Бұл көрсеткіш бүгінде елімізде ғылым жолын таңдаған әйелдердің қатары айтарлықтай артқанын көрсетеді. Қазақстан ғылымының дамуына сүбелі үлес қосып жүрген көрнекті ғалым, биотехнология саласының білгірі Күнсұлу Закариямен сұхбаттастық. Кейіпкер әңгіме барысында өз тәжірибесіне сүйене отырып, ғылымдағы кездесетін кедергілер мен мүмкіндіктер, STEM саласына қыздардың батыл қадам басуы туралы айтты.
– Күнсұлу ханым, қазақ ғылымында жүрген қазақ қыздары көп емес секілді. «Білім – инемен құдық қазғандай» дейтін халық мақалын ғылымға қатысты да айтуға болады. Осы бір қиын саланы таңдауыңыздың сыры неде?
– Қазақ ғылымында жұмыс істеп жатқан қазақ қыздары көп екен. Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның соңғы деректері бойынша Қазақстан ғылымындағы әйелдердің үлесі 55,6%-ды құрайды, бұл – өте жоғары көрсеткіш. Салыстыру үшін – Латын Америкасы елдерінде – 45-55%, Еуропада, Қытайда және Ресейде – 30-40%. Әйелдердің ең аз саны АҚШ-та (20%) және Жапонияда (14%).
Парадокс мынада: Қазақстанда ғылым саласындағы әйелдер санының басым болуына қарамастан, олардың көпшілігі төменгі және орта деңгейлерде қалады, ал ғылыми-зерттеу орталықтары мен институттарын басқару деңгейіне аз ғана бөлігі жетеді.
Дамыған елдерде ғылымда, әсіресе STEM (Science, Technology, Engineering, Mathematics) саласында әйелдердің үлесі төмен. Оның себебі құрылымдық кедергілерге, әлеуметтік стереотиптерге және әйелдердің мансапты отбасымен біріктіру қиындықтарына байланысты. Сондықтан уақыт өте келе олардың бір бөлігі ғылымнан кетеді. Білім берудегі теңдікке қарамастан сексизм, менторлардың болмауы және еңбекақы алшақтығы әйелдердің басшылық позицияларға ілгерілеуіне кедергі келтіруде.
Дамыған елдерде ғылым саласындағы әйелдер үлесінің төмен болуының бірқатар жүйелі себептері бар. Соның ең бастысы – «қайшы әсері» деп аталатын құбылыс. Яғни, ғылыми мансаптың жоғары сатыларына көтерілген сайын әйел зерттеушілердің саны күрт азаяды. Статистика да осыны айқын көрсетеді: жоғары оқу орындарын тәмамдаған түлектердің шамамен 53 пайызын әйелдер құрағанымен, ғылыми-зерттеу саласында олардың үлесі небәрі 28-30 пайыз шамасында қалып отыр. Әлеуметтік стереотиптер бойынша қыздар бала кезінен бастап STEM салаларымен аз танысады, ал ғылыми-зерттеу мансабы көбінесе «ер» мамандығы ретінде қабылданады. Одан бөлек, жоғары академиялық ұтқырлыққа қойылатын талаптар, ұзақ жұмыс уақыты және ұзақмерзімді жобаларда жұмыс істеудің балаларды дүниеге әкелумен үйлесуі қиын. STEM ғылымындағы әйелдер көбінесе улы ортаға, жалдау және жылжыту кезінде біржақтылыққа, сондай-ақ әріптестерінің қолдауы да аз. Жоғары басшылық лауазымдардағы (ғылыми-зерттеу институттарының директорлары, профессорлар, зертхана меңгерушілері) әйелдер санының аздығы жас әйел зерттеушілерге үлгі болатын тұлға қалыптастыра алмай отыр.
Бала кезінде жасөспірім қандай маман иелері көп көреді: тәрбиеші, мұғалім, дәрігер, полиция және басқалар. Менің ойымша, баланың «Мен ғалым болғым келеді» деп айтуы сирек, себебі бұл мамандықты жас кезінде түсіну қиын. Мен де ерекше болмадым, бала кезімде ғалым болуды армандаған емеспін, менің басқа армандарым болды. Тағдыр мені біртіндеп ғылым әлеміне әкелді. Бұл менің «маңдайыма жазылған» деп ойлаймын.
Ғылым үнемі жаңарып отыруға тиіс
– Биотехнология саласында жүрген қазақ ғалымдары көп пе? Бұл саланың қиындығы қандай?
