«AMANAT» партиясының «Ауыл аманаты» бағдарламасы ауылдық жерлерде кәсіпкерлерді дамытуға бағытталған бірегей жоба саналады. Кейінгі жылдары ауыл халқы аталмыш жоба шеңберінде өз кәсібін бастап, оны дамытуға және табысын арттыруға нақты мүмкіндік алып отыр.
Қызылорда облысы, Арал қаласының тұрғыны Гүлсая Әбілдаева партиялық жобаның игілігін көріп отырған кәсіпкерлердің бірі. Кәсіп иесі өткен 2025 жылы жоба аясында 9,8 миллион теңге көлемінде жеңілдетілген несие алып, жолдасы Сабит Атақұловпен бірге пластик өнімдерін өндіретін шағын цех жұмысын қайта жандандырды.
Атақұловтар отбасы он жылдан астам уақыт бойы өз кәсіптерін дөңгелетіп келеді. Алдағы уақытта өндіріс орнын кеңейтіп, цехты заманауи құрал-жабдықтармен жабдықтауды көптен мақсат тұтып жүрген еді. Жуырда «Ауыл аманаты» жобасы сол арманын шындыққа айналдырды.
Кәсіпкер бағдарлама аясында 2,5 пайыздық жеңілдетілген несие алып, түркиялық жоғары сапалы «Craft» және «Yilmaz» маркалы заманауи құрылғыларға қол жеткізді. Сол арқылы өндіріс орнын толық жаңғыртты. Нәтижесінде өндіріс қарқынын едәуір жеделдетіп, небәрі 4-5 күн ішінде сапалы өнім шығаруға мүмкіндіктерін арттырды.
«Бұрын өнім дайындау ұзақ уақытты қажет ететін. Қазір жұмыс қарқыны мен өнім сапасын да артты. Соған сәйкес цехта өндірілген өнімдерге сұраныс жоғары. Бүгінде тапсырыс Арал ауданынан ғана емес, Қызылорда облысының өзге аудандарынан және Ақтөбе өңірінен де түсуде», - дейді Гүлсая Әбілдаева.
Қазіргі уақытта пластикалық өнімдер өндіретін цех екі адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Алдағы уақытта өндіріс көлемін бұдан да ұлғайтып, жұмысшылар қатарын арттырудың көздейді.
«Ауыл аманаты» жобасы кәсібімізге үлкен серпін берді. Соның нәтижесінде ісіміз ілгері басып, өнім сапасы жаңа деңгейге көтерілді. Ең бастысы, халыққа сұранысын толық қамтамасыз етуге мүмкіндік алдық», – дейді кәсіпкер.
Негізінен Арал ауданында 2023–2025 жылдар аралығында «Ауыл аманаты» аясында жалпы құны 1 млрд 113 млн теңгені құрайтын 179 жоба қаржылай қолдауға ие болған. Оның ішінде өткен жылы 43 жоба іске қосылса, биыл 85 жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр.
Жалпы мемлекеттік қолдаудың нәтижесінде ауылдағы шағын бизнес өкілдері өз ісін кеңейтіп, тұрақты табыс көзін қалыптастыруға мүмкіндік алуда. Жобаның шарапатын көрген аралдық кәсіпкердің жетістігі осыған айқын дәлел.
Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ
Қызылорда облысы