Америка Иранмен соғысқа күніне 500 миллион доллар жұмсап келіпті

Иранмен соғыста АҚШ-қа күніне 500 млн доллар жұмсап келген. Қираған әскери техниканы қалпына келтіруге қосымша тағы да ондаған млрд доллар қажет.

Financial Times материалына сүйенген Aikyn.kz Парсы шығанағындағы соғыстың қаржылық шығындарын бағалайды.

Иранның АҚШ-тың қымбат радиолокациялық жүйелерін, ұшақтарын жоюы Вашингтонды әлсірете бастады. Бұл болашақта Қытаймен ықтимал қақтығыстар жағдайында америкалық әскерилерге қиын болуы мүмкін.

Пентагонның бұрынғы бюджет қызметкері Элейн Маккаскер бес аптадағы Иранға қарсы науқанның жалпы құнын 22-31 млрд доллар деп бағалаған. Оның есебіне желтоқсанның соңынан бері Таяу Шығысқа қосымша күш орналастыру шығындары да кіреді. Бұдан бөлек,  2,1-3,6 млрд доллар ұрыс салдарынан істен шыққан техниканы жөндеуге және ауыстыруға жұмсалмақ. Бұның ішінде USS Gerald R Ford әуе тасығыш кемесін жөндеу мен Қатарда дрон шабуылынан істен шыққан баллистикалық зымырандардың шабуылын ерте ескерту жүйесін қалпына келтіру шығындар бар.

Маккаскердің айтуынша, кейбір зақымданған техниканы бірнеше күнде жөндеуге болады, ал кейбірін алмастыруға жылдар қажет. 

Сарапшылардың пікірінше, Иран ең алдымен Таяу Шығыстағы америкалық базалардың радиолокациялық және байланыс жүйелерін, сондай-ақ америкалық жойғыштарға алыс қашықтыққа соққы жасауға мүмкіндік беретін жанармай құю ұшақтарын нысанаға алған. 

Пентагон Конгрестен Ирандағы операцияларды қаржыландыру үшін қосымша 200 млрд доллар сұрап отыр. CSIS орталығының өкілі Марк Кансиан бұл науқан АҚШ-қа күніне шамамен жарты миллиард доллар тұрады деп есептейді. Ұйымның бағалауынша, соғыстың алғашқы алты күнінде ғана АҚШ кемінде 1,4 млрд доллар шығын көрген. Кансианның айтуынша, Сауд Арабиясындағы базаға жасалған соққыдан қатты зақымданған Boeing E-3 Sentry әуе ескерту және басқару ұшағын алмастырудың өзі 700 миллион доллардан асады.Ең маңызды зақымданған нысандардың қатарында Иордания мен Қатардағы екі радиолокациялық жүйе бар. THAAD зымыранға қарсы қорғаныс жүйесінің жұмысында шешуші рөл атқаратын AN/TPY-2 радарының бірі операцияның бас кезінде Иорданиядағы базада жойылған деген ақпарат бар. Тағы бір осындай жүйе Сауд Арабиясында соққыға ұшыраған, бірақ зақым көлемі белгісіз. Әрбір AN/TPY-2 жүйесін ауыстыру шамамен 485 млн доллар тұрады. Ал Raytheon компаниясына оның біреуін жасауға үш жылға жуық уақыт қажет болуы мүмкін.

CSIS-тегі зымыран қорғанысы жобасының директоры Том Карако бұл радардың «өте сирек әрі жоғары тиімді жүйе» екенін айтады. Оның сөзінше, бұндай жүйелер Ираннан ұшырылатын баллистикалық зымырандарды тойтаруда ғана емес, АҚШ-тың жаһандық қорғаныс стратегиясында да шешуші мәнге ие.

Иран ондаған MQ-9 Reaper дронын атып түсіргені туралы хабарлар болғанымен, ең ірі әуе жеңісі ретінде жұма күні (3 сәуір) Иранның оңтүстік-батысындағы таулы аймақта F-15E жойғышын атып түсіру болды. Кейін АҚШ экипаждың екі мүшесін құтқарды. Бұл іздеу-құтқару операциясына Америка қаржыны да, әскери ұшақтар мен арнайы құрылымдарды аямай қосқан. Өйткені операцияның сәтті өтіп, ұшқыштың құтқарылуы президент Трампқа «америкалық жеңісті» жариялап, соғысты тоқтатып, Иранмен келіссөздер стөліне отыруға жақсы сылтау ретінде керек болды.

Ал іс жүзінде жүздеген миллион долларға бағаланған әскери операцияда қымбат техниканың шығыны көп болды. Құтқару операциясы кезінде A-10 Warthog ұшағы да ирандық атқылаудан зақымданып, кейін Парсы шығанағына құлаған. Америкалықтар ол техникаларды ирандықтардың қолына түсірмеу үшін өздері жарып жібергенін айтса, Иранның орталық әскери қолбасшылығы Исфаханның оңтүстігінде екі Blackhawk тікұшағы мен екі C-130 Hercules ұшағы атып түсірілгенін мәлімдеді. 

Соңғы апталардағы шығын АҚШ-тың бұған дейінгі әскери науқандарымен салыстырғанда едәуір көп болған. Парсы шығанағындағы соғыс созылған сайын кемелер мен ұшақтарға техникалық қызмет көрсету шығыны да өсуде.

Бірақ америкалық әскерилерді ең қатты алаңдататыны – АҚШ-тың Қытайға қарсы қорғанысын күшейтуге қажет активтер мен қару-жарақ қорларының жылдам таусылуы.

Осло ядролық жобасының сарапшысы Фабиан Хоффманн THAAD ерте ескерту радары мен E-3 ұшағы Қытаймен соғыс жағдайында аса пайдалы болар еді дейді. Кейбір хабарларға қарағанда, АҚШ Оңтүстік Кореядан Таяу Шығысқа зымыранға қарсы қорғаныс жүйесінің элементтерін тасымалдай бастаған. Егер Иранмен соғыс ұзаққа созылса, жойылған әскери ресурстардың орнын толтыру Америка үшін әрі қымбат, әрі ұзақ болуы мүмкін.