Ресей империясы XX ғасыр басында үлкен Үндістанға бастайтын кілт пен қақпа ретінде қарастырылған Қазақстан мен Орта Азияны отарлауды аяқтайды. Бұхар әмірлігі мен Хиуа хандығы дербестігін сақтағанымен, экономикалық жағынан түгелдей Ресейге тәуелді еді. Сол замандағы ең алпауыт империя – Ұлыбритания мен Ресей бодандығына түскен елдер арасындағы буферлік аймақ саналатын ауған жеріне басып кіруге жүрегі дауаламаған орыс әскерлері осы күнгі Тәжікстан тұсынан тізгін тартады.
Ежелгі парсы жұрты да ұзақ жылдар бойы Ресей империясының көзін арбаумен болды. Әуелі 1804-1813 жылдарда басталып, кейін 1826-1828 жылдарда шегіне жеткен екі бірдей орыс-парсы соғысының нәтижесінде озбыр орыс империясы Кавказ жұртын түгел жаулап, Туркманчай шартына сәйкес отарлық шекара шепті айқындайды. Осылайша, ежелгі түркі-мұсылман жұртындағы үлкенді-кішілі хандықтар мен әмірліктерді басып алып, түстікті отарлауды тауысқан соң жемсауы бүлкілдеген озбыр Ресейдің назары Қиыр Шығысқа ауады.
Орыс-жапон соғысы кеңес тарихшылары жабыла жазғандай, жапон империализміне тұтқиылдан жасалған соғыс болған жоқ. Ресей бұған жылдар бойы қапысыз даярланды. Әуелі дін қарындастығын алға тартып, Еуропа жұртшылығымен ауызбірлікті күшейтті. Ымыраласу, ықпалдасу бағытындағы үлкенді-кішілі шарттарға қол қойылды. Мэйдзи реформасынан кейінгі аз ғана уақыт ішінде экономикасы мен әскери күш-қуатын әлденеше есе арттырып, Қиыр Шығыстағы ең қуатты державаға айналған Жапонияның әр қадамын аңдып, тыңшылық пен барлауды күшейтті.
Жапония 1894-1895 жылдардағы жапон-қытай соғысының нәтижесінде Қытайды тас-талқан етіп жеңіп, Кореямен бірге Қытайдың солтүстік-шығысындағы Манжурияны қоса жаулап, осы өңірге үнемі көзінің құртын салумен болған Ресейдің өзіне қауіп төндіреді.
Император екінші Николайдың жазбалары мен хаттарына қарап, оның жапондармен соғысқа 1900-1901 жылдарда-ақ дайындала бастағанын аңғарамыз. Бүлікке ілік іздеген екі жақтың қарым-қатынасы барған сайын ушығып, әуелі жапон әскерлері 1904 жылы Порт-Артурды басып алады. Олар мұнымен де тоқтамай, 1905 жылы Мукден (осы күнгі Қытай жеріндегі Шэньян қаласы) түбінде орыстарға ойсырата соққы беріп, Цусима теңіз шайқасында өзінен ондаған есе үлкен Ресейдей алып империяның теңіз флотын тас-талқан етіп жеңеді. Орыс-жапон соғысын сырттай бақылап отырған алпауыт мемлекеттер оның әлемдік геосаясатқа зор ықпал жасайтын қорытындысынан барынша өз мүдделерін қорғап бақты.
АҚШ пен Ұлыбритания үшін Ресейдің күш алып, Еуропаға қауіп төндіруі қажет емес еді. Олар Корея мен Қытайды тізерлетіп, Ресейге ауыз салған Жапонияның Азияны жеке-дара билеп-төстеуге ұмтылған озбырлығынан да қатты сескенді. Мұның соңы АҚШ-тың арағайындығымен 1905 жылдың 25 тамызында «Портсмут бейбіт келісімінің» жасалып, оның нәтижесі бойынша орыстар ұзақ жылдарға жалға алып келген Ляодун түбегі, Порт-Артур мен Дальян порттары, сондай-ақ Ресей салған Оңтүстік-манжур теміржолы және Сахалиннің оңтүстігі түгелдей жапондар иелігіне өтеді. Осылайша, XX ғасыр басында жер көлемі шағын, халқының саны шамалы болса да шымыр жаңғақтай мықты, аз ғана уақыт ішінде орасан зор техникалық және технологиялық жетістіктерге қол жеткізген Жапония сияқты азиялық жолбарыс әлем тарихының төріне қарай озды.
ХІХ ғасыр бойына Орта Азия мен Кавказдағы әлемдегі өнеркәсіптік революциядан шет қалып қойған шағын мемлекеттерді қанды қырғынмен жаулап, орыс қаруының жеңімпаздығы жөнінде миф қалыптастырып үлгерген алып Ресейдің алақандай Жапониядан оңбай жеңілуі жалған аңызға өлердей сеніп келген орыс мұжығының ашу-ызасын туғызып, кеңестік тарих ғылымы мен оқулықтарда әсіре насихатталған «бірінші орыс революциясын» туғызды.
Жас Мұхтар Әуезов
Бүкіл әлем бұрын артта қалған, жабық ел санатындағы Жапонияның табыстарына таң-тамаша болып, оның экономикасы, әскери күш-қуатымен қатар тілі, байырғы мәдениеті мен өнерін де зерттей бастады. Солардың қатарында Мәскеу мен Петербордың және Ресейдің аса үлкен университеттері мен жоғары оқу орындарында білім алған Алаш қайраткерлері де болды.
Жапон жұртын әлемдік өркениет биігіне көтерген «Мэйдзи реставрациясы» деген қандай реформа еді? Енді осының тарихына да аз-кем тоқталып өтейік...
Мэйдзи реформасы – әлем ғалымдары тарапынан жан-жақты зерттелген құбылыс. Белгілі жапонтанушы ғалым, Гарвард университетінің профессоры Эндрю Гордонның (Andrew Gоrdon) «Жапонияның жаңғыру тарихы: Токугава заманынан бүгінге дейін» (A modern history of Japan: from Tokugawa times to the present) атты еңбегі АҚШ-та қатарынан төрт рет басылып, әлемнің бірқатар тіліне аударылды. Бұл зерттеу Жапонияда мойындалып, авторға мәртебелі сыйлық та берілді. Тағы бір америкалық жапонтанушы, Йель университетінің профессоры Джон Уитни Холлдың (John Whitney Hall) «Жапония: арғы тарихтан бүгінге дейін» (Japan: from prehistory to modern times) атты монографиясы да әлемдік жапонтанушылар тарапынан жоғары бағаға ие болды. Бұл зерттеу де жапон тарапынан айрықша атап өтілді. Тізімді тым ары созбай, тағы бір еңбекті атар болсақ, оған америкалық жапонтанушы, профессор Джеймс Л.Мак-Клейннің (James L.McClain) «Жапонияның жаңғыру тарихы» (Japon: а modern history) монографиясын қосуға болады.
Біздің мақсатымыз бұл еңбектерді түгелдей талдап шығу емес. Әлем зиялы қауымымен бірге Алаш қайраткерлерін де таң-тамаша қалдырған Мэйдзи реформасының құпиясын осындай ірі ғалымдардың байсалды байламдары арқылы танып, түсіндіру. Жапон тарихындағы түбегейлі өзгерістерге жол ашқан бұл реформаны зерттеушілер оны «Мэйдзи реставрациясы», «Мэйдзи жаңаруы», тіпті «Мэйдзи төңкерісі» деп те атайды.
Жапон қоғамын 1192 жылдан бастап 1868 жылға дейін әскери ақсүйектер өкілі – сёгундар биледі. Оларды біздің отаршыл тарихымызға жақындау ұғыммен сипаттар болсақ, «генерал-губернаторға» жуықтау. Ресейде генерал-губернаторды император тағайындаса, сёгун өз аймағында жеке-дара, тәуелсіз билік жүргізді. Олардың билік пен жерге үздіксіз талас-тартысынан жапон қоғамында бітпейтін қарулы қақтығыстар орын алып, елдің әбден берекесі кетті.
Мэйдзи реформасы өзара қырық пышақ болған сёгундық билікті бір орталыққа біріктіріп, императорлық басқаруды орнықтырды. Сол замандағы ең ықпалды сёгун Токугава 1867 жылы 9 қарашада бар билікті Жапония императорына өткізген күннен бастап, самурайлардың бес ғасыр бойы, ал Токугава әулетінің табан аудармастан 265 жыл Жапонияны билеу дәуірі аяқталып, билік атаулы біржолата жас императордың қолына көшеді. Қабағынан қар жауып, қаһарына мұз қатқан сұрапыл самурайларды оп-оңай жуасытып, билікті қолына алған император Муцухитоның жасы 1867 жылы енді ғана 15-ке толған еді. Әрине, мұндай төңкеріс жас баланың қолынан келмейтіні өзінен-өзі түсінікті.
ХІХ ғасырда Еуропада өнеркәсіп революциясы өрістеп, адамзат тарихында бұрын-соңды болмаған техникалық, технологиялық өзгерістерге жол ашылды. Әлемдегі алпауыт мемлекеттер жаңару жолына түсті. Жапон зиялы қауымымен өзара қырқысудан әбден титықтаған сёгундар ел дамуына серпіліс әкелетін жаңғырудың қажеттігін жақсы түсінді. Ол үшін бір орталықтан басқарылатын мығым билік қажет еді. Ал оның бірден-бір жолы императорлықты нығайту болды.
Сёгунат заманында императордың жапон қоғамындағы ықпалы шамалы еді. Сондай әлсіз императордың бірі Комэй 1867 жылы аяқастынан 36 жасында дүние салады. Осылайша, билік басына 1867 жылдың 3 ақпанында тақ мұрагері Муцухито келеді. Жыл соңында жапон қоғамын үш ғасырға жуық билеп келген ең ықпалды әулет өкілі Токугава Ёсинобу өз еркімен сёгундік атақтан бас тартып, бар билікті императорға өткізеді.
Келесі 1868 жылдың 4 қаңтарында Муцухито Жапонияда императорлық биліктің толық қалпына келтірілгені жөнінде жарлық шығарып, жер-жаһанға жария етеді. Бұл шешімге қарсылық білдірген елдегі түрлі саяси күштердің қарулы көтерілістері мен қарсылықтары бір жыл ішінде түгелдей тойтарылып, 1869 жылы ескі дәстүрге сай Жапонияның 122-императорының «Мэйдзи» дәуірі басталады. Осы тұста жапон тілінде «білімді билік» деген мағына беретін «мэйдзи» сөзінің төркіні Жүсіп Баласағұнның «Құтты білік» деген ұғымымен ұштасатынын аңғарта кетсек, артық бола қоймас.
