«Рейтингтік қызмет» заңмен реттеледі

Мәжіліс Спикері Ерлан Қошановтың төрағалығымен өткен жалпы отырыста депутаттар «Рейтингтік қызмет туралы» заң жобасы мен ілеспе түзетулерін бірінші оқылымда мақұлдады. Сондай-ақ екінші оқылымда депутаттар бастамашылық еткен ғылым мәселелері бойынша түзетулер қабылданды.

«Рейтингтік қызмет туралы» заң жобасы мен оған ілеспе түзетулер Қазақстан Республикасының қаржы секторын дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасын іске асыру аясында әзірленген. Құжатты депутаттарға Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбіл­қ­асымова таныстырды.

– Жаңа заң алғаш рет Қазақстанда кредиттік рейтингтік агенттіктердің қызметін реттеудің құқықтық негізін белгілейді. Олардың мәртебесі, қызмет шарттары, тәуелсіздік, ашықтық және есептілік талаптары айқындалады. Кредиттік рейтингтерді кредиттік сын-қатерлерді бағалау және инвестициялық шешімдер қабылдау кезінде инвесторлар, банктер және қаржы реттеушілері кеңінен қолданады, – деді Агенттік басшысы.

Заң жобасы нарықтың жаңа институционалдық моделін енгізеді. Ол Ұлттық банктің қатысуымен қазақстандық рейтингтік агенттік құруға, сондай-ақ шетелдік және халықаралық агенттіктерді тануға құқықтық негіз қалайды. Соның ішінде Эко­номикалық ынтымақтастық пен даму ұйымы­ның кемінде бес елінде мойындалған халықаралық агенттіктер де қамтылады. 

Бұл ретте кредиттік рейтингтік агенттіктердің қызметін реттеу мен қадағалаудың толық циклі қалыптасады. Мәдина Әбілқасымованың айту­ынша, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агент­тігіне халықаралық және шетелдік рейтинг­тік агенттіктерді тану, мониторинг жүргізу және тану­ды қайтарып алу, сондай-ақ рейтингтік қыз­мет туралы заңнама талаптарының сақталуын бақылау өкілеттіктері беріледі. 

Халықаралық және шетелдік рейтингтік агенттіктердің нарыққа кіруі үшін кемінде бес жыл жұмыс тәжірибесінің болуы, меншікті капи­талдың жеткілікті деңгейі және басқа да біліктілік талаптары белгіленеді.

Қазақстандық рейтингтік агенттік үшін заң­нама аясында жарғылық және меншікті капи­талдың ең төменгі мөлшеріне қойылатын талап­тар айқындалады. Жарғылық капитал шамамен 10 млрд теңгені құрайды деп күтілуде, бұл басқа елдердегі ұқсас агенттіктердің тәжіри­бесіне сәй­кес келеді.

Мәжілістің Қаржы және бюджет комитетінің төрағасы, жұмыс тобының жетекшісі Татьяна Савельева рейтинг беру тек бекітілген әдіснама негізінде жүзеге асырылатынын нақтылады. Сонымен қатар әдіснаманы тұрақты түрде жаңар­ту, өзгерістерді көрсету және рейтингтерге әсер ететін қателіктер туралы ақпаратты жариялау талаптары енгізіледі.

– Тәуелсіздік мәселесіне ерекше назар аударылды. Рейтингтік агенттіктерге өздерінің негізгі функциясы – рейтинг беруде мүдделер қақтығысын болдырмау үшін консультациялық қызмет көрсетуге тыйым салынады. Егер мұндай жағдай туындаған кезде жекелеген сабақтас талдау және зерттеу қызметтеріне рұқсат етіледі, – деді Мәжіліс депутаты.

Баяндамашылар ұсынылып отырған заң жобасы кредиттік рейтингтердің ашықтығын, тәуелсіздігін және сапасын қамтамасыз етуге бағытталған рейтингтік қызметті реттеудің жүйелі моделін қалыптастыратынын атап өтті. Құжаттың қабылдануы ішкі капитал нарығын дамытуға институционалдық негіз қалыптастырып, инвес­торлардың құқықтарын қорғауды күшейтіп, қаржы жүйесіне деген сенімді арттырады. 

Талқылау барысында депутаттар ұлттық рейтингтік жүйені енгізу қаржы ұйымдары үшін қандай мүмкіндіктерге жол ашатыны, халық­аралық рейтингтері бар банктерді ұлттық рей­тингті пайдалануға ынталандыру шаралары туралы сұрақтар қойды. Сондай-ақ депутаттар Ұлттық банктің қазақстандық рейтингтік агенттік акционерлерінің қатарында болуының негізділігі мен оның болжамды үлесі жөнінде пікір білдірді. Агенттіктердің сапасыз рейтинг бергені үшін қан­дай жауапкершілік арқалайтыны және басқа да мәселелер сөз болды. 