– Соңғы онжылдықта биотехнология мамандығы бойынша студенттерді қабылдау жыл сайын артып келеді. Оқуды бітіргеннен кейін кейбіреулері ары қарай жалғастырады. 2025 жылы «Биотехнология» бағдарламасы бойынша магистратура мен PhD докторантураға грант саны 170 адам болса, қалғаны ақылы оқуға түсіп, нәтижесінде шамамен 250-дей бала оқытылады. Бұлар жыл сайын ғылымға келіп, ғалымдар қатарына қосылуы мүмкін. Осыдан бір сұрақ туындайды, егер бізде биотехнология жеке ғылым ретінде тіркелмесе, бізге осындай көп биотехнологтар дайындау керек пе? Бұл нені білдіреді? Бұл дегеніміз – химия, мұнай, құрылыс, ауыл шаруашылығы және басқа да салалар бар да, бірақ биотехнология қызмет түрі ретінде жоқ.
Биотехнология – күрделі ғылым, өйткені ол жасушалық және молекулалық биологияның, молекулалық генетика мен инженерияның, биохимия мен биоорганикалық химияның қиылысында орналасқан. Биология, химия және техника қиылысында пәнаралық білімдерді меңгеру қажеттілігіне байланысты биотехнологтарды дайындау өте күрделі. Студенттер қарқынды теориялық біліммен, зертханаларда жұмыс істеу кезіндегі қатаң қауіпсіздік талаптарымен, ұзақмерзімді оқытумен және үнемі технологиялық дамуымен бетпе-бет кездеседі.
Кез келген ғылым сияқты биотехнология да үздіксіз дамып, бұрын-соңды болмаған биіктерге жетіп келеді. Осылайша, соңғы онжылдықтарда табиғи түрде клондау деңгейіне жетіп, бұл салада белгілі бір жетістіктерге қол жеткізді. Адамның өмірлік маңызды мүшелерін (бауыр, бүйрек) клондау емдеуге, толық қалпына келтіруге және өмір сүру сапасын жақсартуға мүмкіндік берді.
Бүгінде биотехнология жаңа әдістерді үнемі зерттеуді қажет ететін қарқынды дамып келе жатқан сала болып есептеледі, сондықтан білім тез ескіруге бейім. Университет оқулықтары мен оқу құралдары жаңа білімді көрсету үшін жаңартылып үлгермей жатады, сол себептен түлектер қазіргі жағдайға сәйкес келмейтін ескі оқулықтарды қанағат тұтады. Оның үстіне, биотехнологты даярлау тек интеллектуалдық күш-жігерді ғана емес, сонымен қатар заманауи жоғары технологиялық жабдықтармен жұмыс істеуді де қажет етеді. Сондықтан биотехнология бағдарламаларын ұсынатын университеттерге оқу әдебиеттері мен жабдықтарын жүйелі түрде созбай жедел жаңартуға кеңес берер едік.
– Жалпы, ғылымға келу жолыңыз қалай басталды? Әдетте, ата-аналар балаларының ғалым емес, мұғалім, дәрігер болатынын қалайтын еді. Сіздің ата-анаңыз таңдауыңызға қарсы болмады ма?
– Бұл шешімге ешкім және ештеңе әдейі әсер еткен жоқ. Менің анам Жансұлу Әбутәліпқызы жарты ғасырға жуық химия-биология пәнінің мұғалімі болды. Құрметті ұстаз, ұстаз-методист, еңбек ардагері. Мен 5-6 жаста едім, оқу мен жазуды бұрыннан білем. Жазда балабақша жөндеуге жабылып, мені үйде қалдыратын ешкім болмағандықтан, анамның сыныбының артқы қатарында отыратын едім. Химия емтихандарына дайындалатын кез де келген. Анам 8-10 сынып оқушыларына процесті формулаларды тағы да түсіндіріп жатты. Ең таңғаларлығы, мен оның түсіндірмелерін түсінетін сияқтымын (ол менің анам болғасын түсінген шығармын) немесе формулаларды түсінбей автоматты түрде жаттап алуым да мүмкін, қазір нақты есімде жоқ.
Анам әлі күнге таңғалатын бір қызықты оқиға болды. Соңғы партада жанымда жоғары сынып оқушысы отырды, ол химияны көп түсіне бермейтін. Бақылау жұмысында химиялық формулаларды қалай жазатынын білмей отырған еді. Мен, 6 жасар бала, оған жауап беруге көмектестім. Жақсы баға алғаннан кейін, анам одан кімнен көшіріп алғанын сұрайды. Ол: «Сіздің қызыңыздан», – деп жауап берді. Анам оған сенбей, бұл жауапты әзіл деп қабылдап, қоя салды.