Жаңа император елді байырғы байтақ – Киотодан басқарып, бұған дейін сёгундар қорғаны болып келген көне қала Эдоның атын «Токио», яғни «шығыс астана» деп өзгертеді. Бүгінде әлемге әйгілі Токионың дәуірлеу кезеңі де осы өзгерістен басталды. «Мэйдзи» ұлттық салт-дәстүрлерді сақтай отырып, күллі әлемнен оқшауланып келген жапон қоғамын түбегейлі түрде жаңғыртты. Жаңа үкімет жасақталып, «Дайд зёкан» деп аталатын Қазақ хандығындағы «хан кеңесіне» ұқсас мемлекеттік кеңес палатасы құрылды.
Жапондар әуел бастан бірден-бір дұрыс жол таңдап, АҚШ Конституциясына сәйкес билікті: заң шығарушы, атқарушы және сот билігі деп үш тармаққа бөледі. Бұл сёгунат заманындағыдай бар биліктің императордың ғана қолында шоғырлануын болдырмай, жаңа демократиялық үдерістерге жол ашып, билік тармақтарының дербестігін және қоғам алдындағы жауапкершілігін күшейтті.
Сёгунат жойылғанымен, елдегі үлкенді-кішілі хандық бөліністер («хан» деп жапондар кішігірім кінәздікті атаған) сақталып қалды. Император 1871 жылы 277 хандық құрылымдарды жойып, оның орнына орталыққа бағынышты префектуралар құрды. «Мэйдзи» реформасы талапты, табанды, ержүрек, еңбекқор жапон халқын әлемге жаңа қырынан танытты. Саяси, экономикалық үдерістер жапон қоғамын серпілтіп, жедел жаңғыру жолына түсірді.
15 жасар император Муцухито
Ескі жапон қоғамын дүр сілкіндірген орасан зор өзгерістерді қанша данышпан болса да 15 жасар император жүзеге асыра алмайтыны белгілі еді. Дүниежүзі халықтарын әлі күнге дейін таңғалдырумен келе жатқан бұл ғажайып реформаның авторы ретінде жапонтанушылар үш арыстың есімін атайды.
Жапондықтар зор құрметпен «Үш ұлы қаһарман» немесе «Үш асылзада азамат» деп атайтын үштіктің ұшар басында тұрған Кидо Такаёси елдегі ең қиын түйінді жер реформасы мен жаңа әкімшілік-аумақтық басқару жүйесін енгізіп, ұзақ жылдар бойы императордың кеңесшісі қызметін атқарды. Озық тәжірибені үйрену үшін АҚШ пен Еуропа, тіпті Ресейге дейін барып, олардың табысын зерттеген қайраткер тұлға біраз уақыт Мәдениет министрі қызметін де атқарыпты.
Тағы бір қаһарманның есімі – Окубо Тосимити. Ол Жапонияның жаңа экономикалық саясатын жүзеге асырып, батыстық үлгідегі қаржы-қаражат жүйесін орнықтырды. Бірнеше мәрте Қаржы және ішкі істер министрі болып қызмет атқарды.
Үш асылзаданың соңғысы ретінде Сайго Такаморидің есімін ерекше атауға болады. Жапон Қарулы күштерін реформалауға аса зор еңбек сіңіріп, Қорғаныс министрі қызметін атқарған ол Жапонияның әлем алдындағы беделі мен әскери күш-қуатын арттыруға аса зор еңбек сіңірді.
Бір ғажабы, елді еуропалық үлгімен жаңарту жолына түсірген үш қаһарманның үшеуі де танымал самурай әулетінен шыққан еді. Ұлтқа деген құрмет пен қызмет оларды ескі тәртіпті сақтаудың орнына Жапонияны әлемдік даму мен өркениет биігіне бастаған жаңа реформаларға алып келді.
Осы тұста Мэйдзи реформасының табысты болуына зор үлес қосқан, әуелде губернатор, Ішкі істер министрі қызметін атқарып, кейін төрт мәрте Премьер-министр болған Хиробуми Итоның да есімін айрықша атап өткен жөн. Жас кезінде Ұлыбританияда тағылымдамадан өткен Ито батыстағы өнеркәсіптік революция жетістіктерін өз көзімен көрді. Кейін АҚШ-та болып, сол кезде мемлекеттік хатшы қызметін атқарған Александр Фишпен таныс-білістік орнатады.
Батыс елдерінің қалай ілгерілеп кеткенін өз көзімен көрген Ито білімге құштар 107 жапондық жас азаматты АҚШ-қа тағылымдамаға жібереді. Кейін Премьер-министрлігі кезінде Австро-Венгрия мен Германияға жапон жастарын жіберіп, олар да дамыған елдер тәжірибесінен тағылым алады.
Ито батыс қоғамы жетістіктерін Жапонияға жеделдете енгізуге үлкен күш жұмсайды. Оның өмірлік ұстанымдары мен саяси, экономикалық көзқарастары Әлихан Бөкейхановтың ой-тұжырымдарына өте ұқсас еді. Сталин бастаған шала сауатты бәлшәбек басшыларды он орап әкететін Алаш арыстары ойға алған жоспарларын жүзеге асыра алмай, арманда кетсе де, олардың мол мұрасы мен көрсетіп кеткен бағыт-бағдарлары тәуелсіздік тұсында жүзеге асты. Мэйдзи реформасының табыстарына жүздеген жапон интеллектуалы зор үлес қосты.
Жапонның үш қаһарманы туралы жазу барысында Алаш қозғалысының көш басында тұрған үш арыс – Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатов есіме түсті. Олар да жалғыз емес еді. Кейін олардың қатарына Ресейдің ең беделді жоғары оқу орындарын бітірген Ж.Ақбаев, М.Шоқай, М.Тынышбаев, Ә.Ермеков, Х.Досмұхамедов, Ж.Досмұхамедов, Р.Мәрсеков, т.б. Алаштың ардақты қайраткерлері қосылды. Енді осы тақырыпқа қарай ойысалық.
Бар әлемнен ауашаланып, ортағасырлық феодалдық басқару жүйесін сақтап келген жапон қоғамы Мэйдзи реформасы арқасында небәрі 30 жылдың ішінде зор табысқа қол жеткізді. Өзінен жер көлемі, халқының саны, экономикалық және әскери күш-қуаты жағынан әлденеше есе үлкен алып империя саналатын Ресейді теңіз бен құрлықтағы шайқастарда күйрете жеңген Жапония жетістіктері Алаш қайраткерлеріне көп ой салады.
Күншығыс елінің тамаша табыстарын алғаш қазаққа үлгі етіп жариялаушылардың қатарында сол кезде тырнақалды туындылары енді ғана баспа бетін көре бастаған балаң жігіт Мұхтар Әуезов болды. Ұлт әдебиетінің болашақ классигінің «Япония» атты мақаласы 1918 жылы Семейде шығып тұрған «Абай» журналының 4, 5-сандарында басылды. Дәл осы мақала жазушының басына кесір болып жабысқаны соншалық, Мұхаң өмірінің соңына дейін бірде-бір жазбасында, сөйлеген сөзінде, тіпті кейін Жапонияға барған сапарында жазған күнделіктерінде оның атын мүлде атамайды. Мақала Әуезов дүние салған соң жарық көрген бастапқы 12 томдық, кейінгі 20 томдық шығармалар жинағына да енбеді. Қайта құру кезеңіндегі «ақтаңдақтар ақиқатын ашу», «жариялылық» ұрандарына сай цензура босаңсыған жылдарда аса көрнекті абайтанушы ғалым, профессор М.Мырзахметов «Японияны» «Абай» журналынан тауып, алғаш рет 1988 жылы «Мәдениет және тұрмыс» журналының 8-нөмірінде жариялайды.
Жиырмаға енді ғана толған жас Әуезовтің «Япониясы»: «Бұл күнде қай халық тәртіпсіз, ғылымсыз, елеусіз қалыптан асып, алдыңғы дәрежеде жүрген халықтармен тізелесіп отырарлық теңдікке жетуі тездігінен болатын жұмыс емес», – деген сөйлеммен басталып, жазушы оқырманның назарын бірден теңдікке жетудің оңай шаруа емес екендігіне аударады.
Орыс-жапон соғысы кезіндегі карикатура
Бұдан ары автор мақалаға нысана етіп алған ойын тарата түсіп: «Ал бұл заманда надан халықтың қатарға кіріп кетуіне себеп болатын жүз тараулы шарттар бар», – деп оның «терең ой», «қажымайтын қайрат», «талап», «еңбек» екеніне назар аударады. Бала күнінен Әуез атасының ұстаздығымен Абай өлеңдерін жаттап өскен адамның бұл сөздерінің қайнарында «Талап, еңбек, терең ой, Қанағат, рақым ойлап қой» деген данышпанның «бес асыл ісі» жатқанын аңғару қиын емес.
Жазушы бұдан әрі «мешеу» мен «меңіреу» қалыпты серпіп тастап, «зорайтып», «көркейтіп», «бүткіл дүниені шамдандырып әрі қызғантып», «ішін қайнатып» отырған ел ретінде Жапониядан үлгі-өнеге алуға шақырады.
Бұл кезде Семейден көп ұзап шыға қоймаған жас Әуезовтің оқыған-тоқығандары мол екені мақаланың әр сөйлемінен айқын аңғарылады. Ол Жапония тарихын әріден бастап, «XIX ғасырдың әуелгі жартысында Қытай мен Америка һәм басқа Еуропа патшалықтарының саудасы қызды», – дей келіп, «бұлардың бір-біріне қатынасатын жолында Япония болды», бұдан әрі «Білімді жұрттар Японияның да ішіне өз саудасын кіргізіп, олардың қанын соруға айналды», – деп Жапония ресми түрде тәуелсіздігін сақтағанымен, экономикалық жағынан озбыр елдердің талауына түскен кіріптарлығын да көрсетіп береді.
Ежелден ержүректігімен аты шыққан самурайлар елінің мұндай халге түсуіне: «Англия, Франция, Голландия секілді білімді жұрттардың Японияның надандығын пайдаланғысы келген қомағайлығы болды», – деп Еуропа жұртының жемқорлығын да түйреп өтеді.
Орыс отаршылдығының қазақ даласындағы озбырлығын өз көзімен көріп өскен жазушы олардың қомағайлығын кейінгі шығармаларында жиі әшкерелеп отырған.
М.Әуезовтің 1928 жылы жарияланып, оның жазушылық талантын баршаға бірдей мойындататын «Қилы заман» тарихи романы: «Базар ортасында ұзын, биік ағашқа аспандатып көтерген екі басты самұрықтың суреті желкілдейтін. Бұл қомағай қарынды, жалмауыз тілекті ертегі обырының айқын тұрған белгісі еді», – деген орыс отаршыларының тілегі жалмауыз, ал қарны қомағай келетінін мұқатып өтетін сөйлемдерден басталатын.
Жас Мұхтар өз мақаласында: «Япония білімді жұрттардан келетін зиянды көрген соң оларға өткел бергісі келмеді», – дей отырып, «Японияның сүйегіне сіңген ұлтшылдық, жігерлілік қаны оянды», – деп өр халықтың отарлыққа қарсы күресіне зор ризашылығын білдіреді.
