Иран Ормуз бұғазын соғыстан кейін толық ашуға ниетті

8 сәуірде Иран мен АҚШ екі аптаға атысты тоқтату туралы келісімге келген. Осы уақыт ішінде Ормуз бұғазын кеме қатынасы үшін ашу жоспарланған.

Иран билігі АҚШ және Израильмен қақтығыс аяқталғаннан кейін Ормуз бұғазын толық ашуды жоспарлап отыр, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты. 

Бұл туралы ТАСС агенттігіне Үндістандағы Ислам республикасы жоғарғы рухани көшбасшысының өкілі Абдул Маджид Хаким Илахи мәлімдеді.

«Соғыс аяқталған соң бұғаз қайта ашылып, барлық елдер одан пайда көреді деп сенемін», – деді ол.

8 сәуірде Иран мен АҚШ екі аптаға атысты тоқтату туралы келісімге келген. Осы уақыт ішінде Ормуз бұғазын кеме қатынасы үшін ашу жоспарланған.

Сол күні Reuters агенттігі Иран бұғазды 9-10 сәуір күндері шектеулі әрі бақылаудағы режимде ашуы мүмкін екенін хабарлады. Бұл қадам Пәкістанда өтетін америкалық және ирандық ресми тұлғалардың кездесуі қарсаңында қарастырылған. Агенттік дереккөзі келіссөздердің негізгі шарттары келісілген жағдайда, бұғаз ашылатынын атап өтті. Мұндай жағдайда барлық кемелер Иран әскери күштерімен әрекеттерін міндетті түрде үйлестіруге тиіс.

Ал 9 сәуірде Иран сыртқы істер министрінің орынбасары Саид Хатибзаде Ормуз бұғазы АҚШ кемелерін қоса алғанда ашық екенін, бірақ өту тек Иран билігінің келісімімен және ешқандай дұшпандық әрекет болмаған жағдайда ғана мүмкін екенін айтты.

Оның сөзінше, бұғазда қауіп әлі де сақталып отыр. Себебі Иран қақтығыс аясында бұғаздың су аймағын миналап үлгерген. Дегенмен иран тарапы қауіпсіз бағыттар туралы нақты ақпаратқа ие және кемелерді алып жүру шаралары сол себепті енгізілген.