Мажарстанда жаңа басшы: Түркі жұртымен татулық тереңдей ме?

Тарихи тұрғыда қазаққа жақын саналатын Мажарстан елінде 12 сәуір күні маңызды сайлау өтті. Бұл науқанды екі көш­бас­шының тартысы ретінде суреттеуге болатын: біріншісі – Мажар­стан­ды 16 жыл басқарған Виктор Орбан болса, екіншісі – батысшыл по­зициясымен танылған Петер Мадияр.

Алғашқысы түркі жұр­тымен жақын қарым-қатынас орнатқан саясаткер ретінде есте қал­ды. Ендігі дауыстардың үштен екісі саналып бол­ғанда, «Ти­са» партиясының алға шыққаны, яғни Петер Мадиярдың жең­гені мәлім болып отыр. Жаңа басшының келуі Түркі әлемі мен Мажарстанның байланысын басқа арнаға бұруы мүмкін бе?

Елдік жолындағы мойындау

Сонымен, Мажарстандағы парла­мент­тік сайлауда оппозициялық «Тиса» пар­тия­сы алға шыққаннан кейін көп ұзамай-ақ премьер-министр Виктор Ор­бан жеңіл­генін мойындап үлгерді. Осы арада ол Пе­тер Мадиярға хабарласып, жеңісімен құттықтағаны да мәлім болды.

«Сайлау нәтижелері әлі түпкілікті бол­маса да, жалпы көрініс айқын әрі тү­­­сінікті. Елді басқару жауапкершілігі мен мүмкіндігі бізге бұйырмады. Жеңіс­ке жеткен партияны құттықтаймын», – деді Виктор Орбан өз жақтастары ал­дында сөйлеген сөзінде. Дегенмен Ор­бан Мажарстанға қызмет етуін жал­ғас­тыра беретінін жеткізді. 

Алдын ала мәліметтерге қарасақ, Мажарстандағы парламенттік сайлауда Пе­тер Мадияр жетекшілік ететін еу­ро­па­шыл, оңшыл-орталық бағыттағы «Ти­са» партиясы көш бастап тұрғаны анық бі­лінеді. Мәселен, Мажарстанның Ұлт­тық сайлау кеңсесінің 13 сәуірдегі дере­гін­ше, бюллетеньдердің 72,44%-ы са­нал­­­­ғаннан кейін «Тиса» 199 мандаттың 138-ін иеле­ніп алған. Яғни, партия Конс­­­титуция мен негізгі заңдарға өз­ге­ріс­тер енгізу құқы­ғына жетті. Ал Виктор Ор­­банның «Фидес» партиясы әзірге 54 орын­­ға ие. Дауыс санау әлі жалғасады, сон­­дықтан нәтижелер аздап өзгеруі мүм­кін. Толық нә­тиже 18 сәуірден ке­шік­пей жария­ла­нады. Бірақ жеңім­паз­дың аты өзгер­мейтіні айдан анық. 

Мажарстан биылғы сайлауға қа­тыс­қандардың саны бойын­ша ре­­­корд жаңартқан, халықтың 74,23 пайы­­зы сайлауда дауыс беріпті. Ең кейін­гі жо­ғары көрсеткіш осыдан 24 жыл бұ­рын тіркелген – 73,51 пайыз.

Осы күндері жаңа көшбасшы Петер Ма­диярға кәрі құрлықтағы саяси жетек­ші­лер құттықтауын жаудырып-ақ жатыр. Еурокомиссия төрағасы Урсула фон дер Ляйен сайлау нәтижесін «Еуроодақ кү­шейе түсті, Еуропаға қайта оралу» деп ба­ға­ласа, Франция президенті Эм­ма­нуэль Макрон «Еуропалық одақ құн­ды­лықтарына адалдық және Мажарстанның Еуропадағы жеңісі» ретінде сипаттады.

