Тіпті, Ормұз бұғазынан еркін жүзіп өтіп жатқан кемелерді де көрдік. Дегенмен кейінгі уақыттардағы келісімдер сәтсіз аяқталып, қақтығыстың ұшқыны қайта тұтанып отыр. Бұған қай тараптың позициясы себеп, келіспеушіліктің өзегі неде?
Ядролық бағдарламаның беталысы
Өткен демалыс күндері АҚШ пен Иранның дипломаттары үшін мазасыз өтті. Пәкістан астанасы Исламабадта екі тараптың делегациялары келіссөз орнатуға ниетті болған. 21 сағатқа созылған келіссөздің соңы ортақ мүддесіз, келіспеушілікпен аяқталып тынды. АҚШ президенті Дональд Трамп 13 сәуірде Астана уақытымен кешкі сағат 19:00-де маңызды мұнай жолы – Ормұз бұғазын Ираннан бұрын өзі бөгеп тастайтынын мәлімдеді. Ал ресми Тегеран Трампың бұл әрекетінен түк шықпайды деп жауап қайтарды.
Негізі өткен келіссөз қақтығыстардың түпкі себебін ашып көрсеткендей әсер қалдырды. Өйткені түптеп келгенде, дипломатия үстелінде Иран ядролық қаруға қол жеткізу мақсатынан айнымайтынын жеткізген. Саясаттанушы Бөріхан Нұрмұхамедовтің айтуынша, АҚШ, әсіресе Израиль бұл тұсты өз қауіпсіздіктеріне тікелей қатер төндіреді деп бағалаған. Енді тараптар ирандықтардың мүддесін шектеуге тырыса береді – санкциялар енгізеді, саяси қысым жасайды, күш көрсетеді.
– Иран үшін ядролық бағдарлама тек қару мәселесі емес, ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету құралы, өйткені ел ұзақ уақыттан бері сыртқы қысым жағдайында өмір сүріп келеді. Сонымен қатар бұл – технологиялық тәуелсіздік пен елдің беделін көрсету тәсілі. Ядролық бағдарлама – Иран үшін келіссөздердегі маңызды құрал, яғни өз ұстанымын күшейтетін көзір іспеттес.
Мәселе мұнымен шектелмейді. Таяу Шығыстағы ықпал үшін күрес ұзақ жылдан бері жалғасып келеді, ал Иран осы үдерісте белсенді рөл атқарады. Ол түрлі елдегі одақтастарын қолдап, өзінің аймақтық ықпалын кеңейтуге ұмтылады. Бұл жағдай АҚШ пен оның серіктестерінің алаңдаушылығын күшейтіп, жалпы текетіресті ушықтыра түспек, – дейді сарапшы.
Б.Нұрмұхамедов осы жерде тағы бір маңызды факторды атады. Екі тараптың ортасында өзара сенім жоқ. Бір келісімге келгеннің өзінде, оның орындала қалатынына толық сенбейді. Өйткені бұған дейін түрлі келісім жасалған, түгелі дерлік бұзылды. Демек, кез келген келісім уақытша сипатта болатыны секілді түсінік қалыптасқан.
– Ормұз бұғазы төңірегіндегі жағдай – осының айқын көрінісі. Бұғаздың ашылуы шиеленістің азайғанын білдіретін белгі ретінде қабылданады. Алайда ол да уақытша, тактикалық қадам ғана. Негізгі қайшылықтар шешілмегендіктен, біраз уақыттан кейін жағдай қайта ушығады. Жалпы алғанда, қазіргі жағдай ұзаққа созылған текетірес сипатына ие. Тараптар бір-біріне қысым көрсетіп, кейде шиеленісті азайтуға тырысады, бірақ түбегейлі келісімге келе алмай отыр. Ірі соғыстың болуы екіталай, өйткені оның салдары тым ауыр болмақ. Дегенмен жақын арада толыққанды шешім табу да оңай емес. Сондықтан шиеленіс толқын тәрізді қайталанып тұра береді, – деп түйіндеді саясаттанушы.
Тараптардың сәтсіз келіссөзден кейінгі өктем әрі агрессияға толы үндеулеріне қарап отырып, Парсы шығанағындағы жағдайдың таяуда реттеле қоятынына күдік бар.