Әуезов жапон тарихын, оның ұлттық серпіліс жолындағы күрес тәсілдерін жіті зерттеген. Ол: «Айлалы, азулы жауға өзінің ұстап келген қаруындай қару ұстап, өзінің сүйенген тәртібіндей тәртіпке сүйенбесе, басқа болмайтын болды», – деп жапон реформаторлары алпыс екі айлалы жаудың өз қаруын өзіне қарсы ұтымды пайдаланғанына айрықша назар аударады.
Жапон халқының тығырықтан жол іздеуінің соңы Мэйдзи реформасына алып келгенін: «Жұрт басшысы, қамқорлары бұл халді ұғып, осының жолына бастарын сарп етіп, жаңа жол табуға ізденді. Солардың талпынуының себебінен 1868 жылдағы жаңалық (реставрация) дүниежүзіне келді», – деп сипаттайды.
Ақпарат тапшы заманда жазылған шағын мақаласында жас Әуезов жапонның арғы-бергі тарихына қатысты деректерді молынан келтіреді. Ол сол тұста орын алған мемлекеттік басқару жүйесінің жағдайы туралы: «Бұрын Японияда Микадо (патша) болса да оны ешкімге иелетпей, бар билік қолынан тарайтын, бұрын соғыс басшы Сиогундікі болатын», – деп жапон қоғамындағы мемлекеттік басқару жүйесінің арасалмағын нақтылап көрсетеді. Бұдан әрі: «Соңғы уақытта сиогундар күшейіп кетіп, Токугава деген тұқым 265 жыл бұл дәрежені ұстап тұрды», – деп биліктің басым бөлігін өз қолына шоғырландырған Токугаваның жайынан да хабар беріп өтеді.
М.Әуезов Мэйдзи реформасының жан-жақты ойластырылып жүзеге асырылғанын: «Японияның бетін түзеп алып, ретке келтіруге аяқ басқанының басы 1885 жылдан бері қарай» екенінен де журнал оқырмандарын хабардар етеді.
Әуезов мақаласының басқы тұсында Мэйдзи реставрациясына бір ғана император емес, ел «қамқорларының», яғни кейінгі тарихта «ұлттың үш арысы» атанған реформатор тұлғалар мен солардың төңірегіне топтасқан жапон қоғамының өрлеуі мен өркендеуі үшін жанын салған оқымыстылар жүзеге асырғанына ерекше назар аударады. Жазушы солардың жұмысын шеберлікпен үйлестіре білген алғашқы Премьер-министр Хиробуми Итоның рөлін де ерекше атап өтеді.
Мұхтар Әуезов 1894 жылы болған Жапон-Қытай соғысының жеңіспен аяқталуынан кейін: «ғылым, шаруа, сауда жолында аса көзге көрінерлік екпінділік істеді», – деп атап көрсетеді.
Сол кезде енді ғана Семей семинариясын тәмамдап, әлі университет есігін де ашпаған жас Әуезов жапон халқының аз ғана уақыт ішінде мұндай зор табысқа жетуінің сырын олардағы оқу-білім мен сауаттылық дәрежесінің жоғарылығымен түсіндіреді. Ол: «Оқу жолында 1901 жылдағы есепте Япониядағы оқуға жасы дәл келген еркек баланың школда жүргендерінің саны 94% (жүзден 94), әйел баласының саны 81 процент болды», – деп жапон халқының сауаттылық деңгейі өте жоғары болғаны жайлы нақты статистикалық деректер келтіреді.
Ол жапон қоғамының бұл жетістігін «һәр жүректі осындай болсам деп үміттендіріп, екпін, жігер беріп, талпынтатын тарих жүзіндегі үлгісі мол сабақ», – деп білім деңгейі жоғары жұрттың жетістігінен үлгі алуға үндейді.
Жапон тарихын тыңғылықты зерттеген Әуезов Ито үкімет басқарған жылдарда жапон жастарының ғылым-білім мен жаңалыққа ұмтылысын да назардан тыс қалдырмай: «Жаңалық басталғанынан-ақ Япония жастары ғылым дүкені құрылып тұрған жақтарға ағыла бастады», – дей келіп, мұның себебін: «Бәрінің һәр жерге келгендегі мақсаттары Японияның бақытты болу қамы болды. Сол себепті бұлардан Еуропа ғылымын біліп алғандарды тоқтамастан жеріне қайтып, жиып алған білімдерін елдеріне егіп отырды», – деп олардың көздегені ұлт болашағы жолындағы ұлы мұраттар екенімен түсіндіреді.
Жапонияның премьер-министрі Хиробуми Ито
Премьер-министр Ито Ұлыбритания, АҚШ, Австро-Венгрия және Германия сияқты заманындағы даму мен өркениет көшінің шырқау шыңында тұрған мемлекеттер тәжірибесін сол күйінде қабылдаған жоқ. Ол ел басқару мен жаңа экономикалық қатынастарды орнықтыруды ұлттық дәстүрлерге сай өрбіту керектігінен бастады. Қажетсізін ысырып тастап, қолайына жаққанын кәдеге жаратты. Мұхтардың назарынан бұл үдеріс те тыс қалмай: «Япония Еуропа не істесе, соған көз жұмып ере берген жоқ. Әрқайсысының жиып апарған білімін зейінге салып, сынап, өздеріне қолайлы, жақсы дегендерін ғана алды», – деп атап өтеді.
Жапон интеллектуалдары мен ел басшылары «Мэйдзи» реформасына кіріскен кезде әуел бастан-ақ ұлт мүддесін басшылыққа алып, жастарға еуропаша білім беру кезінде жапон халқын өзгелерден даралап тұрған ұлттық құндылықтардың ұмытылмауын қатаң қадағалаған. Олардың бұл ұстанымы жас Әуезовке майдай жағып: «Шеттен келген адамдарға шарт қойып отырды. Ол шарттар: Японияның ұлттығына зиян келтірерлік нәрселерді оқытып жүрген шәкірттерінің жүрегіне сіңірмеулері, мұндай мінездері байқалған адамдар болса қызметтеріне кіргізбеді», – деп жапон халқының өз ұлттық ерекшеліктерін қызғыштай қоруына ризашылығын білдіреді. Батыстың ғылым-білімі, техника және технология саласындағы жетістіктерін «егу» арқылы: «бұл күнде Япония тура күшею жолында», – деп Күншығыс халқының табыстарына шаттана қол соғады.
Мэйдзи реформасының қалай жүзеге асқаны туралы мақаланың алғашқы бөлігі «Абай» журналының білмекке құмар оқырмандары тарапынан үлкен қызығушылық туғызады. Жас автор оны жалғастыруды қажет деп тауып, екінші бөліктегі ойын реформаның бүгінгі Жапонияға не бергені тақырыбында өрбітеді. Бар ғұмырын ұстаздыққа арнаған болашақ академик-жазушы әңгімені оқу-білімнің жай-күйінен бастайды.
Әуезов: «Ғылым, қуат қай жұртқа болсын мысқалдап бірте-бірте сіңбек, орнамақ һәм бойға баптанып, кемеліне келіп, жай орнаған нәрсе нағыз берік болмақ», – деп өнерлі жұрттың ғылым-біліміне ден қою барысында тиянақтылық, кемелдік қажет екеніне айрықша назар аударады.
Бұдан әрі автор жапон балалары мектеп табалдырығын алты жастан аттайтынын және орта білім алу жалпыға ортақ міндет екенін атап өтеді.
Өзі әлі жоғары оқу орнына түсе қоймаған Әуезовті Жапония университеттерінің жай-күйі де ерекше қызықтырған. Ол: «тіпті университеттер Еуропа үлгісіне ерте түскен. Мысалы, 1880-1890 жылдарда Еуропадағы не түрлі университеттер болсын, Японияда да ашылды», – дей келіп, тек 1900 жылы 3 126 жапондық жас сол университеттерді бітіргені жөнінде нақты мағлұмат келтіреді.
Кез келген халық тағдырына қатысты қалам тартқанда Әуезовті әрдайым толғандыратын тағы бір мәселе – тіл тағдыры, жазу-сызу мәселесі. Бұл тұрғыдан келгенде жас жазушы: «осы күнге шейін қиындығы кетпей жүрген бір нәрсе – Қытай мен Японияның әдебиеті ерте уақытта қосылып кеткендігі, бұл қосылу себепті Японияның жазба сөздерінің бәрін қытай тілі кернеп, Японияның кітап тілін жеңіп кеткендік», – деген тұжырым жасайды.
Әрине, мақала жазылған уақытта жас Әуезов тілдердің шығу теориясы мен туыстығы, жіктелуі туралы университетте оқытатын ғылыми еңбектерді тауыспаған. Солай бола тұрса да, жапон тілі мен жазуы тарихындағы проблеманы тап басып айтқан.
Жапон тілінің шығу тарихы жөнінде мақала жазылған осыдан 100 жыл бұрын басталған ғылыми пікірталас әлі күнге дейін толас тапқан емес.
Тіл білімі мамандары қытай тілін сино-тибет тілдер тобына жатқызады, ал жапон тілінің табиғаты мүлде бөлек.
Жапон тілі агглютинативті, яғни жалғанбалы тіл, ал қытай тілінің грамматикасында септеу, жіктеу атаулы мүлде жоқ. Сол себепті лингвист ғалымдардың бір тобы жапон тілінің грамматикалық ерекшеліктерін зерттей келіп, оны түрік-монғол, тұңғыс-манжур тілдерінен құралған алтай тілдер тобына жатқызады. Мәшһүр тілтанушы ғалым, профессор Э.Тенишев алтай тілдер туыстастығының екі топтан құралатынын, оның екінші тобына «Корей және жапон тілдері» кіретінін атап көрсетеді («Алтайские языки». В книге «Тюркские языки», М., 1996, с. 7). Бұл пікірді түркітанушы ғалымдардың басым бөлігі қолдаса да, тағы бір тобы жапон тілін «сино-тибет» немесе «алтай» тілдер топтарына қоспай, өз алдына жеке-дара қарастырады. Даулы мәселенің анық-қанығына жетуді тілші ғалымдардың үлесіне қалдырып, жапон жазуының тарихына ойысар болсақ, ол төмендегідей болып шығады.
Біздің дәуіріміздегі 6-ғасырдан жапон жерінде буддизм ықпалының күшеюімен қатар, қытай мәдениетінің де әсері арта түсіп, жапон тіліне қытай тілінен көптеген сөз бен термин ене бастайды. Қытай иероглифтері жалғанбалы тіл саналатын жапон тілінің ерекшеліктерін түгел қамти алмады. Қашанда өнертапқыш жапондар мұның да қыбын келтіріп, қытай иероглифтерін жетілдіру негізінде катакана және хирагана атты жаңа жапон жазуын ойлап табады. Ахмет Байтұрсынұлы араб графикасы негізінде түрлеген жаңа қазақ әліпбиі де тура осындай жолмен жасалды.
