдаудың отандық платформасын құруды көздейтін «DeepBas» флагмандық ғылыми-техникалық бағдарламасы болды. Пилоттық бағыттар ретінде Ертіс, Іле-Балқаш және Шу-Талас бассейндері қарастырылуда.

Кеңеске ҚР ҰҒА-ның шетелдік серіктестері, соның ішінде Қытай Ғылым академиясының, Чжэцзян технологиялық университетінің және ҚХР-дың жоғары технологиялық компанияларының, соның ішінде Tudou Data (i-Tudou) өкілдері қатысты. Су ресурстарын басқарудың зияткерлік жүйесін құру, ғылыми-технологиялық ынтымақтастықты дамыту және ұзақ мерзімді зерттеу мен кадрлық базаны қалыптастыру тәсілдері талқыланды.

Кеңестің негізгі тақырыптары:

- DeepBas жобасы — су ресурстарын басқарудың отандық зияткерлік жүйесінің негізі ретінде;

- Цифрлық егіздер, мониторинг және су тасқынын, құрғақшылықты және су шығынын болжамды модельдеу;

- Ведомствоаралық деректер алмасу және гидрологиялық, гидрогеологиялық, метеорологиялық, спутниктік және пайдалану ақпараттарын интеграциялау;

- Халықаралық тәжірибе және «water AI» саласындағы озық архитектуралық шешімдерді ғылыми бейімдеу мүмкіндіктері;

- Ұлттық құзыреттілікті қалыптастыру үшін бірлескен зерттеулер, білім трансферті және мамандар даярлау.

Академия Президенті А.К. Күрішбаев өз сөзінде былай деп атап өтті: «Бүгінгі таңда Қазақстан үшін су мәселесі – бұл тек бір саланың мәселесі емес. Бұл – ұлттық қауіпсіздік, азық-түлік тұрақтылығы, энергетикалық сенімділік, экологиялық тұрақтылық және, сайып келгенде, мемлекеттік басқару сапасының мәселесі. Сондықтан Мемлекет басшысы мен Үкіметтің су жөніндегі тапсырмаларын жекелеген міндеттер жиынтығы ретінде емес, басқарудың жаңа моделіне – дәл, болжамды, ғылыми қамтамасыз етілген және технологиялық заманауи модельге көшу талабы ретінде қабылдау қажет.

Мәселе мынада: бүгінде біз суды әлі де фрагментті түрде басқарып отырмыз. Жер үсті суларының 44,3 пайыздан астамы Қазақстаннан тыс жерлерде қалыптасады. Алынған судың тек 42 пайызы ғана соңғы тұтынушыға жетеді. 13 мың каналдың жартысында толыққанды аспаптық есепке алу жүйесі жоқ. Сондықтан бүгінде тек есепке алуды кеңейту, жекелеген каналдарды цифрландыру немесе жекелеген гидротехникалық құрылыстарды жаңғырту жеткіліксіз. Су ресурстарын басқарудың бірыңғай ғылыми-технологиялық архитектурасы қажет. Дәл осы логикамен Ғылым академиясы DeepBas бағдарламасын — кеңістіктік-уақыттық жасанды интеллектке, цифрлық егіздерге, үздіксіз мониторингке және сценарийлік талдауға негізделген су ресурстарын басқарудың интеграцияланған жүйесін ұсынып отыр.

Ғылым академиясы озық халықаралық тәжірибені, ең алдымен, физикалық әлемді, табиғи ресурстар мен суды басқарудың жаңа буын шешімдері қалыптасып жатқан Қытай тәжірибесін жүйелі түрде зерттеуде. Бұл тұрғыда ҚР ҰҒА үшін Қытай Ғылым академиясымен серіктестік, Чжэцзян технологиялық университетімен ынтымақтастық, Кеңістіктік-уақыттық жасанды интеллект және тұрақты даму халықаралық бірлескен зертханасын дамыту, сондай-ақ i-Tudou сияқты ҚХР-дың жоғары технологиялық компанияларымен өзара іс-қимыл жасау принципті түрде маңызды.

