Астанада Қаныш Имантайұлы Сәтбаевты еске алу рәсімі өтті

Рәсімнің ашылуында сөз сөйлеген Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек бұл күннің еліміздің ғылыми қауымдастығы үшін ерекше маңызға ие екенін атап өтті.

Астанада көрнекті ғалым, қазақ ғылымының негізін қалаушылардың бірі, Ұлттық ғылым академиясының тұңғыш президенті Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың туғанына 127 жыл толуына орай ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімі өтті, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Салтанатты шараға ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі, Астана қаласының әкімдігі өкілдері, Парламент Сенаты мен Мәжіліс депутаттары, сондай-ақ Энергетика министрлігі, Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі, «Қазақмыс корпорациясы» және «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының, жоғары оқу орын өкілдері қатысты.

Рәсімнің ашылуында сөз сөйлеген Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек бұл күннің еліміздің ғылыми қауымдастығы үшін ерекше маңызға ие екенін атап өтті.

Министр өз сөзінде:

«Бүгін – Қазақстан ғалымдары үшін ерекше күн. Себебі бұл күн – қазақ ғылымының алыбы, Ұлттық ғылым академиясының негізін қалаушы, ғылымның атасы Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың дүниеге келген күні және Ғылым қызметкерлерінің күні. Бұл – еліміздің ғылымы мен біліміне зор үлес қосқан тұлғаларды ұлықтап, ғылыми қауымдастықты дәріптейтін маңызды күн. Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың ғылыми мұрасы мен отандық ғылымға сіңірген еңбегі – ұлттың рухани қазынасы. Оның есімі мен еңбегі ұрпақтан ұрпаққа аманат болып қала береді», – деді.

Ведомство басшысы қазіргі уақытта ғылым мен технология, инновациялық даму ел экономикасын өркендетудегі басым бағыттардың бірі екенін атап өтті. Мемлекет тарапынан отандық ғылымның дамуына тұрақты түрде қолдау көрсетіліп, ғалымдардың әлеуетін арттыруға бағытталған шаралар іске асырылып жатқанын жеткізді.

Сондай-ақ ол еліміздің ғылыми дамуына үлес қосып жүрген барлық ғалымдар мен зерттеушілерге алғыс білдіріп, Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың рухына тағзым етуге келген қатысушыларға ризашылығын жеткізді.

Іс-шара соңында қатысушылар ғалым ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, оның ғылым мен білім саласындағы өлшеусіз еңбегіне тағзым етті.