Бала кезінен классикалық музыкаға әуес Алдияр 2016 жылы музыкалық мектептің академиялық вокал бөліміне оқуға түсіп, өнер жолындағы алғашқы қадамын жасаған. Оқушы кезінен-ақ ария орындауға машықтанған ол республикалық байқауларда жүлделі орындарға ие болып, мамандар тарапынан жоғары бағаланды. Музыка сарапшылары жас орындаушының дауысын лирикалық баритон ретінде ерекше атап өтеді.
Мектепті тәмамдаған соң Алдияр Петропавл қаласындағы Ермек Серкебаев атындағы өнер колледжіне оқуға түсіп, академиялық вокал және музыкалық педагогика бағытында білім алды. Осы жылдары оның опера өнеріне деген қызығушылығы артып, кәсіби шеберлігі шыңдала түсті.
2023 жылы халықаралық жастар арасындағы опера байқауында «Бухенвальдский дабылы» шығармасын орындап, бас жүлдені иеленуі — жас операшының үлкен жетістігі. Алдиярдың айтуынша, ол сахнаға төрт жасынан бастап шыққан. Өнерге деген сүйіспеншілігі отбасынан дарыған.
— Маған әйгілі баритон Юрий Мазуроктың орындауындағы «Ариозо Мизгиря» шығармасы және көрнекті опера әншісі Ермек Серкебаевтың «Абай» операсындағы партиясы ерекше әсер қалдырды. Ер азамат ретінде Отан алдындағы борышымды өтеп, кейін шығармашылық жолда биік белестерді бағындыруды мақсат етемін. Әскер мені шыдамдылыққа, тәртіпке және батылдыққа тәрбиеледі. Ал бұл өмірін өнерге арнаған жанның бойынан табылуы тиіс қасиеттер. — дейді сарбаз.
Өнермен қатар, Алдияр спортта да нәтижелі жетістіктерге жеткен. Алты жасынан бастап каратэмен айналысып, киокушинкай бағыты бойынша Солтүстік Қазақстан облысының құрамасына енген. Әскерге дейін спортшы қоңыр жолағы бар жасыл белбеу иегері атанған. Қазіргі таңда ол әскери қызметін абыроймен атқарып, Павлодар қаласындағы түзеу мекемелерінде қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге үлес қосуда. Айта кетейік, жас опера әншісі әскерден кейін Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясына түсіп, опера өнері бойынша білімін одан әрі жалғастыруды жоспарлап отыр.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.