Айтпақшы, студент кезімде Мәскеудегі химия пәнінен Бүкілодақтық олимпиадаға қатысып, өз секциясында бірінші орынға ие болдым, ол кезде бұл керемет жетістік болып саналып, мені факультетте салтанатты түрде қарсы алды. Менің студенттік жұмысымның жетекшілері: химия ғылымдарының докторы, профессор Нұрым Бөкейханов (Әлихан Бөкейхановтың немере інісі), оның жұбайы, химия ғылымдарының кандидаты Инна Чмырь және химия ғылымдарының докторы, профессор Арыстан Сәрсенов болды. Кандидаттық диссертацияны орындау қиын 90-шы жылдардың басына тура келді. Бір жылға жуық жалақы алмай, азық-түлік талондары арқылы тамақ алып жүрдік, жарық кезекпен ажыратылып тұрған, үлкен күйзеліске тап болдық. Ғалымдардың ғылымнан жаппай кеткен мезгілі болған, барлығы тамақ пен жақсы өмір іздеді. Әрине, сонау ауыр кезеңде, жалақы мен зейнетақы тұрақты төленбеген 90-шы жылдар басында ғылымды қаржыландыру болмаған. Біздің топ, барлығымыз бесеуміз, өзіміздің онсызда аз қаражатымыздан бөліп, біріктіріп реактивтер, материалдар, мал азығы және зертханалық жануарлардың өзін сатып алып жүргенбіз. Көбі, бізді ақыл-есі сау емес деп санаған да болар. Бұл кезеңде адамдар тіпті азық-түлік таба алмай жатқан, біз өз тамағымыздан жырып, оны зертханалық жа- нуарларға бердік. Ал бұл оншақты емес, бірнеше есе көп жануар және оларды нұсқауларға сәйкес толық тамақтандыру керек болды. Егер эксперимент іске аспаса, жаңасын сатып алып, бәрін қайта қайталауға тура келетін еді.
Жалпы, менің ата-анам өмірлік таңдауымызға ешқашан қысым көрсеткен емес. Әкем мен анам түрлі жағдайда қалай әрекет ету керектігін түсіндіріп, бағыт-бағдар беретін, бірақ соңғы шешімді өзімізге қабылдауға мүмкіндік жасайтын. «Ойлан, дұрыс таңдау жаса, оның жауапкершілігін де өзің арқалайсың» деген ұстаным біздің әр қадамымызды саралап, болашағымызды бағамдауға үйретті. Осындай тәрбиенің арқасында жауапкершілік сезімі ерте қалыптасты.
QazVac-қа кей ғалымдар сенбеді
– Ковид Қазақстанды ғана емес, әлемді дүр сілкіндірді. Ковидке қарсы вакцина жасау ғалымдарға берілген ең үлкен мүмкіндік еді. Бір сөзіңізде: «Өз вакцинамызды QazVac әзірлеп, адамзатты қорғау үшін барымызды салдық», – деген едіңіз. Зерттеу барысында қиындықтар көп кездесті ме?
– Коронавирус инфекциясына қарсы QazVac вакцинасын әзірлеу процесінде ең қиындығы – отандық ғалымдардың күшіне сенбеу болды. Парадокс, біраз жекелеген ғалым әріптестеріміз де бізге сенбеді.
Тағы бір қиындық, сол кездегі антиваксерлермен сот процестері күрделі болды. Қазақстанның солтүстік аймақтарынан келген 20-60 адамның бірнеше топтық талап арыздарының кесірінен бір минут бос уақыты жоқ маған сот отырыстарына қатысуыма тура келді. Интернетті ашсаңыз, өзіңіз де көресіз. Полиэмелит ауруы туралы қарасаңыз, қаншама адам мүгедек болды, біз тек вакцинаның көмегімен ғана жеңіске жеттік. Ал жүздеген миллион адамды қырған оба мен қара шешек вакциналардың көмегімен ғана тоқтатылды. Денсаулық сақтау министрлігінде, ұлттық дәрілік заттарды сараптау жөніндегі мемлекеттік сараптама ұйымында ешкім жауапкершілікті өз мойнына алғысы келмеді, барлығы жоғарыдан тапсырма күтті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың вакцина жасау, ережелерді өзгерту, иммунобиологиялық зауыт салу және отандық ғалымдарға әлеуметтік қолдау көрсету туралы тапсырмасынан кейін ғана істер алға жылжып, процесс басталды. Шын мәнінде, Мемлекет басшысының көмегі мен қолдауы болмаса, QazVac вакцинасы болмас еді және біз миллиондаған адамның өмірін сақтап, қала алмас едік.