Пікірталас қорытындысы бойынша депутаттар заң жобаларын бірінші оқылымда мақұлдау туралы шешім қабылдады. Жұмыс тобының отыр­ыс­тарында құжатқа қатысты жұмыс жалға­сатын болады.

Сонымен қатар екінші оқылымда ғылыми-техникалық қызметті жетілдіруге бағытталған, ғылым мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулары бар депутаттық заң қабылданды.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ғылым қалашықтарын құру жөнінде нақты тапсырма берген болатын. Сол тапсырманы іске асыру үшін біз заңға алғаш рет «ғылыми аумақ» ұғымын енгізіп отырмыз. Ол жеке елді мекен – ғылым қаласы (Курчатов сияқты) немесе ғылыми-технологиялық парк форматында болуы мүмкін, – деді Мәжілістің Әлеуметтік-мәдени даму коми­тетінің төрағасы, жұмыс тобының жетекшісі Асхат Аймағамбетов.

Депутаттың айтуынша, мұндай аумақтар үшін жеңілдіктер мен арнайы жағдайларды қамтитын кешенді қолдау шаралары қарастырылған. Атап айтқанда, инновацияларды мемлекеттік қолдау, арнайы білім беру гранттарын бөлу, сондай-ақ арнайы экономикалық аймақ мәртебесін алу мүмкіндігі көзделген. Бір сөзбен айтқанда, ғы­лыми зерттеуден бастап өндіріске енгізу мен ком­мерцияландыруға дейінгі толыққанды эко­жүйе қалыптасады.

Сонымен қатар ғылыми жобалар мен бағдар­ламаларды іске асыру мерзімдерін есептеу тәртібі заң арқылы жетілдіріледі. Енді ғылыми жобаның басталуы күнтізбелік жылдың басынан емес, келісімшарттың нақты жасалған күннен бастап автоматты түрде айқындалады.

Асхат Аймағамбетовтің айтуынша, Ұлттық ғылым академиясының қызметін тежеп отырған бірқатар мәселе шешілуде. Бұл оның мүлкін қалыптастыру тәртібін нақты реттеуге, басқару тетіктерін жүйелеуге және тұрақты қаржыландыру көздерін анықтауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар ғылымды қаржыландыру жүйесіндегі жау­ап­кершілік пен мемлекеттік бақылау күшейтіледі. 

Заңда ғалымдардың өз қызметін дербес жос­парлау, нәтижелерді еркін жариялау құқығын және академиялық еркіндікті бекітетін нормалар енгізілген.

Сондай-ақ «ұжымдық пайдаланылатын зерт­ханалар» ұғымы мен мұндай зертханаларды барлық ғалым үшін қолжетімді етуге мүмкіндік беретін тиісті тетік бекітіледі. Ал дарынды балалар мен пәндік олимпиадалар бойынша ұлттық құра­ма­лар мемлекеттік университеттердің зертхана­ларын тегін пайдалану құқығына ие болады.

Асхат Аймағамбетов заңның денсаулық сақтау, әлеуметтік қамсыздандыру және білім беру салаларын да қамтитынын айтты. Атап айтқанда, дәрілік препараттарды тіркеу мерзімі 210 күннен 100 күнге дейін айтарлықтай қысқарады, халық­аралық реттеушілер мақұлдаған жаңа препарат­тарды тіркеудің жеделдетілген рәсімі енгізіледі. Бұдан бөлек, ұзақ уақыт бойы комада жатқан азаматтардың жақын туыстары немесе жұбайлары олардың атынан мүгедектік тобын белгілеу үшін куәландыруға өтініш бере алады. Бұл оларға тиісті жәрдемақылар мен техникалық оңалту құрал­дарын алуға мүмкіндік береді.

Бұдан бөлек, Мәжілістің Аграрлық мәселелер комитеті депутаттар бастамашылық еткен селек­циялық жетістіктерді қорғау туралы ілеспе түзетулері бар жаңа заң жобасын жұмысқа қабыл­дады.

Жалпы отырыс қорытындысы бойынша депутат­тар мемлекеттік органдарға өзекті әлеу­меттік және экономикалық тақырыптар бойынша 13 депутаттық сауал жолдады. Олардың барлығы Мәжілістің ресми сайтында және Telegram-­арнасында жарияланды.