Мориока қаласындағы оқушы қыздардың бір тобы, 1900 жыл
Әуезовтің қытай тілінен енген сөздердің «Японияның өз тілін жеңіп кеткендігі» туралы пікірі де шындықтың ауылынан алыс емес. Жапонның тілтанушы ғалымдарының мойындауынша, осы күнгі жапон тілінде қытай тілінен енген сөздердің үлес салмағы шамамен 60 пайызды құрайды. Мұны байқаған Әуезов: «Оқушылар әуелі қытай тілімен таныс болып һәм басқа жұрттардың тілін тағы үйренуі керек», – деп жапон мектептеріндегі тіл сындырудың проблемалы мәселелерін де назардан тыс қалдырмайды.
Жас Мұхтар «Япония» мақаласынан бұрын 1917 жылы Семей қаласында шығып тұрған «Сарыарқа» газетінде «Адамдық негізі – әйел» атты мақаласын жариялайды. Бұл да Әуезовтің көзі тірісінде оның бірде-бір жинағына енбеген мақала. Оны алғаш тауып, 1966 жылы «Лениншіл жас» газетінде жариялаған жас ғалым, кейінгі үлкен академик Рымғали Нұрғали еді.
Әйел тақырыбы әрдайым Әуезовтің басты назарында болған. Сондықтан Жапония туралы мақаласында да әйелдердің жапон қоғамындағы орны, алатын білімі мен атқаратын қызметі жазушы қаламына іліккен. Ол әуелі: «Бұрынғы уақытта Японияның әйелі ескерусіз күйде болып, ескі ата-бабаның салтымен әйелге өсіп-өну көзімен қарайтын», – деп бір түйіндеп өтеді.
Бұдан кейін жапон қоғамында әйелге деген ескі көзқарастың өзгергенін: «Бұл күнгі жаңалық ағымы ол салтты қалдырып, әйелді де мемлекеттің құрметті мүшесінің бірі деп біліп, қатарға кіргізіп барады», – деп әйелге құрметті айрықша атап өтеді.
Автор бұдан әрі қыз балалар үшін арнайы төменгі дәрежелі мектептер мен жоғары оқу орындары ашылғанынан хабардар етеді. Қай істе болсын, ұлттық ерекшелікті жоғары қоятын жапондардың бұл мәселеге келгенде де тапқырлық танытқанын: «Еуропа әйелдерінің мектептерінен артық бір түр тапты», – деп көрсетіп, ары қарай олар енгізген жаңалықты тарқата жазады.
Жапондар: «Әйел оқығанда бір жағынан үй-ішінің шаруасын үйрену керек», – деп болашақ ананы күнделікті үй тұрмысына қатысты еңбекке баулуды басты назарда ұстағанын атап өтеді. Оның себебін: «Еуропа әйелдері үй шаруасына ыңғайы аз, еркек секілді сөлекет болады, өмірден алыстап кетеді», – деп түсіндіреді.
Әуезов қыз балаларға арналған мектепте олардың «жиырма-жиырмадан» топқа бөлініп оқитынын, әр топтың басында бір тәрбиеші (авторда – «бір үлкен қатын») болатынын, оны «қыздар шешесіндей көретінін», «өз араларында апалы-сіңлі кісідей жақын жүретініне» дейін тәптіштей жеткізеді.
Жапон мектебіндегі қыз баланың оқуы мен тәрбиесі жайлы өзі байқаған ойларын тұжырымдай келіп: «Қыздар һәрі ғылым үйреніп білімі артады, һәрі шаруа жүзінде, өмірге керекті тәжірибе алады. Бұл – Японияның басқа халықтардың қатесін көріп тапқан өзгеше түрі», – деп жапондар енгізген жаңалықты «Абай» журналының оқырмандарына өнеге ретінде ұсынады.
Қай тақырыпқа жазса да тереңіне сүңгіп, ширата жазатын жас Әуезовтің жан-жақтылығына таңғаласың. Жапон қыздарының мектепте оқып жүрген кездерінде-ақ үй шаруасына бейімделуін ширата жазып, жаңа қазақ мектептерін осындай жақсы жаңалықтан үлгі алуға шақырады.
Жас Әуезов жапон халқының өмір салтын бірыңғай мақтап шығуды мақсат етпеген. Ол жапондардың будда діні мен Конфуций ілімін қатар қуып, «неше дінді ұстанып келе жатқан жұрт» екенін, мұның өзі жапондарды «Еуропа халықтарымен қатар қоюға бөгет болатын нәрсе» екенін де назардан тыс қалдырмайды.
Жапон қоғамындағы діннің әралуандығынан олардың бір бөлігі «ескі салттан жерініп, көбі басқа дінге өтіп кеткенімен» түсіндіреді. Дін мәселесіне келгенде жапондардың енжарлығын сынап: «кейбіреулері мүлде дінсіз, бірталай Еуропа философтарының жолын ұстанады», – деп жазады. Әйтсе де, автор: «Японияны көбінесе аударып бара жатқан христиан діні», – деп мәсіхшілер ықпалының кеу-кеулеп тұрғанына алаңдаушылық танытады.
Жапон қоғамындағы Әуезов өзі байқаған жат қылықтың бірі: «қатын алғанда өзімен тұқымдас жақын атаның қызын алу», – дей келіп, мұны олардың: «басқа атаның қызын алса қан өзгеріп кетеді-міс», – деген жалған ұғым, жат ғадеттен туындағанын түсіндіреді.
Жапонияның арғы-бергі тарихына қатысты энциклопедиялық сипаттағы мақалада олардың әдебиеті мен баспасөзіне де орын берілген. Жазушылыққа бет бұрған жас Әуезов: «Өзге жағының ілгерілеуіне қарағанда, солақай кем қалған нәрсе – Японияның әдебиеті», – деп жапон әдебиетінің бүгінгі жай-күйіне риза емес қалып танытады.
Мақала жарияланған тұста қалтарыс-құпиялары мол жапон қоғамы батыс жұртшылығына енді ғана танылып келе жатқан. Оның көк түрік заманынан тамыр тартатын аса бай әдебиеті жайлы деректер ғылыми жұртшылыққа жете қоймаған.
Жапон жазба әдебиеті 7-8 ғасырларда дүниеге келген «Кодзики», «Нихон Сёки» киелі кітаптарынан бастау алады. Ал жапон мектептерінде оқылатын алуан жанрдағы классикалық әдебиет 764-1185 жылдардағы Хэйан кезеңінде жасалды. Бұл кезеңде жапон әйелдері арасынан Мурасаки Сикибу сияқты жазушы «Гэндзи туралы повесть» атты күрделі философиялық-психологиялық прозаны дүниеге әкеліп үлгерген еді.
Сёгундар билік құрған ортағасырлық әдебиетте самурайлар ерлігі жырға қосылған әскери әдебиет алдыңғы шепке шықты. Мұны қазақ әдебиетіндегі жыраулық поэзия үлгілерімен, жорық жырларымен салыстыруға болады.
Кітап басу ісінің өркендеуі жапон әдебиетіндегі барынша гүлденген Эдо дәуірімен тұспа-тұс келіп, бұл кезеңде діни, философиялық, моралистік жанрлар өрістеді.
Әлемдік поэзияның інжу-маржандарына қосылған Мацуо Басё, Ёса Бусон мен Исса Комбаяси сияқты хайку жанрының шедеврлері, Ихара Сайкакудің «Махаббатқа бөленген бес әйел» беллетристикасы, Такэда Идзумоның драматургиясы дәл осы кезеңде жасалды.
Жапон поэзиясының классигі Мацуо Басё
Мэйдзи реформасы кезінде жапон әдебиетіне еуропалық дәстүрлер мен жанрлар жедел түрде еніп, модернистік бағыттағы жаңа романдар жарық көрді. Олардың қатарында Нацумэ Сосэкидің «Кокоро», Токутоми Роканың «Куросиво» және Токутоми Сохоның «Хототогису» романдарын атауға болады.
Бұл деректер Әуезов мақаласы жазылған заманда ол ақпарат алған орыс баспасөзі мен әдебиетін былай қойғанда, батыс жұртшылығына да әлі жете қоймаған еді.
Жас Мұхтар Жапония баспасөзінің жай-күйіне де тоқталып өткен. Әуезов: «Японияда ретті газеттер шыға бастаған уақыт 1870 жылдардың шамасы», – деп жазады. Мұндағы «ретті» сөзін «күнделікті» деп түсінетін болсақ, бұл жапонның 1871 жылдан бастап шыға бастаған «Ёкохама майнити симбун» газеті болып шығады.
Жазу-сызуы ертеден басталған ел баспасөзінің бұдан бұрын да болғанын «газет шығарумен таныстығы ертеден бар-ды» деп ескертіп өтуді ұмытпайды. Түбін қазар болсақ, «каварабан» деп аталатын газет парақшалары Жапонияда XVII ғасырларда-ақ пайда болған. Мұрағат атаулыға ыждағатты келетін жапондарда бұл газеттің 1615 жылы шыққан бірінші нөмірі әлі күнге дейін сақтаулы.
Әуезов реформадан кейін жапон баспасөзінің саны күрт артып: «1899 жылда шығатын газет-журналдардың саны 978 болған», – деп нақты деректі алға тартады.
Автор жапон ғылымының да жаңа өріске шыққандығынан хабар беріп: «Япония оқымыстыларының Еуропа білгіштерімен тайталасып, ғылымға қызмет қылып жүргендері де бар», – дейді. Ары қарай пікірін сабақтай түсіп: «Мысалы, жер сілкіну өзгерісін оқитын «сейсмология» ғылымына Япония білгіштерінен жетік Еуропада оқығандар жоқ саналады», – деп елде жиі болып тұратын зілзала себептерін зерттеу жағынан жапон ғалымдары еуропалықтардың алдына түсіп кеткенін атап өтеді.
Әуезов жапон ғылымының дамуы туралы пікірін тым тереңдетпей: «Бұдан басқа да һәртүрлі ғылымдарға түр кіргізуге еңбек қылып, үлкен атақ алып жүргендер бар», – деп қысқа қайырады. Бұл – мақаладағы соңғы сөйлем. Мақаланың жапон ғылымының жай-күйіне қатысты тұсқа келгенде кілт үзілуі оның толық аяқталмай қалғанынан хабар береді.
Журналдың екі бірдей санында басылып, жапон халқының арғы-бергі тарихы, оның сан ғасырлар бойы оқшауланып келген томаға-тұйық өміріне зор серпіліс, жедел жаңғыру әкеліп, феномендік құбылыс ретінде әлем жұртшылығы түгелдей мойындаған Мэйдзи мәйегі туралы тереңнен толғап жазылған мақала қазақ қоғамының жаңалыққа жаны құмар, оқыған азаматтарына үлкен ой салды.
Жапон тақырыбына қалам тартуға келгенде Мұхаң жалғыз емес еді. Қазақстанды ғана емес, бүкіл Орта Азияны, Кавказ жұртын түгелдей жаулап, отаршылдық қамытын баса енгізіп, тыпыр еткізбей отырған Ресейдей алып империяның Қиыр Шығыстан басталған кезекті амбициялық жобасы – «Желтороссияның» тамырына балта шапқан алақандай Жапонияның алапат табыстарын қазақ зиялы қауымы қуана қабылдады.
