Астанада тұрғын үй подъезінде балта ұстап жүрген ер адам 15 тәулікке әкімшілік қамауға алынды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Оқиға әлеуметтік желілерде тараған видеодан кейін белгілі болды. Кадрларда ер адамның тұрғын үй кешендерінің бірінің подъезінде қолына балта ұстап жүргені көрінеді.
Қалалық полиция департаментінің мәліметінше, 31 жастағы азаматтың жеке басы жедел анықталып, ол полиция бөліміне жеткізілген. Белгілі болғандай, оқиға оның танысының пәтерінде болған. Сол уақытта үйде жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқан. Ер адамдар бірге алкоголь ішкеннен кейін, күдікті агрессивті мінез танытып, қолына құрылыс құралын алған.
Полиция қызметкерлері оның заңға қайшы әрекеттерін дер кезінде тоқтатқан. Кейін подъезде жүрген кезде ер адам әйнекті сындырып, өзі жарақат алған. Оған медициналық көмек көрсетілді. Басқа тұрғындар зардап шеккен жоқ.
Аталған дерек бойынша ер адамға қоғамдық орында мас күйінде жүргені және ұсақ бұзақылық жасағаны үшін әкімшілік хаттамалар толтырылды. Сот шешімімен ол 15 тәулікке әкімшілік қамауға алынды.