Жақында Мәжілістің жалпы отырысында “Жануарларға жауапкершілікпен қарау” туралы заңға енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар жайында қоғам белсендісі Мұхтар Өтесов өз ойын бөлісті, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Оралдық азаматтың айтуынша, осы мәселенің көтеріп келе жатқанынан үш жылдан асқан. Депутаттар өңірлерді аралағанда тұрғындар бұралқы иттердің көбейгенін айтып, мәселені шешуді сұраған. Өйткені бұралқы иттер топтасып жүріп, елге шабуылдайтыны тағы бар.
– Меніңше, бұралқы иттердің көзін жою керек. Соңғы үш жылда қаңғыбас иттің қаншамаса қанша адамды қауып, талап тастады. Тіпті, балалар өзіміздің үй жақтағы мектепке бара алмайды. Қаншама тұрғындар қаңғыбас иттердің көше кезіп, оларға шабуылдағанын видеоға түсіріп жібереді. Соның бәрін әкімдікке хабарлап, тіркетіп отырдық. Олар өз тарапынан итті ұстап, қамауға алады. Алайда артынан итқорғаушылар оларды босатып, қайта далаға жібереді. Иесі жоқ итке кімнен сұрау аласыз?
Екіншіден, кейбір қарттарың көше бойында, аулада, аялдамада оларға тамақ беріп кетеді. Бұралқы иттерің оны жеп алған соң сол жерді қориды. Жанына ешкімді жақындатпайды. Ал ол жерлерде балалар өтеді, қайсыбірін қауып алып та жатады. Сол себепті иесіз иттерді атып тастау керек. Егер иттің қожайыны болса, чип салдырып, паспорт алып, екпесін салдыртып, оны өз ауласында немесе өзімен ұстап жүре берсін. Әрбір азамат өзіне ғана емес, асырап, ұстап отырған итіне де жауапкершілігін сезінуі керек, – дейді Мұхтар Өтесов.
Оның айтуынша, егер читте ип болмаса, ол бұралқы, иесіз деп есептеледі. Сондықтан оны конфискация жасайды. Егер итке таланған адамның денсаулығына зиян келсе немесе қайтыс болған жағдайда жануардың иесіне 100 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынады. Сол себепті қоғам белсендісі заңға енгізілетін бұл өзгерістерді дұрыс деп санайды.