Инклюзия: шектеу емес, мүмкіндік

Қоғамдағы ең маңызды тақырыптардың бірі – инклюзивті білім беру мәселесі күн тәртібінен түспейтін деңгейге жетті. Бұрын бұл ұғым тар шеңберде талқыланса, бүгінде мемлекеттік саясаттың өзегіне айналып отыр. Бірақ қағаздағы реформалар мен өмірдегі өзгерістің арасы әрдайым бірдей бола бермейтіні де белгілі.

Биыл Қызылорда қала­сын­да өткен Ұлттық құрыл­тай­да Ғылым және жоғары білім ми­нистрі Саясат Нұрбек бүй деді: «Бұ­рын дәстүрлі педагогикада кор­рекциялық педагогика сия­қ­ты арнайы мамандандырылған ба­ғыттар болған еді. Біз қазір пе­­дагогикалық жоғары оқу орын­дарын бітіріп шыққан әрбір ма­ман­ды инклюзияның не екенін білу­ге тек теориялық форматта емес, кез келген баламен жұмыс іс­теуге, соның ішінде арнайы та­ла­бы бар балалармен жұмыс іс­теу­ге дайындауымыз керек еке­ні­не көзіміз жетті. Сол үшін оқу жос­парын түбегейлі өзгерттік. Ен­ді инклюзия принциптері, әдіс­темесі үйретіледі. Бұрын ар­найы бағыттарға үйретілген нәр­селер енді жаппай үйретіледі. Ке­лесі жылы сол бағдарламамен оқып жатқан студенттер оқу біті­ре­ді. Әрі қарай нәтижесін көре­міз».

Бұл мәлімдеме инклюзияның ен­ді жекелеген мамандардың емес, бүкіл білім беру жүйесінің жауап­кершілігіне айналғанын көр­сетеді. Яғни, «ерекше балаға» ар­найы маман ғана емес, кез кел­ген мұғалім дайын болуға тиіс де­­ген жаңа парадигма қалыпта­сып келеді.

Инклюзивті білім беруді зерт­теп жүрген маман Лаура Бұта­баева­ның «фб» парақшасындағы мы­на пікірі қоғамның назарын ау­даруға тұрарлықтай деп ой­лай­мыз. «Мүмкіндігі шектеулі сту­дент колледжде немесе басқа бі­лім беру ұйымында оқып жүрсе, ол «ерекше жағдай» емес. Ол жай ға­на студент. Оның сапалы білім алуы үшін ерекше қарым-қа­ты­нас емес, ең алдымен, қажетті жағ­дайлар жасалуы маңызды. Сон­да ол да басқа студенттер сияқ­ты білім алып, дамып, өз мүм­кіндігін пайдалана алады. Бұл қағида күнделікті өмірде де дәл солай.

Мысалы, мүгедектер арба­сын­­­дағы адам кинотеатрға келсе, бұл – аяушылық танытатын жағ­дай емес. Ол жай ғана фильм кө­­ру­ге келген көрермен. Сіз крес­ло­да отырсыз, ал ол өз арбасында оты­рып фильм көреді. Егер оған қа­жетті жағдайлар жасалған бол­са, ол да бәрімен бірге сол кеңіс­тік­те еркін бола алады. Осындай қа­рапайым дүниелердің өзі инк­лю­зивті мәдениетті қалып­тас­ты­рады. Бұл –  әртүрлі адамдар қо­ғам­­ның табиғи бөлігі болып са­­налатын мәдениет. Сондықтан инклюзия тек мүгедектік туралы мәселе емес. Бұл – қадір-қасиет, құр­мет және тең мүмкіндіктер ту­ралы. Ол пандустардан баста­л­май­ды, біздің адамға деген көз­қа­расымыздан басталады», – дейді ол.

Шынында да, инклюзия тек инфрақұрылыммен шек­телетін мәселе емес. Бұл – ең ал­дымен, сана мәселесі. Қоғам «ерек­ше» деген ұғымнан арылып, әр адамды тең қабылдауға көш­кенде ғана шынайы инклюзия туралы айтуға болады.