Он тоғызыншы ғасырдың соңында Цинь империясы әлсірей бастағанда Ресей 1898 жылғы Орыс-қытай конвенциясына сәйкес әуелі Манжурияның теңізге сұғына орналасқан ұрымтал бөлігі – Квантун облысын соқыр тиын да төлеместен 25 жылға жалға алады. Қысы-жазы қатпайтын әскери мақсат пен сауда-саттыққа қолайлы Порт-Артур портын тас қамалға айналдырып, 1897-1903 жылдары Транссібір магистралі мен Манжур теміржолын салады. Мұнымен де тоқтамай, Харбин мен Порт-Артурдың арасын қосатын, ұзындығы 1000 шақырымнан еркін асатын Оңтүстік-Манжур болат жолын төсейді. Ресей империясы бұдан кейін күші қайта бастаған кәрі Қытайдан Манжурияны біржолата бөліп алып, оны өзінің Қиыр Шығыстағы иеліктеріне біржолата қосу жоспарын жасайды. Өзінің мешеу қалған өңірлерін дамытудың орнына Ресей қомағайлықпен Қытайға миллиардтап қаржы құйып, оған біржолата орныға түседі.
Мейманасы тасыған орыстарды жапондар орыс-жапон соғысы барысында теңіз бен құрлықта бірдей есеңгірете жеңіп, орыс экспансиясының тамырына балта шабады. Күмпілдеп, күпсінген Ресей империясы Порт-Артур, Квантун облысы, Оңтүстік-Манжур теміржолы, Ляодун түбегімен қоса, оңтүстік Сахалиннен де айырылып, әлем алдында масқараға ұшырайды. Әрине, мұның бәрі әскери технологиядан кенже қалған ұсақ мемлекеттерді зеңбіректің күшімен оп-оңай жаулап, «жеңімпаз» деген жалған атаққа масаттануға үйренген орыс мұжықтарының ашу-ызасын туғызып, Ресейде патшаға, самодержавиеге қарсы бүліктерді өрістетті. Орыс баспасөзі боркемік император Николай мен оның бошалаң саясатын аяусыз сынға алды. Көзі қарақты қазақ зиялылары мұның бәрін бақылап қана отырған жоқ, сол кездегі қазақ даласына түгел тараған ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы жетекшілік еткен «Қазақ газетінің» бетінде жапон жеңістері насихатталды.
Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы
Ахмет Байтұрсынұлы Жапония туралы арнайы еңбек жазбаса да, осы тақырыпқа қалам тартқандардың көш басында тұр. Ол «Қазақтың» 1913 жылғы 9 наурызында жариялаған «Сырт патшалар жайынан» атты мақаласында: «Азия патшасының ең мықтысы Жапония болып тұр. Жапон қандай екені Русиямен соғысқанда көрінді. Оны білмейтін қазақ жоқ шығар», – деп ер халыққа деген ризашылығын білдіріп өтеді (Байтұрсынов А. Шығармалары, А., 2023, 20-том, 226-бет).
Ахаң Жапонияның табыстарын «азиялық ынтымақтастық» тұрғысынан насихаттайды. Ол жапондардың ара-тұра Еуропаның дамыған мемлекеттерінің өзіне сес көрсете бастаған Ресейді жеңіп шыққанынан кейін: «Еуропа жұртының көңіліне қорқыныш кіре бастады», – деп жазады. Бұдан соң Ахаң ойын ұзата түсіп: «Бұл қорқыныштың мағынасы мынау: Жапонияның ойанып, күшейгенін көріп, Азиядағы өзге жұрттар ойанады. Азия ойанса... күшін қосып Еуропаға жабылады», – деп сол замандағы еуропалықтар қалыптастырған жадағайлау пікірдің шетін шығарады. Олар мұны болдырмау үшін «Ойанғанның арасына алалық кіргізіп бытыратып, аздырып, берекесін кетіру керек деген Еуропа білімділерінің пікірлері бар», – деп бастапқы ойын дәйектей түседі.
Шындығында еуропалықтардың бұлай ойлауы азиялықтарды дамудың төменгі сатысында тұрған «жартылай жабайы халық» деген астамшыл пікірден туындады. Олар Азия халықтарының басым бөлігі бір-бірімен мүлде араласпаған тілі, өмір салты мүлде бөлек, діні әралуан, даму деңгейі де әртүрлі екендігін білсе де, олардың бәріне керенау-кердеңдікпен қарады.
Жапондардың өзі де шығу тегі жағынан өздеріне жақын келетін корей халқын мәдени дамуы төмен халық ретінде бағалады. Ал жазу-сызуының төркіні бір, мыңдаған жылдық тарихы бар қытайларға саны басым болса да, замана жаңалығына ілесе алмаған мешеу жұрт ретінде назар аударды.
А.Байтұрсынов қай тақырыпқа қалам тартса да, қазақтың қамын бәрінен биік қойған. Ол «Қазаққа керегі» деген мақаласында: «Жапон соғысы Русиаға жағдайсыз тиіп, іс жаманға айналып, бітеу жара сықылды іштегі нәрселер, 1905 жылы тесіліп сыртқа шықты», – деп келіп, қазақ мұндай жағдайда Ресей билігінен өзіне қажетін талап етуі керек деген мәселені алға шығарады.
Ахаң қазақ зәру мәселелерді төрт топқа жіктеп, оларды дін ісі, оқу комиссиясы, құқық мәселесі және шаруа комиссиясы деп жіліктеп көрсетеді.
Ол «үкімет ісінің азғындығын» сынға алып, оны түзету үшін қазақ өз мұқтажын өзі таңдап, сол үшін күресу қажеттігіне тоқталады.
Ахаң жетектеген «Қазақ» газетінің авторлары жиі-жиі жапон тақырыбына қалам тартып, жігерлі жұрттың табыстарын қазақтарға үнемі үлгі-өнеге ретінде ұсынып отырған.
«Алаш» көсемі Әлихан Бөкейханов та жапон тақырыбынан тыс қалмаған. Оның 1910 жылы жазылған «Қазақтар» (түпнұсқада – «Киргизия») атты мақаласында: «Жеделхаттар жапондардың үздіксіз жеңістері жайлы хабар жеткізумен болды», – деп, жапондардың орысты ойсырата жеңгендігі туралы хабар қазақ даласына кеңінен тарағанын жазады. Соның арқасында жапондардың қазақпен «туыстас», тіпті «діндес» екендігі жөнінде дала ұзынқұлағының желдей ескендігін де көрсетіп өткен. Орыс-жапон соғысы туралы хабарлардың қазақ даласын елеңдеткені туралы: «Мұның бәрі олардың соғысқа деген қызығушылығын оятты. Қазақ даласына татар тіліндегілерді былай қойғанда, орыс газеттері көптеп жете бастады», – деп жазады (Бөкейхан Ә., А., 2016, Шығармалары, 8-том, 52-бет).
Ә.Бөкейханов өзінің «Қыр баласы» деген бүркеншік атпен «Қазақ» газетінде жарияланған «Жапон һәм Қытай» атты мақаласында орыс-жапон соғысының нәтижесінде «бұрын орыс қол астында болған солтүстік Манжурия» ендігі жерде жапонның қарамағына өтіп, «Жапон саудасына бостандық жол ашылды» деп, соғыстағы жеңістің Жапонияның сауда-саттығын күшейтіп, экономикалық әлеуетін арттыруға зор мүмкіндіктер ашқандығын тарата жазған.
Бөкейханов: «Қытайды Жапон билемек, пайдаланбақ. Қытайдың ақша, теміржол, оқу министрлігі мекемесінде жапон ақылшы кісі ұстайды», – деп, Жапонияның Қытайды бағындыруының экономикалық тиімділігіне көбірек үңіледі.
Алаш көсемі Әлихан Бөкейханов
Мақала жарияланған 1915 жылы саяси күресте әбден шыңдалып, Мемлекеттік Думаға депутат мәртебесіне дейін көтерілген Әлихан Бөкейханов жапонның түпкі мақсатын: «Жапонның осы мақсаты түгел орнына келсе, Қытай Жапон патшалығының бір уалаяты болады», – деп ашық көрсетеді. Бұдан әрі алып Қытайды біржолата бағындырудың оңай еместігіне де назар аударып: «Жапонның бұл ісі асығыстық, артықшылық болса керек», – деген баға береді (Бөкейхан Ә. Шығармалар, А., 2016, 8-том, 460–61-беттер). Кейінгі тарих қазақтың сұңғыла саясаткері пікірінің дұрыстығын дәлелдеп берді.
Бірнеше тіл біліп, соңына қазақтың арғы-бергі тарихына, ескі әдебиет үлгілеріне қатысты мол мұра қалдырған Халел Досмұхамедов те жапон тақырыбына арнайы мақала жазбаса да, еңбекқор елдің зор табыстары оны студент кезінен-ақ қызықтырған екен.
Х.Досмұхамедов Императорлық әскери-медициналық академиясында оқып жүргенде саяси күреске қатысқаны үшін үнемі жандармерияның аңдуында болған. Мәскеудің әскери-тарихи мұрағатында сақталған Халелдің 1904 жылы 7 қазанда Қазан мал дәрігерлік институтының студенті Ғұбайдолла Бердиевке жазған хатында: «Когда подумаешь, что кроме тебя, десятки или даже сотни киргизовъ получаютъ высшее образование, то приходить къ всяческимъ, что и этотъ народъ способенъ къ труду, къ прогрессу, что и онъ, может быть когда-нибудъ займетъ в мировомъ господстве одно изъ почетных местъ, что и онъ можетъ сделаться второй Японией», – деп атап көрсетеді.
Орыс отарында болған халқының болашағына зор алаңдаушылық білдірген жас Халел бұл хатта «мәдениет таратуға» келген надан мұжықтардың қазақ, татар, башқұрт, қалмақтарға көрсетіп отырған жүгенсіз, озбыр, зорлықшыл әрекеттерін өткір сынға алады.
Алаш қайраткерлері ішінде Райымжан Мәрсеков қана жапондардың саяси жүйе мен экономикасын реформалаудағы табыстарын тереңдете зерттеумен шектелмей, кейін олармен нақты байланыстар орнатуға дейін барды.
Райымжан Мәрсеков – Алаш қайраткерлерінің аға буын өкілдерінен. Ол әуелі қазақтан шыққан алғашқы заңгерлердің бірі Жақып Ақбаевпен қатар Санкт-Петербург университетінің заң факультетінде білім алғанда патшаға қарсы студенттердің саяси бас көтерулеріне қатысып, оқудан шығарылады. Алған бетінен қайтпайтын Райымжан елге келіп бой тасалап, қуғындау бәсеңсіген кезде Қазан университетінің заң факультетінде оқуын жалғастырады. Қайсар Райымжан студенттерді жазалау науқаны аяқталған соң қайтадан Санкт-Петербург университетіне ауысып, оны 1902 жылы ойдағыдай тәмамдаған соң елге оралады. Присяжный поверенный, тергеуші, адвокат қызметтерін атқарып, Алаш қозғалысының көш басында болады.
