Шығыс Қазақстанда кәсіпкер әлеуметтік тауарды 127 пайыз үстемемен өз-өзіне қайта сатқан

Өңірлік комиссия қызметі аясында электронды шот-фактураларды (ЭШФ) талдау барысында бағаларды жасанды түрде көтеру схемасы анықталды.

Шығыс Қазақстан облысы бойынша Сауда және тұтынушылардың құқығын қорғау департаменті әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының (ӘМАТ) бағаларын тұрақтандыру бойынша жұмысты жалғастырып жатыр, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Өңірлік комиссия қызметі аясында электронды  шот-фактураларды (ЭШФ) талдау барысында бағаларды жасанды түрде көтеру схемасы анықталды.

Анықталғандай, өңірдегі жеке кәсіпкерлердің бірі жасанды делдалдық буын құрған. Кәсіпкер тауарларды (қарақұмық жармасы, қант, тұз) сатып алып, оларды өзіне қарасты ЖШС-ға қайта сатқан.
Осындай «өзіне өзі қайта сату» нәтижесінде халық үшін маңызды тауарлардың соңғы бағасы негізсіз өскен. Мәселен, қарақұмық жармасына 127% сауда үстемесін қосқан. Сатып алу бағасы 241 теңге болса, 550 теңгеден сатылған. Ал қантқа сауда үстемесі 45% жеткен. Ас тұзына 41% сауда үстемесін қойған.

ҚР заңнамасына сәйкес әлеуметтік маңызы бар тауарларға сауда үстемесі 15%-дан аспауға тиіс. Құқық бұзушыға қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 204-4-бабы бойынша әкімшілік іс қозғалды. Айыппұл салынды.

Жұмыстың басты нәтижесінде өнімсіз делдал жеткізу тізбегінен толық шығарылды. Бұл бағаның әділ қалыптасуын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Мұндай схемаларды анықтау бойынша жұмыс жалғасуда және департаменттің тұрақты бақылауында. Департамент жыл басынан өңірдегі 70-тен астам сауда нысанының электронды шот-фактурасына талдау жасап, оннан астам өнімсіз делдалды сауда тізбегінен шығарды.