Жиынға Президент кеңесшісі Мәлік Отарбаев, Мәдениет және ақпарат бірінші вице-министрі Қанат Ысқақов, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, ф.ғ.д, профессор Намазалы Омашев, Журналистер одағының төрағасы Сейітқазы Матаев, «Қазақстан» РТРК» АҚ Басқарма төрағасы Ернұр Бурахан, «Шалқар» радиосының ардагерлері мен қазіргі қызметкерлері, зиялы қауым өкілдері қатысты. Президент кеңесшісі Мәлік Отарбаев Мемлекет басшысының ыстық ықыласын жеткізіп, құттықтау лебізін оқып берді. Сондай-ақ радионың дамуына елеулі үлес қосқан ардагерлер мен сала қызметкерлеріне Президенттің атынан «Алғыс хат» пен «Құрмет грамоталары» табысталды.
Іс-шара барысында «Шалқар» радиосының ұлттық ақпарат кеңістігіндегі орны мен оның қазақ руханиятын дамытудағы рөлі кеңінен сөз болды. Тарихы терең арнада тынбай еңбек еткен ардагерлер радионың бірнеше буынға рухани азық болғанын айтып, оның тарихы мен бүгінгі бағытына тоқталды.
– «Шалқардың» тарихы, меніңше, «елім, жерім, халқым» деп өткен көптеген ұлтжанды азаматтың еңбегімен қалыптасты. Бұл сол кісілердің жанкешті қызметінің нәтижесі деп білемін. Бір кездері біз тәулік бойы жұмыс істеген уақытты да бастан өткердік. Ол кезде қазіргідей «диктор» деген қызмет жоқ болатын, менің өзім де сол қызметті атқардым. Шалқарымыз шалқи берсін! Әуе толқынында қалқи берсін! – деді ардагер диктор, журналист, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері Бүркіт Бекмағамбетов.
«Шалқар» арнасының іргесі алғашында Қазақ радиосының «Соңғы хабарлар» редакциясы құрамында қаланды. 1966 жылдың 1 қаңтарында, сағат 19:00-де белгілі диктор Әнуарбек Байжанбаев эфир арқылы ақпаратты-сазды «Шалқар» бағдарламасының дүниеге келгенін хабарлады. Алғаш құрылған күннен-ақ «Шалқар» радиосы ұлттық өнер мен әдебиетті, халықтың рухани мұрасын, дәстүрлі құндылықтарды насихаттауды басты миссиясына айналдырды.
Жеке радиотолқын ретінде қалыптасқан «Шалқар» бастапқы кезеңде тәулігіне небәрі екі сағат хабар таратты. Уақыт өте келе эфир көлемі ұлғайып, 6, 10, 12 сағатқа дейін жетті. Бүгінде «Шалқар» радиосы тәулігіне 18 сағат бойы эфирге шығып, тыңдарманға сапалы мазмұн ұсынып келеді.
– «Шалқар» радиосының алпыс жылдығы менің радиоға келген кезеңіммен тұспа-тұс келеді. Мен де осы салаға 1966 жылы келдім. Содан бері, міне, алпыс жыл уақыт өтіпті. Қарап отырсам, бұл жылдар алты күндей ғана тез өте шыққандай әсер қалдырады. Оның өзіндік себебі де бар. Бұл салада қызық, мақтаныш пен жақсылық көп. Біз осы уақыт аралығында бүкіл Қазақстан еңбеккерлерінің атқарған қызметін дүниежүзіне әуе толқыны арқылы таратып, олардың халыққа пайдалы істерін жеткізіп келдік. Радио – сондай ғажап құрал, – деді белгілі диктор, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі Сауық Жақанова.
Радио ардагері ақпарат тарату құралдарының қоғамдағы орны туралы ой қозғап, замана өзгерісімен қатар радио да жаңа қырынан дамып келе жатқанын айтты. «Радио – қай кезеңде де халықпен бірге жасап келе жатқан рухани серік», – дейді ол.
– Газет оқу үшін оны іздеп, тауып оқу керек. Ал радио, әсіресе, сол кезеңдерде, ауылдағы малшылардың да, даладағы еңбек адамдарының да жан серігі болды. Олар кішкентай радиоқабылдағыш арқылы таудың ішінде жүріп те, кең далада жүріп те хабар тыңдайтын. Қазір заман өзгерді. Енді адамдар радионы телефон арқылы да тыңдай алады. Сондықтан радио ешқашан өз маңызын жоғалтпайды. Бұл – елге қызмет ете беретін құрал. Радионың ғұмыры ұзақ болып, дами беруіне тілектеспін, – деді С.Жақанова.
Сондай-ақ іс-шарада тағылымы мол «Шалқар» радиосының мерейтойына орай жарық көрген «Ұлттың үнбайрағы» атты кітаптың таныстырылымы өтті. Тың туындыда ұлттық радионың қалыптасу кезеңдері мен даму белестері қамтылып, оның бай мұрасы сараланған. Сонымен бірге «Шалқар» радиосының 60 жылдық мерейтойына орай қазақтың тұңғыш радиодикторы, Қазақ радиосының ардагері, КСРО-ның Құрметті радисі, Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген мәдениет қызметкері Мина Сейітова атындағы дикторлар байқауы жарияланды. Байқаудың демеушісі – жазушы Ғабиден Құлахмет атындағы қоғамдық қор.
Естеріңізге салайық, өткен айда Алматы қаласындағы «Радио үйі» ғимаратында толық жөндеуден өткен студия ашылып, оған қазақтың тұңғыш радиодикторы Мина Сейітованың есімі берілген еді.
Алтынай БАУЫРЖАНҚЫЗЫ,
Алматы қаласы