Бюро мүшелері палатаның алдағы отырысында «Қазақстан Республикасы мен Тәжікстан Республикасы арасындағы одақтастық қатынастар туралы шартты ратификациялау туралы» заңды қарау туралы қаулы қабылдады. Оның нормалары Қазақстан–Тәжікстан ынтымақтастығын кешенді дамытуға серпін беруге бағытталған.
Шарт саяси, әскери, сауда-экономикалық, ауыл шаруашылығы, көлік-транзит, азық-түлік, өнеркәсіп, су-энергетика, экология, цифрландыру, білім беру, мәдени-гуманитарлық салалардағы және өңіраралық интеграциядағы ынтымақтастықты кеңейтуді көздейді.
Палата отырысының күн тәртібіне «Қазақстан Республикасы мен Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия Құрама Корольдігі арасындағы стратегиялық әріптестік пен ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау туралы» заң да қойылып отыр. Оның негізгі мақсаты – екі мемлекет арасындағы стратегиялық әріптестік пен ынтымақтастықты нығайту.
Заң Қазақстан–Британия ынтымақтастығын сапалы жаңа деңгейге шығара отырып, саяси, экономикалық, құқықтық, гуманитарлық және экологиялық өзара іс-қимылдың негізгі қағидаттарын бекітеді.
Депутаттар сонымен бірге Мәжіліс бұрын қабылдаған заңдарды тұрақты комитеттер арасында бөліп берді және Сенаттың жұмыс жоспарын талқылады. Атап айтқанда, фермер шаруашылықтары мен ауыл шаруашылығы кооперативтеріне құқықтық тетіктерді дамыту, гидротехникалық құрылыстар, көпірлер мен бөгеттердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету, сондай-ақ басқа салалардың қызметін жетілдіру мәселелері бойынша мүдделі тараптармен кездесулер жоспарланып отыр.