Студент кезінен-ақ Жақып Ақбаев, Айдархан Тұрлыбаев, Әлихан Бөкейханов, Мұхамеджан Тынышбаев сияқты болашақ Алаш қайраткерлерімен рухтас, пікірлес болып, өте жақын араласқан Райымжан кейін ежеттес достарымен саяси күрестің алдыңғы шебіне шығып, Алашорда үкіметінің мүшелігіне сайланады.
Алаш қайраткері Райымжан Мәрсеков
Р.Мәрсеков 1917-19 жылдары Семей қаласында шығып тұрған «Сарыарқа» газетіне Х.Ғаббасов, Ә.Бөкейханов, И.Әлімбеков, Ш.Керейбаевтармен кезектесе бас редакторлық жасаған. Ол әр жылдарда «Дала уәлаятының газеті», «Киргизская степная газета», «Айқап», «Қазақ», «Сарыарқа», «Алаш» басылымдарында, кадет партиясының орталық органы саналатын «Свободная речь» газетінде қазақ қоғамын жетілдіру жөнінде қазақ және орыс тілдерінде танымдық, насихаттық, проблемалық мақалалар жариялап, туған халқын азаттық, теңдік жолындағы күреске шақырады.
Присяжный поверенный Р.Мәрсековтің белсенді, берекелі қызметі жайлы «Айқап», «Қазақ» газеттері де жазып, оның ұлт мүддесі жолындағы игілікті істерінен өз оқырмандарын хабардар етіп отырған.
Р.Мәрсеков қаламынан шыққан «Патшалық», «Патшалықтар арасындағы заң», «Көпшілдер кесірі – шет мемлекеттердегі қозғалыс» атты мақалаларында жапон тақырыбы сөз болады.
Райымжанның «Қазақ» газетінде жарық көрген «Патшалықтар арасындағы заң» атты мақаласында халықаралық құқық, дипломатиялық байланыстар мәселесі сөз болып, автор: «Русия мен Япония соғысарда екі жақтың елшілері арамыз біздің ашылды, сондықтан біз елімізге қайттық деп жүріп кеткен соң, 6 сағаттан кейін Жапон соғысты бастап жіберді, түнде Порт-Артур шаһарының бұғазында тұрған Русия кемелеріне келіп тиіп, мина тастай бастады», – деп жазады («Қазақ», 1914, №63). Бұл автордың орыс-жапон соғысының бастау алар тұсынан-ақ қадағалап отырғанынан хабар береді.
Әлихан Бөкейханов, Райымжан Мәрсеков, Тұрағұл Құнанбаев Семей қазақтарымен бірге
Р.Мәрсековтің өз қолымен толтырған анкетасында 1917 жылы Семей облыстық Қазақ комитетінің төрағасы, ал 1918 жылы облыстық жер басқармасының (Земуправ) төрағасы болғандығын нақты көрсетеді.
Райымжан Мәрсеков басқарған Семей жер басқармасы сол замандарда қағаз жүзінде қалған көп ұйымдардың бірі емес, құрылымы да, өкілеттігі де мығым мекеме болған. Оның құрамында қаржы-сметалық, халыққа білім беру, бағалау, тексеру, банк комиссиялары, уездік сот, жер банкі, есептік-қарыз комитеті сияқты комиссиялар мен комитеттер және құқықтық құрылымдар жұмыс істеді. Бұларда Әлімхан Ермеков, Халел Ғаббасов, Мұстахым Малдыбаев, Тұрағұл Ибрагимов (Абайұлы), Әнияр Молдабаев сияқты танымал Алаш қайраткерлерімен қатар, орыс ұлтынан шыққан Н.Керн, К.Ляшкевич, П.Лодэ сияқты азаматтар болды.
Жер басқармасының төрағасы ретінде Р.Мәрсековтің өзі де, оның құрамындағы қайраткер азаматтар да қазақ халқын тығырықтан алып шығу жолында қажырлы еңбек етіпті. Оны Р.Мәрсековтің Бүкілресейлік земство жиналысының төрағасына 1917 жылдың 9 желтоқсанында жазған жазбасынан, дәл осы күні Петроградтағы Мемлекеттік банк басшылығына жолдаған жеделхатынан т.б. аңғаруға болды.
Шығыс Қазақстан облыстық Жаңа тарих құжаттары орталығының мұрағатында 1919 жылдың 18 қаңтарында Владивосток қаласында Семей облыстық земство басқармасы және Алаш қазақ несие серіктестігі мен американдық «Андерсон, Майер және Ко» фирмасының арасында жасалған шарт сақталған.
Бұл құжат кейін Алаш қайраткерлерін қуғындау, жазалау науқаны кезінде «жапон тыңшылығы» деген айыптарға ілік болғандықтан, оның жай-жапсарына жан-жақты тоқталып өтуді жөн көрдік.
Құжатта баяндалғандай, американдық фирма атынан Ганс Христианович Андерсон, ал «Семей уездік земство және Алаш қазақ несие серіктестігі» жағынан Иван Капитонович Лебедев пен Семей облыстық земство басқармасының өкілі Райымжан Мәрсеков он бес миллион рубльға түрлі тауарлар жеткізу туралы 26 пункттен тұратын ауқымды шарт жасасқан.
Шартта Семей тарапынан қол қоюшы И.Капитонов Семей уездік, ал Р.Мәрсеков Семей облыстық земство басқармасының өкілі деп көрсетілген және екеуінің сенімхаттарын екі нотариус растаған.
Шартқа сәйкес оған қол қойылғаннан кейін семейліктер фирманың кассасына қолма-қол ақшамен бір миллион рубль өткізеді. Тауар земство өкілі мақұлдағаннан кейін Владивостоктан теміржол арқылы Семейге жөнелтуге тиіс болды. Төлем Семейде арнайы бөлімшесі бар Орыс-Азия банкі арқылы жүзеге асырылады. Шарт үш данамен жасалып, оның түпнұсқалары фирмаға және Лебедев пен Мәрсековке беріледі деп көрсетілген.
Бұл шарт Алаш қайраткерлерінің аласапыран заманның өзінде-ақ халықаралық деңгейге шығып, әлемге танымал компания басшыларымен іскерлік байланыс орнатқанын дәлелдейді.
Белгілі алаштанушы ғалым Сұлтанхан Аққұлыұлы Райымжан Мәрсеков Қиыр Шығыс сапарына Әлихан Бөкейхановтың құпия тапсырмасы бойынша Жапония үкіметінің басшылығымен келіссөздер жүргізу үшін 1918 жылдың желтоқсанында аттанғанын жазады. Ғалым Алашорда үкіметінің басшысы Ә.Бөкейханов бұған дейін 1918 жылдың басында А.Байтұрсынұлы пен М.Дулатовты Шығыс Түркістанға жіберіп, оларға Жапонияның бас консулдығымен байланыс орнатуды тапсырғанын да атап өтеді.
Алаш қайраткерлерінің Шәуешекке жасаған сапары мен сол жердегі қазақ зиялыларымен бірге түскен суреті жайлы кезінде алаштанушылар аз жазған жоқ, бірақ олардың жапон консулдығы өкілдерімен кездескені туралы нақты дерек жоқ.
С.Аққұлыұлы Владивосток сапары барысында Р.Мәрсековтің Жапонияның бас консулдығында болып, онда бас консулдың орынбасары Риз Ватанабэмен келіссіздер жүргізгенін атап өтеді. Дәл осы кездесу барысында ол Алаш автономиясы атынан Жапон үкіметіне жолдаған хатын табыстаған.
Кейін репрессияға ұшыраған Алаш қайраткерлерінің тергеу материалдарында жиі аталатын бұл хаттың толық мазмұны бізге ұзақ жылдар бойы беймағлұмдау болып келді.
Кейінгі жылдары жапон ғалымы, Хоккайдо университетінің профессоры Томохико Уяма Р.Мәрсековтің Жапон үкіметіне жолдаған хатының жапон тіліндегі аудармасын (түпнұсқа табылмаған) Жапония Сыртқы істер мұрағатынан тауып, Алаш автономиясының халықаралық байланыстарына қатысты аса маңызды құжатты жарыққа шығарды.
Профессор Т.Уяма тапқан Р. Мәрсековтің Жапон үкіметіне жолдаған хатының бір бөлігі
Томохико Уяма тапқан құжат 9 беттен тұрады. Райымжан Мәрсеков хатты (жапондар мұны «петиция» деп аударған) қазақ халқы мен оның Ресейге отар болуы тарихынан бастап, олардың Қазан төңкерісінен кейін Алаш автономиясын жариялап, Алашорда үкіметін құрғандығы туралы мағлұматтардан бастаған. Ол өздерінің сол кездегі Түркістан республикасы мен Башқұрт автономиясы сияқты жас мемлекеттермен бірлесіп, большевиктерге қарсы күрес жүргізіп жатқандығы жайынан да хабар берген. Алаш әскерлерінде қару-жарақ, дәрі-дәрмек пен азық-түлік тапшы болып тұрғандығын алға тартып, қазақтарға көмек беруді өтінеді.
Алаш тақырыбына жазылған ғылыми әдебиеттерде әлі күнге дейін Алаш мемлекеттілігі Ресей қарамағындағы автономия ретінде құрылды деген жадағай тезис басым болып келеді. Біз мұның саяси тұрғыдан негізсіз, ғылыми жағынан дәйексіз екендігін осыдан 26 жыл бұрын жарық көрген «Алаш бағдарламасы: қиянат пен ақиқат» атты еңбегімізде (2000 жыл) дәлелдеп көрсеткенбіз.
Алаш бағдарламасы 1917 жылы қараша айында «Қазақ» газетінде жарияланды. Бұл кезде империяның болашақ тағдыры бұлыңғыр еді. Империядағы билікке таласқан саяси күштер мен партиялардың арасалмағын бағамдай келіп, бағдарлама түзуші Алаш оқымыстылары оны федерациялық үлгідегі демократиялық ел болады деп шамалайды. Бұл бағдарламаның «Мемлекет қалпы» деп аталатын 1-тарауындағы: «Росиа димократичиски, фидиративни риспоблика болу» деген алғашқы сөйлемінен анық аңғарылады.
Алаш бағдарламасы жарияланғаннан кейін екі ай өткенде, яғни 1918 жылдың 16 қаңтарында Кеңестердің Бүкілресейлік III съезі «Еңбекші және қаналған халықтар құқықтарының декларациясын» қабылдайды. Оны жасаушылар Алаш бағдарламасындағы тұжырымдарды пайдаланып: «Кеңестік Ресей республикасы ерікті ұлттардың еркін одағы негізінде кеңестік ұлт республикасының федерациясы ретінде құрылады», – деп жазады.