Сонымен, 2021 жылы Қазақстанның денсаулық сақтау жүйесі ең төменгі деңгейде, яғни 1-деңгейде болды. Бұл 30 жылдан астам уақыт бойы денсаулық сақтау стандартын көтеруді ешкім ойламағанын білдіреді. Ол кезде Премьер-министрдің орынбасары Е.Тоғжановтың басшылығымен процесс орнынан жылжып, 2022 жылы денсаулық сақтау жүйесі ДДҰ-ның жетілгендігінің 2-ші деңгейіне көтерді. Жол картасы жасалды, ол бойынша Денсаулық сақтау министрлігі 2025 жылы жетілудің 3-деңгейіне өтуге тиіс еді. Бірақ пандемия біткен соң, Жол картасы аяқсыз қалды.
Мемлекет басшысының кеңесшісі болған кезімде бұл сұрақты қайта көтердім әрі жұмыс барысын қадағаладым. Осы жақын күндері ғана 2026 жылдың 30 наурызында отандық денсаулық сақтау жүйесі жетілгендігінің 3-деңгейіне ие болды. Бұл жетістікке жеткенше, қаншама теріс пікірлерді естідім, «осы сізге не керек?» дегендер де болды.
Дегенмен түрлі пікірлерге қарамастан, отандық денсаулық сақтау жүйесін 1-ші жетілу деңгейінен 2-деңгейіне, одан әрі 3-деңгейіне өтуіне қарқынды еңбек жасадым. Егер кезінде 3-ші жетілу деңгейіне жеткенде, отандық дәрілік өнімдерді тіркей алар едік. Қазіргі уақытта Қазақстанда ДДҰ-да тіркелген бірде-бір отандық дәрі жоқ. Ғалымдар не фармкомпаниялар өз бетімен Денсаулық сақтау министрлігі көмегінсіз, бұл күрделі сұрақтарды шеше алмайды. Отандық дәрілерді халықаралық дәрежеге көтеру үшін Денсаулық сақтау министрлігі бұл мәселені тез арада қолға алып шешуі керек деп ойлаймын.
– Қазақ ғылымының даму деңгейі туралы әртүрлі пікірлер айтылады. Тіпті, мықты ғалымдарымыздың шетелдерге жиі кетіп жатқаны туралы да сөз көп. Шын мәнінде, елімізде ғылымға, ғылымның дамуына деген көзқарас қандай?
– Соңғы жеті жылда Қазақстан ғылымында көп институционалды жақсы нәрселер жасалды. «Ғылым және технологиялық саясат туралы» жаңа заң қабылданды, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясы құрылды, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Ұлттық ғылым кеңесі құрылды. 2025-2027 жылдарға арналған қолданбалы ғылымға мемлекеттік қаржыландыру 531,1 млрд теңгеге дейін ұлғайтылды.
Сонымен қатар шешілмеген мәселелер бар. Ондаған жылдар бойы жинақталған проблемаларды бірден шешу қиын, бірақ оларды асығыс емес, керісінше саналы, әдістемелік және жүйелі түрде шешу керек деп ойлаймын. Тәуелсіздік алған 30 жылдан астам уақыт ішінде ғалымдарымыз алдына нақты нәтижелерге қол жеткізіп, экономикаға нақты үлес қосу міндетін ешкім қойған емес. Ғылыми ортада «грант жегіштер» деген термин бар, иә, бұл – қорлау, бірақ көп жағдайда бұл – шындық. Ғылыми экожүйені оперативті бақылап, бағыттау (ғалымның қандай экономикаға үлесі, пайдасы бар екенін анықтау үшін) үшін Ғылым министрлігі ғылымды цифрлық форматқа тез арада көшіру керек. Мемлекет басшысының кеңесшісі болған кезімде ғылымды цифрландыру сұрағын ұсындым, қолымнан келгенше қадағаладым. Осы цифрландыру мәселесінде Ғылым министрлігі әрекет етіп жатыр, бірақ өте баяу.