Батыстағы саяси тұлғалардың бұ­лай­ша «бөркін аспанға атуы» бекер емес. Өйт­кені еуропалық сарапшылар Виктор Ор­банды ресейшіл көрсе, Петер Ма­дияр­ды батысшыл санады. Бірақ біз Вик­тор Орбанды толықтай біржақты көз­қарастағы тұлға ретінде есептегіміз кел­мейді. Неге? Біріншіден, Мажарстан энер­гетикалық ресурстар – мұнай және газ­ға тәуелді. Ресейдің арзан мұнайы бұл ел­дің ішкі нарығын қалыпты ұстап тұр­ды. Мәскеу мен Киев арасындағы қақ­ты­­­ғыстар кезінде кәрі құрлыққа мұнай же­т­кізетін «Достық» құбыры зақым­дан­ды. Орбан Украинаға сол үшін ғана шүй­лігіп, Еуроодақтың Киевке ауда­ра­тын қаржы-көмегіне вето қойды. Пре­мьер-министрдің «мұнай болмаса, ақша да жоқ» деген сөзі осы себептен айтыл­ған. Жаңа көшбасшы келген күннің өзін­де Мажарстанның сыртқы саясаты тү­­бегейлі өзгеріп кетеді деп болжау қиын.

Прагматизмнің үстемдігі һәм жаңашылдық

Ал біз жырақтағы Мажарстанның ішкі оқиғаларын текке әңгіме етпедік. Өйт­кені Мажарстан кейінгі жылдары түр­кі әлемімен, соның ішінде Қазақстан­мен бай­­­ланысын едәуір жақсарта алды. Тіпті, Виктор Орбан өз халқына түркілік та­нымды позитивті жағынан наси­ха­т­тауға көшкен еді. Энергетикалық қа­жет­тілі­гін түркі жұрты арқылы толтыруды да мақсат санайтынын жасырмады. Был­тыр Тушваньош фестивалінде сөй­леген сөзінде ол түркі әлемін жаһанның алты қуатты орталығының бірі ретінде атады. Ал 2025 жылдың қазан айында Әзер­байжанның Габала қаласындағы Түркі мемлекеттері ұйымы саммитіне де арнайы келді.

Әйтсе де, біз Мажарстанның жаңа же­текшісі Петер Мадиярды ел бас­қару ісін­де жете танымаймыз. Ендігі сауал: Мажарстанның түркі жұртымен бай­лан­ы­сын құбылтуы мүмкін бе? Өзгере қал­ған күн­нің өзінде, қай бағытқа ойы­суы мүм­кін? Дәл осы сауалға келген­де сая­сат­тану­шы Ғазиз Әбішев Мажар­стан­­­ның түр­кі әлемімен байланысы ай­тар­лық өз­гере қоятынына сенбейтінін жеткізді. 

– Қазір халықаралық қатынастардың ба­сым бөлігі прагматизацияланып бара жа­тыр деп ойлаймын. Яғни, барлық мем­­­­лекет, әсіресе орта деңгейдегі дер­жа­­ва­лар көпвекторлы сыртқы саясат құру­­­ға ұмтылуда. Бұл саясат әртүрлі ұйым мен бағыттардың өзара қабатта­суы­­мен сипатталады. Мысалы, Мажар­стан­ды алсақ, ол түркі бағытында да бел­сенді әрі еуроатлантикалық векторы бар – Еуро­палық одақ пен НАТО құра­мы­на кіре­ді. Бұған қоса, Виктор Орбан Ресей­мен де жақсы қарым-қатынас орнатуға ты­рысты, – дейді саясаттанушы. 

Сарапшының ойынша, осыған ұқсас жағ­дайды Түркиядан да көруге болады. Түр­кияның сыртқы саясатында белгілі бір жобалар иерархиясы бар: неоос­ма­низм, еуроатлантизм, панисламизм жә­­не соңғы деңгейде пантүркизм. Түр­кия үшін барлық бағытта бірдей әрекет етіп, бейтарап мағынада айтқанда, өз ық­палын кеңейту жолы тиімді.