Өкінішке қарай, Н.Мартыненко дейтіннің 1929 жылы құрастырған «Алаш-Орда» Сборник документов» атты жинағына «Алаш» бағдарламасы кеңестік саясат мүддесіне сай қасақана бұрмаланып аударылды. Бұдан кейінгі орыс және шетел тілдеріндегі зерттеулердің басым көпшілігі дәл осы теріс аударманы басшылыққа алумен болды. Мысалы, Орта Азияны зерттеу қоғамы (Оксфорд) 1985 жылы «1917-1920 жылдардағы мұсылман саяси партияларының бағдарламалық құжаттарын» шығарды. Жинақты құрастырушылар бағдарламаны С.Диманштейннің «Революция и национальный вопрос» атты кітабынан көшіріп басқан, ал ол өз кезегінде мәтінді бәз-баяғы Мартыненконың қаскөй аудармасынан алған.
Тағы да Алаш бағдарламасының түпнұсқасына оралайық. Онда алғашқы сөйлемнің мағынасын нақтылай түсу үшін ары қарай жақша ішінде: «Димократия мағынасы мемлекетті жұрт билеу. Фидирасиа мағынасы құрдас мемлекеттер бірлесуі. Фидиративни республикада һәр мемлекеттің іргесі бөлек, ынтымағы бір болады. Һәрқайсысы өз тізгінін өзі алып жүреді», – деген тайға таңба басқандай анықтама берген.
Ал енді осы анықтаманың түпнұсқасы мен оның орысша аудармасына құқықтық талдау жасап көрейік. «Федерация мағынасы құрдас мемлекеттер бірлесуі» деген сөйлем «Значение федерации – объединение равных государств» болуы керек еді. Оны бәлшебек аудармашылар «Федерация – союз мелких государств» деп мағынасын қасақана бұрмалап көрсеткен.
«Құрдас» деген қазақ сөзінің бұл контексте «равный» дегеннен басқа мағынасы жоқ, ал мелкий «ұсақ» деген ұғымды береді.
Бағдарламада одан әрі: «Федеративтік республикада әр мемлекеттің іргесі бөлек, ынтымағы бір болады. Әрқайсысы өз тізгінін өзі алып жүреді», – делінген. Санкт-Петербург пен Мәскеудің ең іргелі университеттерін бітірген, басым бөлігі кәсіби заңгерлерден тұратын Алаш қайраткерлері «федерация» ұғымының түрлі формасы болатынын терең білген. Олардың «әр мемлекеттің іргесі бөлек болады» деген тезисінің түбінде дербес мемлекеттердің одағы саналатын конфедерация ұғымы жатыр. Конфедерацияның бүгінгі үлгісі – «әрқайсысы өз тізгінін өзі алып жүретін» қазіргі Еуроодақ.
Бағдарлама мәтіні мен оның құқықтық аспектілеріне бұдан әрі тереңдемей әңгімені осы тұстан қайырар болсақ, оны түзушілер Алаш автономиясын Ресейге кіріптар немесе оған біржолата бағынышты мемлекеттік құрылым ретінде емес, онымен терезесі тең, қазақша тігісін жатқызып айтқанда – құрдас, екі тізгін, бір шылбыры түгелдей өз қолындағы тәуелсіз мемлекет ретінде құруды көздеген.
Р.Мәрсековтің Жапон Үкіметіне жолдаған хатында Алашорданы Уақытша үкімет құлаған соң бұрынғы Ресей империясының аумағына құрылған егемен мемлекет ретінде көрсеткен деп білеміз.
Жапон тарапы Алаш үкіметі атынан келген хатқа жауапты үнемі кешеуілдете берген. Оның екі түрлі себебі болғанға ұқсайды.
Біріншіден, Жапония ежелгі жауы – Ресейдің қайтадан күш алып кетуін көздемеген. Сол себепті ол саяси билікті қолына жинай бастаған большевиктерге қарсы қарулы күреске дем беріп, бүкіл Ресейді Азамат соғысы өртінің шарпуын қалаған.
Жапондар Қиыр Шығысты ғана емес, Сібірді, тіпті Оралдан ары өтіп, революция көсемі Лениннің туған қаласы саналатын Симбирскіге дейін (кейінгі Ульяновск) жаулап алған адмирал Колчакқа таңдау жасап, оған зор қолдау көрсетеді.
Кеңестік тарих совет өкіметінің қас жауы саналатын Колчак өмірбаянын барынша қаралап көрсетсе, бүгінгі Ресей тарихшылары оны өз елінің патриоты ретінде аспандата бағалауға әуес. Олар Колчактың Англия, АҚШ және Жапонияда болып, осы елдің басшылары, әскери генералдарымен ымыраласқаны туралы жақсы білсе де, оны жазуға аса бейіл таныта қоймайды.
Колчак АҚШ-та болған сапарында 1917 жылдың 16 қазанында Президент В.Вильсонмен кездескен.
Ол АҚШ-тан жапон пароходы «Карио-Марумен» Иокогамаға келгенде большевиктердің Уақытша үкіметті құлатқаны туралы хабарды естиді. Колчак 1918 жылдың жазында Жапония Қарулы Күштері Бас штабының бастығы генерал Уэхара Юсаку, Бас штаб барлау басқармасының бастығы Накадзима Масатакэ және жапон барлау қызметінің подполковнигі Танакомен кездесіп, олармен тығыз байланыс орнатады.
Жапон әскери тарихшылары өзін Ресейдің Жоғары билеушісі әрі Жоғары бас қолбасшысы деп жариялаған Колчакқа Дербес Манжур отрядының командирі атаман Семенов арқылы 2 миллион патрон, 30 зеңбірек, 50 мың снаряд, 20 мың винтовка мен оның 40 миллион патронын, 100 пулемет пен 2 миллион оқ бергендігі туралы деректер келтіреді.
Адмирал Колчак Харбинде. 1918 жыл
Колчак әскері Читаға шабуыл жасаған 1918 жылдың тамыз айында оған жапон әскерлерінің корпусы да қатысып, қалаға бірге басып кіреді. Адмирал жапон қаруының күшімен Сібірден Орталық Ресейге қарай жеңісті жорығын бастағанда жапон әскерлері Ресейге қарасты Амур теміржолын басып алып, 1918 жылдың қыркүйегінде оны түгелдей қызылдардан босатады.
Осылайша, Колчактың большевиктерге қарсы жорықтарына жол ашып, оған әскери күшпен де, техникамен де орасан зор көмек жасаған Жапония үкіметі өздері жыға танымайтын Алаш автономиясына көмек көрсетуге асыға қоймаған.
Қай нәрсеге болсын, асқан сақтықпен қарап, асықпай шешім қабылдайтын жапондар үшін хатқа қол қойған Р.Мәрсековтің өзі де, оның құзыреті де күмән тудырғанға ұқсайды.
Жалпы, Алашорда үкіметінде ішкі билік нақты бөлініске түспеген. Сол себепті автономия мен үкімет атынан жазылған құжаттарда Алаш атынан бейресми вице-премьер қызметін атқарған Ә.Ермеков, М.Тынышбаев, Х.Досмұхамедов, Р.Мәрсековтердің қолдары жиі кездеседі. Бұл Алаш автономиясында ғана емес, сол кездегі Ресейде билікке ұмтылған түрлі саяси күштер мен жаңа мемлекеттердің бәріне тән құбылыс еді.
Жапон тарапының жауабы кешеуілдеген соң Р.Мәрсеков Владивостоктан кетуге мәжбүр болады. Әйтсе де, Әлихан Бөкейханов бастаған Алаш басшылары Жапониядан келер жауаптан күдерін үзбеген.
Азамат соғысы жылдарында Сібір дүрбелең үстінде еді. Әуелде декабристер, халықшылдар, революционерлер мен империяға қарсы саяси қайраткерлердің айдалу мекеніне айналған өлкеде Уақытша үкімет құлаған соң түрлі саяси күш пайда болып, олар билік үшін күресті бастап кетеді. Алаштың мұндай құрылымдармен келіссөздердің басым көпшілігін Сібірдің бейресми астанасы саналатын Томскіде оқып, оның зиялы қауымымен жақын араласқан Әлімхан Ермеков жүргізді.
Әлихан Бөкейханов Колчак армиясы құрамында болған жапонның жоғары шенді офицерлері арқылы олардың үкіметіне Алашорда жолдаған хаттың жауабын сұратқан. Бұл кезде Ресейді іштен ыдыратудағы бірден-бір ірі күш саналған Колчак армиясын қолдауды үдете түскен жапондар бұл жолы да қазақтарға жарытымды жауап бермеген.
Алаш автономиясы таратылып, олардың бір тобы алға қойған мақсаттарын жүзеге асыру үшін амалсыздан большевиктер жағына өте бастағанда кеңес тарапы алашордалықтарға кеңшілік көрсетіп, оларға жауапты қызмет те ұсынған. Алаш ақсақалы А.Байтұрсынұлы 1919 жылы Кирревком мүшесі ретінде Алаш автономиясы үлгісімен Қазақ АССР-ін құруға қатысып, 1920 жылы Қазақ республикасының Оқу-ағарту халық комиссары болды.
Ахмет Байтұрсынұлы 1918 жылдың жазында Міржақып Дулатов, Садық Аманжолов және Райымжан Мәрсековтермен бірге шекарадан өтіп, Шәуешек қаласына келген. Осындағы атақты татар көпесі Рамазан Шанышевтің үйіне түсіп, ауқатты қазақтар мен жергілікті зиялы қауым өкілдеріне Алаш автономиясы мен Алаш әскерінің жай-күйі туралы мағлұматтар беріп, әскер жасақтауға көмек беруге шақырады. Осы сапар барысында Алаш арыстары Шәуешектегі жапон консулдығының өкілімен кездесіп, оларға жаңадан құрылған Алаш автономиясына қолдау көрсетуді ұсынған дейтін мағлұматтар бар, бірақ бұл әлі де болса нақты мұрағаттық құжаттармен дәлелдей түсуді қажет етеді.
Ахмет Байтұрсынұлы бастаған Алаш арыстары Шәуешек қазақтарымен бірге
Алаш арыстары осы сапарында фотоға түскен. Оларды «пәртіретші Мұхамеджан» атанған жергілікті фотограф суретке тартқан. Мұхамеджанның қызы Никара ханым Шығыс Түркістан қазақтары азаттық күресі жетекшілерінің бірі, полковник Балқаш Бафинге күйеуге шығады. Никара Мұхамеджанова апамыз әкесі түсірген сол фотоны көзінің қарашығындай сақтап, ел тәуелсіздігінің алғашқы жылдарында «Қазақ әдебиеті» газетінде жариялады. Алаш арыстарымен қатар, Шәуешектің зиялы қауымы және қазақтың арқалы ақыны Әсет Найманбаев бейнеленген бұл сурет Алаштың бейнелі тарихы ретінде ұлт шежіресіне енді.
