Ақтөбеде білім мен мамандықты ұштастырған жоба басталды

№ 83 орта мектеп, облыстық планетарий және Әуе қорғанысы күштерінің әскери институты өзара ынтымақтастық туралы нақты тәжірибелік бағыттағы меморандумға қол қойды.

Ғарышкерлер күні қарсаңында Ақтөбеде мектеп партасын болашақ мамандықпен тікелей байланыстыратын маңызды қадам жасалды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

№ 83 орта мектеп, облыстық планетарий және Әуе қорғанысы күштерінің әскери институты өзара ынтымақтастық туралы нақты тәжірибелік бағыттағы меморандумға қол қойды.

Құжат тек ғылымға қызығушылықты арттыруды ғана емес, сонымен қатар ерте кәсіби бағдар беруді көздейді. Оқушылар астрономия, физика және география пәндері бойынша қосымша сабақтарға қатысып, мамандардың әдістемелік қолдауымен ғылыми жобалармен айналыса алады.

Әуе қорғанысы күштерінің әскери институты базасында өтетін теориялық дәрістер тәжірибемен ұштастырылады. Ынтымақтастық аясында ғылыми конференциялар, олимпиадалар және тақырыптық кездесулер өткізу жоспарланған. Әлеуметтік тұрғыдан осал топтағы оқушыларды қолдауға ерекше көңіл бөлінеді.

Жобаның символдық бөлігі ретінде «Ғарыш бұрышы» ашылды. Онда Қазақстан космонавтикасының тарихы білім беру ортасының бір бөлігіне айналады. Іс-шараға оқушылар, «Жас сақшы» сыныбының тәрбиеленушілері және жас ұшқыштар мектебінің шәкірттері қатысты.

Институт бастығының орынбасары полковник Мақсат Уәйіс  бастаманың тәжірибелік маңызын атап өтті.

– Біздің міндетіміз – балаларға білімді түсінікті түрде жеткізу, оларды мамандығымызға қызықтырып, аспанды сүюге баулу. Институт базасында, нақты әскери ортада оқыту олардың мамандық таңдауға саналы түрде келуіне және біздің ісімізді жалғастырып, әскери ұшқыш болуына көмектеседі, – деді ол.

Дайындық жүйесінің маңызды бөлігі – институт жанындағы жас ұшқыштар мектебі. Биыл оған 57 жыл толып отыр. Осы уақыт ішінде әскери-патриоттық клуб аспанды мамандық ретінде таңдаған жастар үшін бастау алаңына айналды. Қазіргі таңда тәрбиеленушілер аэродинамика, навигация, метеорология және әскери пәндерді меңгеріп, болашақ қызмет пен оқуға қажетті негіз қалай алады.

Жас ұшқыштар мектебі түлектерінің 40%-ы Әуе қорғанысы күштерінің әскери институтында оқуын жалғастырып, бала күнгі арманын жүзеге асырып, аспанды бағындыруда.

Осылайша, Ақтөбеде мектептегі қызығушылықтан саналы мамандық таңдауға дейінгі үздіксіз білім беру жүйесі қалыптасып келеді. Біреулер үшін бұл – балалардың болашағына сенім болса, енді енді біре үшін – аспанға бастар алғашқы қадам.