Жетісу облысында бойжеткен бұрынғы жігітін бопсалап, ірі көлемде ақша талап еткені үшін ұсталды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Полиция мәліметінше, жұп шамамен төрт ай бойы кездескен. Айырылысқаннан кейін қыз жігіттің қарым-қатынас кезінде өзімен бөліскен жеке мәліметтерін жариялаймын деп қорқытқан.
Ол жігіттен 25 миллион теңге талап етіп, ақша берілмеген жағдайда ақпаратты әлеуметтік желілерге тарататынын айтқан.
Жігіт мұндай қаражаты жоқ екенін жеткізгенімен, күдікті қысым көрсетуді тоқтатпаған.
Амалы таусылған азамат алдымен 200 мың теңге аударып, кейін құқық қорғау органдарына жүгінген.
Қазіргі уақытта аталған дерек бойынша аса ірі көлемдегі бопсалау фактісімен қылмыстық іс қозғалды. Күдікті қамауға алынды.