«Темірлан» тарихи драмасы үлкен экранға шықты

Жылдың ең ауқымды киножобаларының бірі «Темірлан» тарихи экшн-драмасы үлкен экранға жол тартты. Қазақстан, АҚШ және Өзбекстан кинематографистері бірлесе түсірген фильм әлемнің 120 елінде көрсетіледі.

XIV ғасыр. Моңғол империясының ыды­рап, Ұлы Жібек жолының ықпалы әлсі­­реген алмағайып кезең. Дәл осы сын­дарлы сәтте тарих сахнасына жас та болса қайсар мінезімен көзге түскен Әмір Темір шығады. Фильмде аты аңызға айналған қолбасшының қалыптасу жолы, әскери дарыны мен саяси көрегендігі кеңінен көрініс табады. Ол ішкі алауыздық пен әді­летсіздікке қарсы тұрып, қарсыластарына қарсы батыл қадамдарға барады. Нәти­жесінде, әлсіреген билік жүйесін күйретіп, өз дәуірінің жаңа тәртібін орнатады. Кар­тина тек тарихи оқиғаларды тізбелеумен шектелмей, Әмір Темір тұлғасының күрделі болмысын, оның билік жолындағы ше­шу­ші қадамдары мен көзсіз ерліктерін тере­ңі­рек ашуға талпыныс жасайды.

Фильм режиссері – Джейкоб Шварц. Ал басты рөлді сомдаушы әрі сценарий автор­ларының бірі – Кристиан Мортенсен. Фильм­де Темірланның одақтасы әрі кейін қарсыласына айналған Әмір Хұсайынның бейнесін Махеш Джаду сомдаған. Ол кө­рерменге The Witcher және Marco Polo жо­ба­лары арқылы жақсы таныс. Ал Темір­лан­ның көп жылғы қарсыласы хан Ілияс Қо­жа­ның рөлін Джошуа Джо, әйелінің рө­лін танымал өзбек актрисасы Юлдуз Рад­жабова алып шықты. Халықаралық жо­баға шетелдік жұлдыздармен қатар Ерке­бұлан Дайыров, Асан Мәжит, Мақсат Сәбит, Санжар Мәди, Әзиз Бейшеналиев, Жандос Айбасов сынды қазақстандық танымал актерлер де қатыс­қан. Сондай-ақ атты әскер қатысатын күр­делі сахналарды орындау үшін Nomad Stunts каскадерлер тобы тартылған.

Туынды авторлары тарихи тұлғаның қоғамдық рөлінен гөрі, оның адами бол­мысына үңілуді басты назарға алғанын ай­тады. Фильмде әлем таныған Темір емес, жа­қындары таныған Темір бейнесін көр­сету басымырақ. Жеке қарым-қатынас­тар­ды, ішкі қайшылықтар мен эмоциялық байла­ныстарды көрсету арқылы тарихи тұлғаның шынайы болмысы айқындала түседі.

– Әмір Темір бейнесі бұл фильмде жау­лаушы не қатал қолбасшы ретінде емес, ең алдымен, жеке тұлға ретінде ашылады. Ол әке рөлінде қандай болды? Күйеу ретінде ше? Жақындарына қандай тұлға болды? Мәдени контексте ол кім? Яғни, оны әлем қалай таныды дегеннен бұрын, оны өз ор­тасы, жақындары қалай қабылдады деген сауал алға шығады. Жеке қарым-қатынас­тарды түсіну арқылы эмоциялық тереңдікті қалай қалыптастыруға болады? Мәселе осында. «Темірлан» – Ұлы Жібек жолы мен Орталық Азия кеңістігі секілді мульти­мәдени жоба. Бұл ерекшелік экраннан ғана емес, түсірілім алаңындағы атмосферадан да сезілді, – деді Кристиан Мортенсен.

Картинаның атқарушы продюсері Бех­руз Хамзаев өз сөзінде тарихи мұраға деген көзқарастың өзгеруге тиіс екенін атап өтті. Оның сөзінше, Әмір Темір тұлғасы мен Ұлы Жібек жолы секілді тарихи құнды­лық­тар – аймақ халықтарына ортақ мұра. 

– Өзбекстан, АҚШ және Қазақстан кинематографистерінің басын қосқан бұл бастама Орталық Азия киносы үшін бірегей құбылыс. Біз осы тарихпен өстік. Әмір Темір – біздікі. Ұлы Жібек жолы – біз­дікі. Бүкіл әлем бұл туралы өзгелердің оқулығынан емес, біздің аузымыздан ести­тін уақыт жетті, – деді Бехруз Хамзаев. 

Фильмде негізгі рөлдердің бірін сом­даған Джошуа Джо алдағы уақытта Қазақ­станға қайта оралып, жаңа жобаларға қа­тысуға ниетті екенін жеткізді. 

– Менің түп-тамырым Оңтүстік Корея­дан, ал қазір Ұлыбританияда тұрамын. Мұнда қайта оралғаныма өте қуанышты­мын, себебі әдетте еуропалық актерлермен жұмыс істеймін. Көбіне өзімді сырт адам­дай, бөтендей сезінетін кездер болады. Бі­рақ осы фильм жобасына алғаш келгенде, адамдар менен «қазақсың ба?» деп сұрады. Бұл мен үшін үлкен мақтау сияқты әсер етті. Өзімді осы елдің, осы халықтың бір бөлшегі ретінде сезіндім. Сондықтан алдағы уақытта тағы да жаңа жобалармен осында келіп жұмыс істегім келеді, – деді Джошуа Джо.

Туындының түсірілім жұмысы Хиуа қаласының ортағасырлық көне көшелері мен Алматы маңындағы тау бөктерінде өткен. Мәселен, Алматы іргесінде Әмір Темірдің қолбасшылық өміріндегі маңызды «Лайлы» шайқасы таспаланған. Тарихи деректерде бұл оның жеңіліс тапқан жалғыз шайқасы ретінде сипатталады. 

Алтынай БАУЫРЖАНҚЫЗЫ,

Алматы қаласы