Соңғы жылдары бұл бағытта нақ­ты институционалдық қадам­дар да жасалып жатыр. 2023 жы­лы Оқу-ағарту министрлігінің жа­­нынан Инклюзивті және ар­найы білім беру департаменті құ­­рылды. Бұл құрылымдық бө­лім­­шенің мақсаты әр баланың даму ерекшеліктеріне қарамастан са­палы және қолжетімді білім алу құ­қығын қамтамасыз ету мә­се­лелерін жүйелі шешу болды.

Бір жарым жылдың ішінде ат­қарылған жұмыстар аз емес. Нор­мативтік-құқықтық база қай­та қаралып, бұрынғыдай фраг­мент­тік сипаттан арылуға талпы­ныс жасалды. Ерекше білім бе­­­­ру­ді қажет ететін балаларды ба­ғалау­дың бірыңғай тәсілдері ен­гізіліп, қолдау жүйесі біріз­ден­дірілді.

Мектептерде арнайы пе­да­гог, педагог-ассис­тент, жеке көмекші сияқты жаңа штат бірліктерінің енгізілуі – фор­­­­малды емес, нақты қолдаудың кө­рінісі. Бүгінде мыңдаған бала пси­­хологиялық-педагогикалық сүйе­мелдеумен қамтылып отыр. Үш деңгейлі қолдау моделі енгі­зіліп, жүздеген арнайы кабинет ашыл­ды. Бұл – инклюзияның қа­­ғаз жүзінде ғана емес, практи­ка­­лық деңгейде де жүзеге аса бас­­тағанын білдіреді.

Сонымен қатар халықаралық мін­­деттемелер де назардан тыс қал­­ған жоқ. БҰҰ-ның Мүге­дек­тер­­дің құқықтары туралы кон­вен­ция­сы аясындағы ұлттық есеп дайындалып, 2025-2030 жылдарға ар­налған инклюзивті саясат тұ­жы­рым­дамасына арнайы бөлім ен­гізілді. Тіпті «Мүмкіндіктері шек­теулі балаларды (адамдарды) ке­шенді қолдау туралы» заң жо­ба­сының әзірленуі – білім беру, ден­саулық сақтау және әлеуметтік қор­ғау жүйелерін біріктіруге ба­ғыт­талған маңызды қадам.

Алайда жүйе қанша жетіл­діріл­се де, оның өміршеңдігі прак­­­­ти­ка­мен өлшенеді. Бұл тұр­ғы­да сала ішін­де жүрген маман­дар­дың пікірі ерекше маңызды.

«Біз инклюзивті білім беру са­­­ласында үш маман бірігіп, осы оқу жылында Алматы қаласы Ала­тау ауданынан «Бір әлем» инклюзивті мектебі» қоғамдық бір­лестігін аштық. Мектептің жа­нында «Бір әлем» түзету-да­мыту орталығы да жұмыс істеп жа­тыр. Инклюзивті білім берудегі ең маңызды нәрсе – ерекше қа­жет­тілігі бар баланы қоғаммен қа­рым-қатынас жасауға, ортаға бейімделуге, өз ойын жеткізуге үй­рету. Сол кезде олар да өздерін қо­ғамның толыққанды мүшесі ре­тінде сезінеді. Бұл сенім бола­шақ­та олардың мамандық таң­дауы­на, жоғары оқу орындарына түсу­ге, еңбекке араласуға, өз бе­тін­ше өмір сүруге негіз болады деп есептеймін», – дейді «Бір әлем» инклюзивті мектебі» қо­ғам­­дық бірлестігінің құрылтай­шы­сы Ұлбала Бектемір.

Оның айтуынша, ерекше білімді қажет ететін бала­ларды шартты түрде жеңіл, орта­ша және ауыр топтарға бөлу – тек пе­дагогикалық тәсіл. Бірақ бұл олар­дың мүмкіндігін шектеу де­ген сөз емес. Керісінше, дұрыс ба­ғыт пен тұрақты қолдау болған жағ­дайда көптеген бала үлкен ж­е­тістіктерге жете алады.

