Арал теңізі маңы адамзат тарихында қолдан жасалған қателіктер салдарынан болған экологиялық апатты аймақ саналады. Бір кездері Сырдария мен Әмудария өзендерінің суын егістік алқапқа шамадан тыс бұру, тіршілік нәрін есепсіз пайдалану Арал айдынының тартылып, экологиялық зардабының арттыруына әкеліп соқтырып отыр. Яғни, соның әсерінен теңіз деңгейі күрт төмендеп, бірнеше бөлікке бөлініп кетті.
Бүгінде теңіз табаны құрғап, су арнасы жүздеген шақырымға қашықтады. Теңізді өңір шөлді аймаққа айналды. Байырғы атакәсіптен береке қашты.
Теңіздің тартылуы өңірдің климаттық жағдайына да айтарлықтай әсер етіп тұр. Аймақта жылыну процесі байқалып, жазы аптап ыстыққа айналып, көктем мен күзде соғатын шаң мен тұзды дауылдар тұмса табиғатты лайлады. Мамандардың пікіріне сәйкес, Аралдан ұйытқып соққан тұзды дауылдар сол аумақтан асып түсіп, алыс аймақтардың да экологиялық ахуалына зор зардабын тигізіп жатыр. Соның салдарынан өсімдіктер дүниесі де тоқырауға ұшырады. Кейінгі жылдары өңірде көп жағдайда шөлге төзімді өсімдіктер өседі. Жануарлар әлемінде де бұрынғыға қарағанда, алуантүрлілік айтарлықтай азайғаны жасырын емес. Дей тұрғанмен, аймақта әлі де болса сайғақ, түлкі, қоян секілді жануарлармен қатар, маусымдық құстардың кейбір түрлері мекен етеді.
Жалпы, ғылыми тұрғыда Арал өңіріне сексеуіл, жыңғыл секілді шөлге төзімді өсімдіктердің өзіндік пайдасы орасан екені дәлелденген. Мамандар мұндай өсімдіктер құмды тежеп, топырақ эрозиясын азайтып, қуаңшылықты еңсеруде маңызды рөл атқаратынын айтып жүр. Атап айтқанда, сексеуіл өсімдігі құмға қорғаныш, желге төзімді болса, жыңғыл тұзды топыраққа бейім келетіні белгілі. Сонымен қатар жиде құрғақшылыққа төзімді келсе, бұталы өсімдіктер қорғаныш белдеулері үшін таптырмас шешім саналады.
Негізінен, өңірде Арал табанын жаңа экожүйе алаңына айналдыру, сексеуіл өсімдігін табиғи қорғаныс қалқаны ретінде пайдалану мақсатында жүйелі бастамалар қолға алынып жатыр. Соның негізінде Арал теңізінің құрғаған ұлтанына сексеуіл көшеттерін егуге бағытталған стратегиялық жоба кезең-кезеңімен іске асып келеді. Мемлекеттік деңгейде қолға алынған бұл жобаның тұзды шаңға тұншыққан аралдықтарға берері мол. Дей тұрғанмен, арнайы питомниктер ашып, бұл жұмыстың одан әрі жүйелендіру жоғары маңызға ие.
Осы орайда өңірдің экологиялық ахуалын еңсеруге негіз болатын бірегей жобаны жүзеге асыру назардан тыс емес. Соның ішінде алғашқылардың бірі болып жүйелі жұмысын бастаған «Тұран көшет питомнигі» жобасын айрықша атап өтуге болады.
Ұйымдастырушылар аталмыш жоба аясында жерасты суын игере отырып, қуаңшылық басқан өңірді көгалды аймаққа айналдыруды басты мақсат тұтады.
– Жалпы, бұл жобаны жүзеге асыру көптен бері көкейде жүрген шаруа болатын. Бұған дейін жобаны сәтті қорғап шықтық. Жоба «Жаһандық экология қорының» қаржыландырылуымен жүзеге асырылды. Жобаның негізгі мақсатына келсем, жерасты суын тұщытып, қуаңшылық басқан өңірді көгалдандыру мақсатында аяқсу ретінде пайдалану жоспарланған. Соның негізінде питомник құрып, түрлі көшет егу арқылы өңірді көгалды аймаққа айналдыруды көздейміз. Жобамыз бірнеше жылдан бері белгілі себептермен кейінге шегеріліп келді. Биыл ғана тәлімбақ жұмысын түбегейлі қолға ала бастады. Бұл бірінші кезекте Арал өңіріне өсімдіктердің сан алуан түрін отырғызу арқылы табиғи тепе-теңдікті қалпына келтіруге негіз болатынына сенім зор, – дейді жоба жетекшісі Айнұр Рысбаева.
