Вакцина салынған қаңғыбас итті қайта далаға жіберсе, ортаға паразит тасиды – Сергей Головенко

Қаңғыбас иттер – қауіпті аурулардың таралуына бірден-бір себепкер.

Елімізде “Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы” заңға енгізілетін түзетулерді талқылау аясында қараусыз жүрген иттердің санын азайтып, жұртты қауіп-қатерден қаншалықты сақтайтыны жайында биолог Сергей Головенко айтып берді, – деп хабарлайды Aikyn.kz

 Оның айтуынша, қаңғыбас иттерді жаппай эвтаназия әдісіне көшіру қатыгездік шара емес, олардың шектен тыс көбеюі бақылаудан шыққандықтан қажеттіліктен туындаған дүние.

– Олардың көбеюі шектен тыс асып кетсе, оған уақыт пен қаражат шектеулі болса, бұдан шығар бір ғана жол – қайтарымсыз алу. Бұл – қаңғыбас иттердің көбею циклін тез үзуге мүмкіндік береді. Мысалы, стерилизация арқылы олардың санын азайту үшін ұрғашы иттің кемінде 70%-ын бір мезгілде қамту қажет. Алайда бұл көрсеткіш біздің елде өте төмен. Сондықтан бұралқы иттерді ұстау – стерилизация – вакцинация – қайта жіберу әсерін жоққа шығарып отыр, – дейді Сергей Головенко.

 Головенконың айтуынша, қаңғыбас иттер – қауіпті аурулардың таралуына бірден-бір себепкер.

– Қаңғыбас иттер – табиғат пен адам арасын байланыстырған көпір. Олар түлкі, қарсақтармен араласып, салдарынан вирус жұқтырып, оны тұрғындар аймағына жеткізуші.  Иттер құтырудан бөлек, олар эхинококкоз секілді адамның ағзасына қауіпті вирусты таратады. Ал қатаң бақылаусыз үй жануарларын вакцинациялау науқанын жүргізген компания тек жартылай нәтиже көрсетеді.  Сондықтан бұндай жағдайда ең дұрыс шешім эвтаназия жасау. Эвтаназия – ортадан вирус тасымалдаушыны бірден жояды. Тіпті, стерилденіп, вакцина салынған итті қайта далаға жіберсе, ортаға паразит тасушы болады. Не болмаса вакцина әсері аяқталған соң құтыруды жұқтыруы ықтимал. Ауру ошақтарын тез жою үшін әлемде ең жедел әдіс ретінде дәл осындай физикалық алып тастау танылған, – деді Сергей Головенко.

Дегенмен сарапшы эвтаназияның өзі ұзақмерзімді перспективада мәселені толық шешпейтінін мойындайды.

Айтуынша, егер қараусыз иттердің пайда болу себебі жойылмаса, олар қайтадан тез көбейеді. Негізгі себептердің қатарында: азықтың қолжетімділігі, яғни қоқыс контейнерлерінің ашық қалуы, заңсыз қоқыс үйіндісінің көбеюі, тұрғындардың тамақ беруі және иелердің жауапсыздығы бар.