Атырау қаласына Ішкі істер министрлігінің ішкі қауіпсіздік департаменті тексеріс жүргізу үшін барғаннан кейін облыстық полиция департаментінде бірқатар кадрлық өзгерістер болды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты Halyqstan арнасына сілтеме жасап.
Ресми мәліметке сәйкес, қызметтік және әскери тәртіпті бұзу, сондай-ақ бақылаудың жеткіліксіздігі анықталған. Осыған байланысты Атырау қалалық Полиция департаментінің бастығы, сондай-ақ облыстық Полиция департаментінің Ішкі қауіпсіздік және есірткі қылмысына қарсы күрес басқармаларының басшылары қызметтерінен шеттетілді.
Жұмыстан босатылғандардың қатарында қалалық полиция басшысы Бақтыбек Исаев, Есірткі қылмысына қарсы күрес басқармасының жетекшісі Әлішер Нұршаев, ішкі қауіпсіздік бөлімінің басшысы Саламат Қалиев және кадр бөлімінің жетекшісі Шаяденов бар.
Алдын ала белгілі мәлімет бойынша, тексеріс есірткіге қарсы күрес саласындағы ықтимал заңбұзушылықтарға байланысты жүргізілген. Құқық қорғау органдары кейбір қызметкерлердің есірткі саудасына қатысы болуы және бағыныштыларға қысым көрсетуі мүмкін деген жорамалдарды қарастырып отыр.
Қазіргі уақытта тергеу жалғасып жатыр. Оның нәтижесі полиция құрылымы мен ішкі қауіпсіздік қызметінің жұмысына әсер етуі мүмкін.