Оның айтуынша, бірегей жобаның бастамасы да жаман емес. Арал қаласының батыс беткейінен арнайы белгіленген аумаққа питомник ісін жандандыру мақсатында қарқынды жұмыс жүргізіле бастаған. Онда жергілікті сексеуіл көшеттерімен қатар түрлі өсімдіктер, Арал табиғатына таңсық ағаш түрлерін жерсіндіруге күш салып жатқанын айтады. Сол аумақтан «Тұран бағы» деген атаумен тәлімбақ жұмысын жолға қойып қана қоймай, тұрғылықты халық серуендейтін жасыл желекті саябақ ашуды да көздейді.
Тарқатып айтсақ, тәлімбақтың жалпы аумағы шамамен 2 гектарды алып жатыр. Онда түрлі ағаш көшеті мен өсімдік түрлерін отырғызу жұмыстары қарқын алған. Атап айтқанда, 4 мың түп бұталы өсімдіктер, құм көшкінін тежеу мақсатында 1000 түп жергілікті сексеуіл, арнайы питомникте өсірілген 10 түптен 10 қатарға 200-дей шырша, туя сынды ағаш көшеттері жерсіндіріліп жатыр. Мұнан өзге алма, арша, 500 түптен астам қайың ағаштары, 100 түп қара тал, роза гүлі секілді өсімдіктің сан алуан түрі жайқалып тұр.
– Алғашында питомник ашу ісінде тәжірибеміз аз болды. Сондықтан арнайы мамандардың ақыл-кеңесіне жүгіндік. Нәтижесінде, Меркі өңіріндегі түрік мамандары бізге көмекке келді. Тәлімбақтың алғашқы қадасын қадаған күннен бастап, көшеттерді отырғызу тәсілін меңгеруге осы түріктердің ықпалы зор болды. Жуырда қатарымызға Аралдың жастарынан құрылған еріктілер тобы қосылды. Туған жерін көркейтуге ынтасы асқақ жастар тәлімбақ жұмысын түрлендіруге білек сыбана кірісіп кетті. Бұл да біз үшін үлкен қолдау болды, – дейді ол.
Негізінен өңірдегі «Тұран ойпаты – Арал теңізі» қоғамдық бірлестігі Аралдың экологиялық мәселелерімен тұрақты түрде айналысып келеді. Соның дәлеліндей, қоғамдық бірлестік төрағасы әрі жоба жетекшісі Айнұр Рысбаева «Тұран көшет питомнигін» де бірегей жобаның жемісі ретінде түсіндірді.
Питомник жұмысын бір жүйеге түсірген соң сол аумаққа арнайы орындықтар орнатып, халық серуендейтін саялы саябаққа айналдыру да – алдағы жоспарларының бірі. Осы арқылы шөлейтті өңірді, жасыл желегі жайқалған көгалды аймаққа айналдыруды көздейді.
«Тұран көшет питомнигі» жобасын жүзеге асыруда жергілікті құзырлы орындардың да қолдауын сезініп отырғанын алға тартады. Оның ішінде ауқымды жобаны қолдаушылар питомник жұмысының өшімшеңдігіне сенім білдіреді.
– Жалпы, Арал өңірінен питомник ашу ісі ұзақ жылдар сараланып, ғылыми тұрғыда мақұлданған жоба. Яғни, тәлімбақ жұмысын жандандыру арқылы құрғаған теңіз табанын көгалдандыру, құм көшкінін тоқтату, экологиялық жағдайды жақсартуға үлкен сеп болатыны әлдеқашан дәлелденген. Өйткені питомник ашу экологиялық зардапты еңсеріп қана қоймай, орман щаруашылығының өркендеуіне де үлкен сеп болары сөзсіз. Соның ішінде «Тұран көшет питомнигі» жобасы сәтті қорғалып, «Жаһандық экология қорының» қолдауымен қаржыландырылып отыр. Өз тарапымыздан бұл жобаны қолдап, қолдан келген көмегімізді көрсетіп келеміз. Қазірдің өзінде тәлімбақта өсімдіктің сан алуан түрі Арал табиғатына жерсіндіріліп жатыр. Алда питомник жобасы Аралдың экологиялық ахуалын еңсеруге жол ашарына сеніммен қараймыз, – дейді «Барсакелмес» мемлекеттік табиғи қорығының директоры Хамит Қаниев.
Жалпы, кейінгі жылдары Арал өңірін қайта қалпына келтіру бағытында көптеген іргелі жоба қолға алынып жатыр. Соның бірі – Көкарал бөгетін биіктету жобасынан тұрғылықты халықтың үміті зор. Осы арқылы өңірдің балық шаруашылығын да қайта өркендетуге мүмкіндік артады деп күтілуде.
Бүгінде Арал теңізінің тағдыры барша адамзатқа төнген ортақ қауіп ретінде қарастырылып келеді. Осы экологиялық қасіретті еңсеруде жергілікті жұртшылық «Тұран көшет питомнигі» жобасы Аралдың тұмса табиғатын қалыптастыруға аз да болса өз ықпалын тигізеріне сеніммен қарайды.
Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ,
Қызылорда облысы