«Қара алтынның» қарыштауы
Геосаяси жағдай бәрінен бұрын жаһандық экономикаға залалын тигізіп отыр. Ормұз бұғазынан шамамен әлемдік мұнайдың 20 пайызы өтеді. Егер жабық тұрса, «қара алтын» құны қайтадан қарыштайды деген сөз. Сарапшылар келіссөздерден кейін-ақ Brent-тің бір баррелі 150 долларға дейін қымбаттауы мүмкін деп болжады. 12 сәуірден бері үздіксіз көтерілген баға 102 доллардың маңайына жетті. Бұл берісі болуы да мүмкін.
Бұл жағдайдың зиянын бірінші болып АҚШ жұртының өзі тартқандай. Себебі Иранға шабуылдан кейін, көп өтпей елде жанармай бағасы 2 есеге жуық өсті. Нарық заңдылығына сай, жанармай қымбаттаған жерде азық-түлік пен қызмет түрлерінің де бағасы құбылады. Түбінде кәсіпорындарға қысым түседі. Америкалықтар Трампқа артқан үміті инфляцияны тежеумен қабысып жатыр еді. Кәрі құрлықтағы жағдай да құбыла бастағанын өткен айда байқадық. Бұл елдерде де жанармай бағасы 15-20 пайызға қымбаттаған. Тіпті, шетелдерге арзан жанармай іздеп барып, сабылып жатқандар жетерлік. Кейбірі бағаны көтермеу үшін шектеу енгізуге әзір отыр.
Басқасын айтпағанда, әлемдегі екінші экономикасы бар Қытайдың өзі жағдайға алаңдай бастады. 2005 жылдан бері бұл ел Таяу Шығысқа 270 млрд доллар инвестиция құйған. Оның біразы қақтығыс кезінде соққыға қалды, 4,66 млрд доллар болатын тағы 12 жоба жоғары қауіп аймағында қалған. Қақтығыс ошағында қалған мыңдаған қытайлықтың өмірі тағы бар. Сол себепті Бейжің Иранды да, араб елдерін де сабырға шақырып, дипломатиялық тепе-теңдік сақтауға мәжбүр.
Дегенмен бәрінен бұрын Таяу Шығыстағы жағдайдың әсері Қазақстан экономикасына қалай әсер ететіні қызық. Осыған дейін еліміздің Иранға астық экспорты азайып жатқанын жазған едік. Әйтсе де, жағымды көрініс табатын тұстар да бар. Экономист Сапарбай Жобаевтың айтуынша, мәселені екіұдай бағалауға болады.
– Таяу Шығыстағы ахуал әлемдегі мұнай нарығына тікелей әсер етіп отыр. Мұнайдың бір баррелі 100 доллардан асты. Бірақ қазір біз бұған дейін жасалған форвардтық және фьючерстік келісімшарт негізінде 70-80 доллардан сатып жатырмыз. Ендігі келісімшарттарда баға жоғарылайды. Ол кезде қазақстандық мұнай компанияларының, Ұлттық қордың табысы көбейетіні даусыз. Яғни, бюджетке қосымша қаражат түсуіне оңай жол ашпақ, – дейді сарапшы.
Сапарбай Жобаевтың пікірінше, екінші тиімділік инвесторлардан болмақ. Өйткені инвесторлардың көбі осындай кезеңде шулы аймақтардан шығып, тыныш аймақтарға инвестиция құяды. Яғни, екінші тұстан Қазақстанның инвестициялық тартымдылығы жақсаруы мүмкін. Қазақстан мұнайдан түсетін табысты халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарту мен инфрақұрылымдық жобаларға жұмсауға тиіс.
Бірақ мәселелер де жоқ емес. Сарапшы елімізге Араб мемлекеттері де инвестиция құйып жүргенін, шиеленіске байланысты солардың біразы тоқтап тұруы ықтимал екенін еске салды. Оның үстіне, Иран – Каспийдің арғы бетіндегі көршіміз. Екіжақты сауда жақсы өсіп келе жатты, тауар айналымын 1 млрд долларға жеткізу үшін қос тарап біраз жұмыс атқарды.
Қалай алғанда да, мұнай құнының өсуі тек пайда әкелетін жағдай секілді көрінбегені абзал. Басқа қырынан экономикалық соққылар беруі мүмкін.
Мадияр ТӨЛЕУ