Дәл осындай тәсілді Қазақстан да қол­данатынын айта кету керек. Қазақ­стан еуразияшылдық, Қытаймен байла­ныс, Парсы шығанағындағы ислам мем­­­­­лекеттерімен қарым-қатынас, Түркі бірлігі идеясы, сондай-ақ АҚШ-пен ерек­­ше қатынас, Еуропалық одақпен кеңей­тілген ынтымақтастық даңғы­лы­ның бәрін қамтып отыр. Мұндай таңдау сая­сатта қалыпты құбылыс саналады. 

– Түркі мемлекеттері ұйымы өз мү­ше­леріне қосымша қатаң міндеттемелер жүк­темейді. Қазір оның форматы жалпы сипаттағы үйлестіру алаңы іспетті. Сая­си консультациялар өткізуге және қажет бол­ған жағдайда өзара саяси қолдау көр­сетуге бағытталған. Яғни, бейнелеп ай­тар болсақ, «егер жағдай шиеленіссе, бір­ге барайық, ең болмаса куә болып тұ­рарсың» деген деңгейдегі ынты­мақ­тас­тық. Сондықтан ұйым еш жағдайда Венгрияға қысым жасамайды. Кері­сін­ше, ол оған қосымша еркіндік пен ха­лық­аралық қатынастарға жол сыйлайды.

Осы себепті, егер би­лік­­ке кенеттен түркі әлеміне түбегейлі қар­сы көзқарас­тағы адам келмесе, Мажарстанның түркі ба­ғытындағы саясаты айтарлықтай өз­геруі мүмкін деп ойламаймын. Басқа жағ­дайда, Мажарстан басшылығы Түркі мем­лекеттері ұйымының саммиттеріне қа­тысып, үйлестіру жұмысына қосыла бере­ді. Иә, бұл саммиттің жиі өтпейтінін бі­ле­міз, сондықтан ұйымның шешімі Вен­г­рияға еш қатаң міндеттеме жүк­те­мейді, – деп топшылады саясаттанушы Ғазиз Әбішев. 

Саясаттанушы Қазбек Бейсе­баев­тың да көзқарасы осыған саяды. Оның ойын­ша, Мажарстандағы биліктің ауысуы таңғалатын дүние емес, қалыпты процесс. 

– Біріншіден, мажар халқы саяси жүйе­дегі өзгерісті қалады. Виктор Орбан елді өте ұзақ басқарғаны жасырын емес. Өйт­кені Петер Мадиярды жастар жағы қол­дағанын байқадық. Жаңа саяси билік кел­геннен кейін қатты өзгеріс күте ал­май­мыз. Себебі Петер Мадиярдың өзі де Ресеймен ынтымақтастықты жалғас­ты­ра­тынын, себебі энергетикалық ресурс­тар­ға тәуелді екенін ашық айтты. 

Иә, Виктор Орбан Түркі мемлекеттері саммитіне қатысып, байланыс орнатуда бел­сенді болды. Петер Мадияр келген соң бұл тұрғыда ешқандай өзгеріс бол­май­ды. Өйткені мұнда тіл, мәдениет, та­рих­тың негізі бар. Бірақ одан да бөлек, эко­номикалық себептер жатыр. Қазақ­стан­ның мұнайына сұраныс бар, көп бө­лігі Еуропаға экспортталады. Сон­дық­тан Мажарстанның жаңа билігі түркі жұр­тымен қарым-қатынасты жақсарта бе­ре­ді, оған еш күмән болмауға тиіс. Оның үстіне Еуроодақ пен Түркі әлемі­нің бір-біріне еш қарсылығы жоқ, – дейді сарапшы.

Түйіндер болсақ, Мажарстандағы сая­си науқан еш даусыз әрі қарсылықсыз, тарап­тардың бітімімен өтті деуге негіз бар. Тек Мажарстан Еуроодақпен кейбір мә­се­лелерді реттеуі мүмкін, алайда Түркі жұр­тына қатысты жақындық ұстаны­мы­нан еш айнымайтын тәрізді.

Мадияр ТӨЛЕУ