Неліктен жастар шетелге кетеді? Бұл өте қиын сұрақ. Дәл қазір «ми қуаты» үшін жаһандық бәсекелестік бар. Көптеген елдер талантты мамандарды тартып, жұмысқа алуда. Осының аясында бізде білікті ғылыми кадрлардың, әсіресе жастардың кетуі байқалады. Негізінде бірнеше себеп бар. Мысалы, жас ғалым шетелде озық зертханада білім алып, жұмыс істегенді қалайды. Ол мықты ғалымдармен жұмыс істеп, қуатты жабдықтармен, озық зерттеулермен айналыса алады әрі жалақысы да жоғары. Ол әлі жас, кәсіби өсуге құштар, үлкен ғылыми жетістіктерге жетуді армандайды. Ғылымда қандай мәселелер болса да, қандай қиындықтар болса да, біз ғылымды көтеруге міндеттіміз, өйткені мықты ел – ол ғылыми базасы дамыған, заманауи және технологиялық жағынан тәуелсіз ел.
– Жас ғалымдардың, яғни жастардың ғылымға көптеп бет бұруына жағдай жасалған ба? Жалпы, жастар ғылымға қызыға ма?
– Ғылымды дамыту Қазақстан үшін басты басымдықтардың бірі болып саналады. Мемлекет басшысының тапсырмасымен ғылыми-зерттеулерді қаржыландыру ұлғайып, ғылыми ұйымдар жаңғыртылып, шетелде тағылымдамадан өтушілер саны көбейіп, ғылымды жастар үшін тартымды етуде. Ғылыми қызметкерлердің саны 25,4 мың адамға жетті, оның 46%-ы – жас ғалымдар.
Мемлекет ғалымдарға, оның ішінде жас ғалымдарға жан-жақты қолдау көрсетуде. Мәселен, Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмасымен олардың әлеуметтік жағдайын жақсарту және жас кадрлардың ғылымға келуін ынталандыру мақсатында 2024 жылы 315 жас ғалым пәтерге ие болды. Оның 290-ы «Отбасы банкімен» бірлесіп жүзеге асырған арнайы ипотекалық бағдарлама бойынша баспана алса, 25-і тегін алған. 2025 жылдың басынан бері 36 жас ғалым тегін пәтер алды. Бұл – жас ғалымдар үшін өте үлкен қолдау.
Мемлекет басшысының жыл сайын 500 ғалымның әлемдік жетекші ғылыми орталықтарда тағылымдамадан өтуін қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмасын орындау мақсатында шетелде ғылыми тағылымдамадан өту бағдарламасы іске қосылды. Сондай-ақ «Жас Ғалым» бағдарламасы жүзеге асырылуда. Ғылым докторларын даярлауға мемлекеттік білім беру сұранысы артып келеді. Соңғы жылдары ғылымда жастардың өсу қарқынында айтарлықтай оң үрдіс байқалып келеді.
Армансыз адам болмайды
– Сіздің есім-сойыңыз қызық: Күнсұлу Дальтонқызы Закария. Әкеңіздің ұлты қандай?
– Әкемнің әкесінің аты, яғни туған атамның аты – Закария. Білетін шығарсыздар, Аллаһтың жіберген шын пайғамбарларының бірі – Закария (ғ.с.) еді. Атам Закария Қалиұлы (1900-1936) жоғары білімді адам болған, Орынбор мен Саратовтағы семинарияларда оқыған, Ленинград халық шаруашылығы институтын бітірген (қазір бұл Санкт-Петербор мемлекеттік экономика университеті (СПбГЭУ), «Астық шаруашылығының экономисі» мамандығы бойынша (1925-1931), «Еңбекшіл Қазақ» газетінің корреспонденті болған, Қазақ қамсыздандыру халық комиссариатының (КазНаркомСнаб) өнеркәсіптік тобының бастығы болды (1931-1933), 1930 жылдардағы аштықпен күресуге қатысты.
Отбасылық аңыз бойынша, әкемнің атын атам студенттік досы Дальтонның құрметіне қойған. Әкем 1934 жылы дүниеге келген, екі жасында әкесіз қалғандықтан, бұл әңгімені өзі ести алмады. Таныстары, достары есімін қазақ тіліне ауыстыруды бірнеше рет ұсынды. Бейтаныс адамдар осы атпен мүлдем мазақтап, әзілдеген де екен. Бірақ Дальтон есімі – бұл әкесінен қалған жалғыз мұра еді. Әкем мен анам жағынан жетінші буынға дейінгі ата-бабаларымыз – қазақтар. Анам – батыстың қазағы, рухы өте мықты, батыл, турашыл, талапшыл, қайсар, жауынгер мінезді. Мен өз халқымды өте жақсы көремін және қазақ болғаныма, Ұлы даланың қызы екеніме мақтанамын.
