Қазақстанда екінші деңгейдегі банктердің экономикаға берген несиесі 2026 жылдың ақпан айында 0,4%-ға өсіп, 40,2 триллион теңгеге жетті, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Өсім негізінен халыққа берілген қарыз көлемінің артуымен байланысты.
Ұлттық валютадағы несиелер 0,6%-ға ұлғайып, 36,5 триллион теңгені құрады. Ал теңгенің нығаюы әсерінен шетел валютасындағы қарыздар 1,4%-ға қысқарып, 3,7 триллион теңгеге дейін төмендеді. Нәтижесінде теңгедегі несиенің үлесі 90,8%-ға жетті.
Ақпан айында банктер жалпы сомасы 3 триллион теңгеге жаңа несие берді. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 1,4%-ға жоғары.
Бизнеске берілген несиелер де аздап өсіп, 15,2 триллион теңгені құрады. Бұл ретте ірі бизнеске берілген қарыз 13,1%-ға азайса, шағын және орта бизнеске берілген несие 10,9%-ға артқан. Жеке кәсіпкерлерге берілген қарыз көлемі де 1,2%-ға өсіп, 3,1 триллион теңгеге жетті.
Салалар бойынша алғанда, өнеркәсіп, құрылыс және ауыл шаруашылығында несие көлемі төмендеген. Ал сауда, көлік, байланыс және қызмет көрсету салаларында керісінше өсім байқалды.
Жалпы, ақпан айында бизнес субъектілеріне 1,6 триллион теңге көлемінде жаңа несие беріліп, бұл өткен жылмен салыстырғанда 12,2%-ға көп болды.