Спорт журналисі Аслан Каженов бокшы Оразбек Асылқұловтың пәтерсіз жүргенін жеткізді, – деп жазды Aikyn.kz.
Оның айтуынша, әлем және Азия чемпионы атанған боксшы бүгінде анасымен пәтер жалдап тұрады. Журналист бұл әкімдік назарына алуы тиіс мәселе екенін айтты.
«Ақмола облысының әкімдігін осы жерге белгілеп кетіңіз. Оразбек Асылқұловпен эксклюзивті сұхбат жаздым. Өмірінің 17 жылын боксқа арнады. Небір сынақ пен небір сындарға қарамай, өз мықтылығын дәлелдеп жатыр. Бірер ай бұрын Дубайда әлем чемпионы атанды. Енді Ұланбатырда Азия чемпионы атанды. Алда Азия ойындары мен Олимпиада ойындарын бағындырамын дейді. Өкініштісі, Ораз анасымен Көкшетауда пәтер жалдап тұрады. Осынша жыл қан мен терге маланып жүргені, үйіне көмектесу үшін ғой. Отбасының жалғыз асыраушысы. Әрине, ол жайында айтқысы келмеді. Бірақ анық-қанығын біліп алдым және алдағы күндері жариялаймын. Соған дейін жоғарыдағы мәселе шешіледі деген үміттемін. Ораз қазір 60 келінің үздігі және әлі біраз уақыт осы биікті ешкімге бермейді. Қолда барды қадірлей білейік!» - деп жазды журналист.
Бұған дейін Оразбек Асылқұлов Ұлан-Батырда Азия чемпионы атанғанын жазған болатынбыз.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.