Жәнібек Әлімханұлы Халықаралық бокс федерациясының (IBF) рейтингінен шығарылды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Бұл шешім спортшының қанынан тыйым салынған мельдоний препараты табылғаны туралы ақпараттан кейін қабылданған.
IBF жаңартылған орта салмақ рейтингін жариялады. Аталған тізімде қазақстандық боксшының есімі жоқ. Сонымен қатар чемпиондық белбеу бос деп жарияланып, рейтингтің бірінші орны да иесіз қалды. Екінші орынға италиялық Этиноза Олиха жайғасса, үшінші сатыға жеңіліп көрмеген ирландиялық Аарон Маккенна көтерілді.
Еске сала кеткен жөн, Әлімханұлының ағзасынан допинг табылғаны туралы ақпарат 2025 жылдың желтоқсанында кубалық Эрисланди Ларамен үш бірдей чемпиондық белбеу үшін өтетін жекпе-жекке санаулы күн қалғанда белгілі болған.
VADA антидопинг агенттігінің мәлімдемесінен кейін боксшы уақытша шеттетіліп, тергеу басталған. 2026 жылдың басында алынған B сынамасы да тыйым салынған заттың бар екенін растады.
Айта кеткен дұрыс, бұған дейін WBO ұйымы Жәнібек Әлімханұлына Дензел Бентли мен Эндри Сааведра арасындағы жекпе-жектің жеңімпазымен титул қорғау кездесуін өткізуді міндеттеген еді.