Дегенмен мәселе толық ше­шіл­ді деуге әлі ерте. Өңірлердегі ма­ман тапшылығы – ең өткір проб­лемалардың бірі. Дефек­то­лог, логопед, тьютор, аватерапевт, психолог сияқты тар бағыттағы мамандар барлық өңірде бірдей қолжетімді емес. Сонымен қатар өңірлерде мектептердің мате­риал­дық-техникалық базасы да әр­келкі. Кей жерде сенсорлық ка­бинеттер мен арнайы құрал-жабдықтар жетіспейді.

Тағы бір маңызды мәселе – қо­ғамның көзқарасы. Көп жағ­дай­да ата-аналар да, қоғам да ба­ла­ның мүмкіндігін диагноз ар­қы­лы ғана бағалап, оның әлеуе­­тін елемей жатады. Ал инк­лю­­­­зияның түпкі мәні – дәл осы сте­реотиптерді бұзу.

«Бүгінде мектеп жасындағы ба­­лалардың уайым-қайғысыз бі­лім алуына ерекше көңіл бөлінеді. Со­ған сай мемлекет тарапынан жа­салып жатқан қолдау көп. Әсіресе, бүгінгі қазақ қоғамының іргесі ажырамас бір бөлігі, мектеп жасындағы ерекше білім беруді (еббқ) қажет ететін оқушыларға жа­салып жатқан игі істерді атап өтуі­міз керек. Бұл балалардың өз құр­бы-құрдастарымен бірге өсіп-жетілуі, білім алуы – болашақ же­­­­­тістіктерге жол ашатын мүм­кін­дік. Мектеп жасындағы ерек­ше білім беруді (еббқ) қажет ете­тін оқушыларға білім беру ар­найы бекітілген стандарттарға сәй­кес, жеке оқу және бейімдел­ген оқу бағдарламасы сынды екі бөлікке бөліп ұйымдастырылады. 

Жеке оқитын балаларға да, бейімделген оқу бағ­дар­ламасымен оқитын балаларға да мектеп тарапынан ыңғайлы жағ­дай жасалады. Оларға жеке да­му жоспары жасалып, кедер­гі­сіз ортада білім алуы қадағаланып, психологиялық-педагогикалық сүйе­мелдеумен, мониторинг жә­не арнайы бағалау жүргізіле оты­рып білім беріледі. Жалпы сы­нып­пен бірге, күнделікті, дәс­­­түрлі оқыту фор­масы ретінде оқу процесі жүр­гізіледі. Ал сыныптағы оқушы­лар­дың ынтымағы, береке-бір­лігі, бір-біріне деген ықыласы, жа­нашырлығы бөлек әңгіме. Арнайы мамандармен қамтылған, адамшылыққа, бауырмалдыққа бейімделген жұмыс нәтижесіз бол­­­мақ емес деп есептеймін», – дей­ді Астанадағы Смағұл Сәдуа­қас­ұлы атындағы №78 мектеп-гимназияның қазақ тілі мен әде­­­­биеті пәнінің мұғалімі Мұқият Қойшыбай. 

Мұғалімнің сөзінен бай­қа­ға­ны­мыз, мектептегі инклюзия – тек оқу процесі емес, сонымен қатар әлеуметтік орта қалыптастыру. Ба­­лалардың бір-біріне деген жа­на­шырлығы мен түсіністігі. Бұл – кез келген бағдарламадан да маңыз­­ды фактор. Қорытындылай айт­қанда, Қазақстандағы инк­лю­зив­ті білім беру жүйесі қалыптасу ке­зеңінен өтіп, енді сапалық транс­фор­мацияға бет алып келе­ді. Бірақ бұл жолда инфрақұры­лым мен заңнан бұрын сана өз­геруі керек.

Өйткені инклюзия – арнайы жағ­дай жасау емес, қалыпты жағ­дайды барлық адамға қолжетімді ету. Ал ондай қоғамды құруды тек мем­лекетке сүйеп қоюға бол­май­ды. Оған қоғамның әрбір мүшесі жауапты болуы керек.

Айгүл СЕЙІЛ