Тағы бір дерек көздері бойынша Алаш арыстары нұсқаған жолмен кейін Шығыс Түркістан қазақтары өз бетінше жапон консулдығына шығып, өздерін қамқорлыққа алуды өтініпті. Бұған олар: «Қазақтар жаппай жапон азаматтығын алуы керек, сонда ғана біз сіздерді қанатымыздың астына аламыз», – деген сыңайда жауап беріпті. Ресей мен Қытай сияқты екі алып империя тарапынан отаршылдық саясаттың талай құқайын көрген Шынжаң қазақтары үшінші бір елге кіріптар болғысы келмеген.
А.Байтұрсынұлының Шәуешекке сапары, Ә.Ермековтің Сібірдегі жапон офицерлерімен кездесулері, Р.Мәрсековтің Владивостоктағы Жапония бас консулы орынбасарымен жолығып, оған Алаш автономиясы атынан өтініш-хат табыстауы сталиндік репрессия жылдарында «жапон шпиондарымен күрес» атты саяси жазалау науқанына желеу болып, талай жазықсыз Алаш арыстары оққа байланды. Бұл – өте ауқымды тақырып. Дегенмен солардың ішіндегі осы эсседе есімі аталатын Алаш қайраткерлері тағдырының жапон тақырыбына қатысты тұстарына қысқаша ғана қайырылып өткенді жөн санадық.
Шынтуайтқа келгенде, Алаш қайраткерлері ішінде Жапон үкіметінің өкілімен бетпе-бет кездесіп, оған Алашорда атынан өзі қол қойған хатты тапсырған адам жалғыз Райымжан Мәрсеков еді.
Әлихан Бөкейханов пен Әлімхан Ермековтің Колчак армиясындағы, Сібірдегі түрлі уақытша құрылымдардағы Жапонияның кейбір өкілдерімен кездесуі мүмкін деп есептейміз, бірақ оның қай кезде, нақты қандай адамдармен болғанын тап басып айту өте қиын.
Ахмет Байтұрсынұлы бастаған Алаш арыстарының Шәуешекке сапары барысында жапон үкіметінен қолдау сұраудан бұрын Шынжаңдағы әлді, ауқатты қазақ байларынан жас Алаш автономиясына көмек алу мақсаты басым болған.
Жиырмасыншы ғасырда атақ-даңқы әлемді шарлап тұрған Жапонияға большевиктік платформада болған қазақ қайраткерлерінің де іш тартқандары болды. Олар да қызмет бабымен түрлі деңгейдегі лауазымды тұлғалармен, ірі компания, фирма басшыларымен кездесулер өткізген. Бірақ мұның ешқайсысында олар қазақ елін алыстағы Жапонияның протектораты, ал өздерін жапонның тыңшысы ету мақсатын ұстанбағаны айдан анық.
Ресейдің ең ірі университеттерінен білім алған қазақ зиялылары барған сайын күш алып бара жатқан жапон милитаризмі мен озбырлығы жайынан да әбден хабардар болды. Жапония, ең алдымен, тізесін іргесіндегі өздерімен тағдырлас корей халқына батыруды бастады. Корейді түгел өзіне қаратқан соң Қытайға ауыз салып, кейін оның солтүстік-шығысында түгелдей Жапонияға бағынышты Манжу-го атты қуыршақ мемлекет құрды. Осының бәрін көріп, біліп, күнделікті баспасөзден оқып отырған қазақ зиялылары Жапония Алаш автономиясын қорғауына алар болса, мұның соңында өздерінің де «бейшара корей», «сорлы қытай» деп жазып жүрген халықтардың кебін киетінін білді. Бірақ сол кезеңде ақ пен қызыл болып екіге жарылып, қантөгісті бастан кеткен аласұрған орыс пен анталаған жаудың ортасында қалған Қазақ елі көмек атаулының қандайына болсын ерекше мұқтаж еді.
Сондықтан қазақ қана емес, башқұрт, татар халықтарының Зәки Валиди, Садри Мақсуди сияқты көсемдері Жапония, Түркиямен, сондай-ақ Орта Азиядағы ықпалын сақтап қалуға ұмтылған Англиямен байланыс орнатуға ұмтылды.
Мұның бәрі езілген ел болашағын, жаншылған ұлт мүддесін ойлаудан туған отарлық атаулыға қарсы әлемдік тарихта ежелден бар үрдіс еді. Райымжан Мәрсеков бастаған Алаш арыстарының әрекетін осылай түсінген жөн.
Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынұлы, М.Дулатов, Ж.Ақбаев сияқты аға буын Алаш қайраткерлері патша заманында-ақ жандармерия тарапынан тұрақты аңдуда болған. Қазақстан мен Ресей мұрағаттарында оларға қатысты том-том деректер әлі күнге дейін қаттауды күйінде тұр. Төңкеріске дейін Ресей империясында округтік соттың присяжный поверенный сияқты лауазымына қол жеткізген Р.Мәрсеков те ұдайы жандармерияның аңдуында болған.
Қазақстан Республикасы Президентінің архивінде сақталған 1914 жылы Р.Мәрсековтің үстінен түсірілген екі доностың бірінде ол 1914 жылдың жазында Қоянды жәрмеңкесіне жалпықазақ газетін шығару мақсатында 2000 рубль көлемінде қаражат жинау үшін үгіт жүргізіп, «Ярдаш» баспаханасымен келіссөздер жасағаны хабарланған.
Екінші доноста осы мәселені нақтылай түсіп: «Ввиду поступивших в управление агентурных сведений о том, что группа интеллигентных киргизов (казахов), в главе который стоит присяжный поверенный Раимжан Марсеков, намерены издать в Семипалатинске на киргизском (казахском) языке газету прогрессивного направления. Предлагаю проверить (через агентуру и запросив областное правление), насколько верны вышеперечисленные сведения», – деп жазылған (ҚР Президентінің мұрағаты, 32-қор, 2-тізім, 4893-іс, 1-том, 235-бет).
Алаш қозғалысының белсенді қайраткері болған Райымжанды аңду кеңес заманында да жалғасты. Жоғарыда аталған мұрағатта 1922 жылдың 20 ақпанындағы доноста Ж.Ақбаев, Ә.Бөкейханов және Р.Мәрсековтің Қарқаралы өңіріндегі ықпалды байларды өз қатарына тарту үшін жүргізген үгіт-насихаты туралы баяндалған.
Қазақ даласында болған 1921 жылғы ашаршылық халқымызға өте ауыр тиді. Мұхтар Әуезов 1921 жылдың 10 желтоқсанында өлкелік партия комитеті мен Қаз ЦИК-тің мәжілісінде «Қазақ республикасы қазақсыз қалады» деген баяндама жасап, зұлматқа ұшыраған халқына көмек қолын созуға шақырады. Осы жылдары Қытаймен шекаралық аймақта отырған қазақ ауылдары ала бағанның арғы жағындағы ағайынға қарай жөңкіле көшті. Большевиктік билік мұны ұйымдастырушы ретінде Р.Мәрсеков деп танып, 1922 жылдың 25 наурызында одан жазбаша түсінік алады. Кеңес өкіметі Алаш қайраткерлеріне амнистия жариялап, А.Байтұрсынұлы бастаған қайраткер тұлғалар нарком қызметіне дейін жоғарылаған тұста жазылған түсінігінде Р.Мәрсеков көп жайларды ашық, анық жазған.
Ол Колчак билігі кезінде Сібір үкіметімен жүргізілген келіссөздер негізінде Алаш әскери құрамалары жасақталғанын және олардың мақсаты Колчакқа қызмет ету үшін емес, кеңес өкіметінің әрбір ұлттың өзін-өзі билеуге берілген құқына сәйкес қазақты қорғау үшін құрылғанын мәлімдейді.
Р.Мәрсеков өзінің Алаш әскерін құруды Алашорда үкіметі тапсырғаны туралы: «Создание же киргизских частей и их объединений (из разных русских воинских частей) с указанной воинской целью – осуществление своих национальных задач – было возложено на меня Семипалатинским обл. Советом Алаш-Орды», – деп ашықтан-ашық жазады.
Осы түсінікте ол отбасымен Қытайға алғаш Семейдегі билік қызылдар қолына көшкен соң өткендігін көрсететін дерек келтірген. Ол ашық қуғындау басталған соң өзінің Көкпектідегі отбасын Зайсан арқылы Қытайға алдырып, екі жыл бойы сол жақта бой тасалағанын, жергілікті халықтың өзін жатсынбай, үлкен қонақжайлықпен қарсы алып, құрмет көрсеткендігін де атап өткен. Түсінікте ол шекараның арғы жағында өткізген екі жылы туралы: «Я мытарствовал на чужбине, не зная истинного положения вещей и политики Советской власти, которая защищает права ущемленных народов», – деп Кеңес өкіметіне салмақ сала сөйлейді.
Шындығында, шекараның арғы бетіндегі қазақ ауылында болған Р.Мәрсековтің отбасы орнынан көп қозғала қоймаса да, өзі Семей мен Өскеменге жиі келіп, Қазақстанның әр тұсында өткен Алаштың алуан шараларына қатысып тұрған. Мұны сол кезде НКВД жансыздары түсірген өзге де доностардан айқын көруге болады.
Р.Мәрсеков Қытайға өтіп кетсе де, ГПУ-дың сол елдегі агентурасы оны аңдуын тоқтатпаған. Семей ГПУ-ы 1923 жылы 6 қыркүйекте оның Шәуешектен Қазақстанға өтіп, Шымкент уезі Созақ ауылына дейін келгендігі жөнінде жазба түсірген. Оның үстінен 1924 жылы төрт бірдей донос жазылып, оның бірінде Р.Мәрсеков башқұрт қайраткері Зәки Валидимен Шәуешекте тұрып жатқандығын, екіншісінде 1924 жылы Алаш қаласына келіп, А.Қозыбағаровпен кездескені жайлы баяндалған.
Семей ОГПУ-і 1925 жылы шамамен қаңтар-ақпан айларында Райымжан Мәрсековтің Қызыл Октябрь болысындағы ауқатты байлардың бірі Сүлеймен Жүсіповке жолдаған хатын қолға түсіріп, онда Р.Мәрсековтің Шәуешек қаласындағы Американың сауда өкілдігіне Хиловский дейтіннің басшылығымен қызмет істейтіндігін, қаражат жинаған соң Англияға кетуді жоспарлап отырғанын көрсетеді.
Р.Мәрсековтің Қытай жеріндегі тағдыры бізге оның жақын туыстары мен ұрпақтары арқылы ғана мағлұм болды. Біз оның 1938 жылы НКВД тапсырмасымен Қытай түрмесінде атылғаны жайлы ғана білеміз. Бұл кездері Шынжаң өлкесін Кеңес Одағының он алтыншы республикасындай сезініп, ВКП(б) дейін мүшелігіне өткен, Сталиннің сеніміне кіріп, одан орасан зор көлемде әскери және экономикалық көмек алған, қандықол басшы Шэн Шицай басқарды.