Академияның ұстанымы мынадай: Қазақстанға жүйелі ұлттық траектория қажет – халықаралық шешімдерді ғылыми бейімдеуден DeepBas-ты өрістетуге дейін; DeepBas-тан – отандық ЖИ-жүйесін құруға дейін; ЖИ-жүйесінен – су ресурстарын басқарудың арнайы ЖИ-агентіне дейін; пилоттық жобалардан – ұлттық ауқымдағы масштабтауға дейін. Тек осындай жол ғана Мемлекет басшысының тапсырмаларын формальды емес, мазмұнды түрде орындауға мүмкіндік береді.

Бүгін біз декларативті емес, жұмыс істейтін шешім қабылдауымыз керек. Жалпы ниет туралы емес, Қазақстанның жеке зияткерлік су ресурстарын басқару жүйесінің пайда болуына алып келетін ғылыми-технологиялық траекторияны іске қосу туралы айтып отырмыз. Бұл ғылымның мемлекеттің, өңірлердің және экономиканың тұрақтылығына қосқан нақты үлесі болады».

Кеңес қорытындысы бойынша шешімге ұсынылатын тармақтар:

1. ҚР ҰҒА қатысуымен DeepBas бағдарламасы негізінде су ресурстарын басқарудың отандық ЖИ-жүйесін және су бейініндегі арнайы ЖИ-агентін құру жөніндегі ғылыми-технологиялық тректі қалыптастыру туралы ұсыныс қолдалсын.

2. ҚР СРИМ мүдделі мемлекеттік органдармен және ҚР ҰҒА-мен бірлесіп, Ертіс, Іле-Балқаш және Шу-Талас бассейндері бойынша пилоттық режимде 2027–2031 жылдарға арналған DeepBas флагмандық ғылыми-техникалық бағдарламасын іске қосуды пысықтасын.

3. ҚР ҰҒА-ның Қытай Ғылым академиясымен, Чжэцзян технологиялық университетімен және ҚХР-дың жоғары технологиялық компанияларымен (соның ішінде i-Tudou) ғылыми ынтымақтастығын дамыту, технологияларды ғылыми бейімдеуге, білім трансфертіне және кадрларды бірлесіп даярлауға басымдық бере отырып қолдалсын.

4. ҚР СРИМ және ҚР ҰҒА бейінді мемлекеттік органдармен және серіктестермен бірлесіп, DeepBas отандық платформасының архитектурасы, су ресурстарын басқарудың ұлттық ЖИ-агентіне қойылатын талаптар және қажетті пилоттық деректер мен полигондардың құрамы бойынша ұсыныстар дайындасын.

5. Мамандарды даярлау, модельдерді валидациялау және пилоттық жобаларды сүйемелдеу үшін ғылыми ұйымдар, жоғары оқу орындары және салалық серіктестер консорциумы базасында DeepBas құзыреттілік орталығын құру қолдалсын.

Іс-шараға Су ресурстары және ирригация, Ауыл шаруашылығы, Экология және табиғи ресурстар, Төтенше жағдайлар, Ғылым және жоғары білім вице-министрлері, ҚР Президентінің жанындағы ҚР Ұлттық ғылым академиясының, «Қазсушар» РМК, «Су ресурстарының ақпараттық-талдау орталығы» КЕАҚ өкілдері, сондай-ақ Қытай Халық Республикасынан шақырылған қонақтар – Чжэцзян технологиялық университетінің және Tudou Data, CHC Navigation, Hangzhou Shenhao Technology Co., Ltd. және SuperMap Software Co., Ltd. жоғары технологиялық компанияларының өкілдері қатысты.

Кездесу нәтижесі бойынша ғылыми-технологиялық траекторияны іске қосу бойынша бірлескен жұмыс туралы шешім әзірленді. Бұл су ресурстарын басқару тиімділігін арттыруға, халықаралық ғылыми ынтымақтастықты нығайтуға және ЖИ негізінде Қазақстандағы заманауи сын-қатерлер жағдайында тұрақты су пайдалану жүйесін қалыптастыруға ықпал ететін болады.