Сарапшылар жасанды интеллектінің еңбек нарығына әсерін талқылады

Дөңгелек үстел жасанды интеллектінің қазірдің өзінде кәсіби ортаның бір бөлігіне айналғанын, ал оның әрі қарайғы дамуы қоғамның оны пайдалануға қаншалықты жауапкершілікпен қарайтынына байланысты болатынын көрсетті.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да «Фараби әлемі» форумы аясында ұйымдастырылған «Жасанды интеллект, медиа және білім: білімді ұлт және жауапты қоғам» атты дөңгелек үстел өтті. Дискуссия ғылым, медиа, сот жүйесі және цифрлық индустрия өкілдерінің басын қосты, – деп хабарлайды Aikyn.kz

Басқарма мүшесі – әлеуметтік орнықты даму жөніндегі проректор Бақытжан Омаров құттықтау сөз сөйледі. Ол жасанды интеллектінің қарқынды дамуы технологиялық дайындықты ғана емес, сонымен бірге қоғам тарапынан саналы көзқарасты қажет ететініне назар аударды. Оның айтуынша, бүгінде ақпараттың шынайылығы мен этикалық нормаларды сақтау мәселелері ерекше маңызды.

Пленарлық бөлімді Қазақстан Республикасы Жоғарғы соты төрағасының кеңесшісі Қалқа Нұрлан Нұрахметұлы ашты. Оның баяндамасы цифрлық технологияларды практикалық қолдануға арналды. Ол Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жасанды интеллектінің дамуы еңбек нарығына тікелей әсер ететіні және жаңа құзыреттерге сұраныс қалыптастыратыны туралы ұстанымын еске салды.

Спикер сот жүйесін цифрландыруға ерекше тоқталды. Ол бет-әлпетті тану технологияларын, сөйлеуді мәтінге айналдыру жүйелерін және сот шешімдерін дайындау үшін жасанды интеллект элементтері бар сервистерді әзірлеуді егжей-тегжейлі түсіндірді.

Цифрлық өзгерістер жағдайындағы білім берудің рөлі туралы тақырыпты SNDT Women’s University профессоры Мира Капил Десаи жалғастырды. Өз сөзінде ол студенттердің бойында тек техникалық дағдыларды ғана емес, сонымен қатар технологиялардың қоғамға әсерін түсінуге мүмкіндік беретін сыни ойлауды қалыптастыру қажеттігін атап өтті.

Жасанды интеллектімен өзара әрекеттесудің практикалық аспектісіне NeuroEvolution AI-агенттігінің негізін қалаушы, промт-инженер Мәдина Әбдірашитова тоқталды. Ол сұраныстарды дұрыс тұжырымдау және алгоритмдермен жұмыс істей білу, әсіресе медиа және коммуникация саласында жаңа кәсіби сауаттылыққа айналғанына назар аударды.

Медиа ортаның трансформациясы туралы Nabroski агенттігінің СЕО-сы Наталья Брославская айтты. Оның айтуынша, контентті алгоритмдеу жағдайында аудиторияның сенімін сақтау және кәсіби стандарттарды орындау басты сын-қатер болып қала береді.

Zakon.kz SMM-редакторы Данияр Құнафин цифрлық платформалармен жұмыс және аудиторияның мінез-құлқы туралы практикалық бақылауларымен бөлісті. Өз кезегінде қауымдастырылған профессор Қарлыға Мысаева жасанды интеллектінің гуманитарлық зерттеулерге қалай әсер ететініне және мәтінмен жұмыс істеу тәсілдерін қалай өзгертетініне назар аударды.

Сөз кезегін қорытындылай келе, Paiym Media бас редакторы Ақжарқын Қыдырханова медиасауаттылықтың маңызын атап өтті. Оның айтуынша, ақпараттың жедел таралуы жағдайында оның сапасы үшін жауапкершілік кәсіби журналистерге де, пайдаланушыларға да жүктеледі.

Бағдарламаның жеке бөлімі жас ғалымдардың баяндамаларына арналды. Магистранттар мен докторанттар жасанды интеллектіні білім беруде, медиаталдауда және цифрлық коммуникацияларда қолдануға арналған зерттеулерін ұсынды.

Талқылау барысында қатысушылар технологиялық даму жылдамдығы мен қоғамның бұл өзгерістерге дайындығы арасындағы тепе-теңдік мәселесіне бірнеше рет оралды. Қазақстан үшін мемлекеттің, ғылым мен индустрияның күш-жігерін біріктіретін жүйелі тәсілді қалыптастырудың маңыздылығы туралы пікір білдірілді.

Дөңгелек үстел жасанды интеллектінің қазірдің өзінде кәсіби ортаның бір бөлігіне айналғанын, ал оның әрі қарайғы дамуы қоғамның оны пайдалануға қаншалықты жауапкершілікпен қарайтынына байланысты болатынын көрсетті.