– Егер сіз биотехнология саласын таңдамағанда, қай салаға бет бұрар едіңіз?
– Егер мен бала шағымда әскери, сарбаз болғым келді десем, таңғалатын шығарсыз. Әкем: «Генерал болуды армандамайтын сарбаз – жаман сарбаз» деп жиі айтатын. Ал мен генерал болуды армандадым (күледі). Шынымды айтсам, мен ағаларымның ортасында өстім, сондықтан да болар, күш құрылымдарына бала кезімнен тартылдым: әскери, милиция, ғарышкер. Мектепте алғашқы әскери дайындық (НВП) пәні ұнады, сабақтарда Калашников автоматын тез бөлшектеп, қайта жинап жүрдім. Маған әскери-патриоттық «Зарница» ойыны қатты ұнайтын еді. Жыл сайын ГТО (еңбек пен қорғанысқа дайындық) нормативтерін тапсырдық. Бір жылы ГТО-ның 1-ші норманың орнына 2-ші нормадан өттім, мен үшін бұл өте ауыр жағдай болды.
Бала кезімде де, қазір де әскери шерулерді қарағанды ұнатамын. Мен әртүрлі елдердің әскери шерулерін тамашалаймын. Қытайдағы әскери шеруге қыздардың дайындығы мен әскери қалпы мені таң қалдырады. Өкініштісі, біздің заманда қыздарды әскерге алмаған. Менің ойымша, мен әскери борышымды оңай өтейтін едім. Бірақ тағдыр басқаша шешті, биологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қатыстым.
Жақында әскери қыздарымыз қатты қуантты. 2026 жылдың ақпан айында Қазақстанның әскери қыздарының арнайы жасақтары халықаралық жарыстарда керемет күшін көрсетіп, әлемдегі ең үздік деп танылды. Менің ойымша, өз Отанымды және өз халқымды қорғау, сарбаз болу – ұлы міндет!
– Ғылымға жаңа келген жас буынға не айтар едіңіз?
– Армандаудан қорықпау керек, арман адамға шабыт береді. Қиындықтан қашпай, еңбек етуден ерінбеген жөн. Өйткені дәл сол қиындықтар мен тынымсыз жұмыс адамды шыңдап, қажетті тәжірибе мен дағдыны қалыптастырады. Өмірде биік мақсат қойып, соған дұрыс жолмен ұмтылу маңызды. Оқу мен еңбекті жүрек қалауымен, қуанышпен атқару – табысқа бастайтын басты шарттың бірі. Ең бастысы – сенім. Білімсіз, сенімсіз, сабырсыз және ерік-жігерсіз адам ешқандай нәтижеге жете алмайды.
– Әлемдік рейтингте есіміңіз жазылды. Ендігі ойыңыз қалай? Сіз армандаған ең ұлы мақсат қандай?
– «Армансыз адам – алысқа бармас» деген мақалдың астары терең. Мақсаты жоқ, үмітсіз адам өзін азғыруға, рухани азғындауға бейім тұрады, бұл діни танымда «үмітсіз – шайтан» деген ұғыммен үндеседі. Арман – адамды алға жетелейтін күш, ал оның жоқтығы өмірдің мәнін жоғалтады. Жасым 60-қа жақындаса да, әлі көп нәрсені үйренгім келеді. Бүгінде биология ғылымы күн сайын дерлік әлемде жаңа ашылулар мен әзірлемелермен серпінді дамып келеді. Биотехнология және биофармацевтика дүниежүзіндегі көптеген жетекші елдерде орасан зор табыс әкелетін экономиканың қарқынды дамып келе жатқан секторлары болып саналады. Бұл елдерді қуып жету – үлкен сынақ. Қанша артта қалсақ та, бар күшімізді салып, алға ұмтылуымыз керек. Біздің бір орында тұрып қалуға құқығымыз жоқ.
Жаңа Конституцияда ғылым- ның, білім беру мен инновацияның дамуы конституциялық басымдыққа ие болды, бұл отандық ғылымның дамуына үлкен серпін береді деп есептеймін және Қазақстанның жоғары технологиялық және индустриалдық болашағы жарқын болады деп сенем.
– Әңгімеңізге рақмет!
Әңгімелескен
Гүлзина БЕКТАС