«Мұндайды күтпеген едік»: Жас ғалымдар Президентке алғыс айтты

Еске сала кетейік, былтыр 271 жас ғалым баспаналы болды. 2025 жылы ғылыми сыйлықтар тағайындалып, халықаралық тағылымдамаларға ондаған стипендия мен гранттар бөлінді.

Мемлекет басшысы бірқатар жас ғалымға пәтер кілттерін табыстап, ғылымды дамыту мемлекеттік саясаттың негізгі басымдықтарының бірі болып қала беретінін атап өтті. Баспана беру туралы шешім зерттеушілерді әлеуметтік қолдауға ғана емес, елдегі тұрақты ғылыми экожүйені қалыптастыруға бағытталған жүйелі шаралардың бір бөлігі болды, – деп хабарлайды Aikyn.kz

Пәтер алғандардың қатарында Қазақстанның қолданбалы және іргелі әлеуетін қалыптастырып жүрген әртүрлі ғылым салаларының өкілдері бар.

31 жастағы Әлішер Мүтәлі Ядролық физика институтында жұмыс істейтін физик. Ол ядролық энергетикаға арналған материалдардың радиациялық төзімділігін зерттеуге маманданған.

7 жылдан астам ғылыми тәжірибесі бар, халықаралық журналдарда 20-дан астам мақаласы жарияланып, 20 ғылыми конференцияда баяндама жасаған. Ол халықаралық гранттардың иегері және бейінді ғылыми форумдардың лауреаты. Оның зерттеулері болашақ энергетикасы үшін маңызды болып табылатын радиациялық әсерлерді модельдеуге бағытталған.

Ақмарал Бейсембаева гуманитарлық ғылым саласының өкілі. 8 жылдық ғылыми қызметінде 60-тан астам жарияланымның, соның ішінде халықаралық басылымдардағы еңбектердің авторы атанды. Ол Қазақстан тарихы бойынша іргелі академиялық еңбектерді дайындауға қатысады, архив деректерін және саяси қуғын-сүргін тақырыбын зерттейді.

Индира Мүсілімова химия саласындағы қолданбалы бағытты ұсынады. Оның зерттеулері суды тазарту және күрделі қоспаларды бөлуде қолданылатын мембраналық технологияларды дамытумен байланысты.

Индира инновациялық материалдар жасау жобаларының ғылыми жетекшісі.

«Қуанышымда шек жоқ. Жаңа пәтер алдық. Жас ғалымдарымызға осындай қолдау көрсетіліп жатқанына өте ризамыз. Президентімізге алғыс айтамыз», - деді ол.

Медет Төлеубаев медицина саласында 16 жылдық тәжірибесі бар ғалым, ғылым мен практиканы қатар алып жүр. Оның зерттеулері клиникалық медицина мәселелеріне, соның ішінде диабеттік табан асқынуларына арналған. Ол кәсіби марапаттардың иегері және медициналық білім беру жүйесінде ғылыми бағытты дамытып келеді.

Рахия Елназарқызы аграрлық ғылым саласында өсімдік шаруашылығының заманауи технологияларын енгізумен айналысады. Оның қазіргі жобасы ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімділігін арттыруға бағытталған, бұл елдің азық-түлік қауіпсіздігімен тікелей байланысты.

«Ғылым саласында жүргеніме 12 жыл болды. Бұл мен үшін үлкен мәртебе. Ең алдымен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлына алғыс айтқым келеді», - деді Рахия Елназарқызы.

Сондай-ақ, елордада жеке баспаналы болған жас ғалымдардың бірі Эльмира Базылханова. Ол Ғылым қызметкерлері күні қарсаңында мұндай үлкен сыйлықты күтпегенін айтты.

«Еліміз Жаңа Конституцияны қабылдаған осынау тарихи кезеңде Президенттің қолынан жаңа пәтер кілтін алдық. Мұндай үлкен сыйлық аламыз деп ойламадық. Ақордада кілтті алғанда қатты қуандық. Қазір жаңа пәтерімізді көріп, толқып тұрмыз. Шексіз ризамыз» - деді ол.

Осылайша, баспана алғандардың қатарында ел үшін маңызды салалар - энергетика, тарих, экология, медицина және ауыл шаруашылығында еңбек етіп жүрген ғалымдар бар. Олардың ғылыми бағыттары мемлекеттік саясаттың басымдықтарын көрсетеді.

Еске сала кетейік, былтыр 271 жас ғалым баспаналы болды. 2025 жылы ғылыми сыйлықтар тағайындалып, халықаралық тағылымдамаларға ондаған стипендия мен гранттар бөлінді.

Сондай-ақ, ғылыми дәрежелер үшін қосымша ақылар енгізіліп, зерттеулерге инвестиция салатын бизнес үшін салықтық ынталандыру шаралары қабылданды.