Тазалық пен жауапкершілік: өңірлерде ауқымды экологиялық жұмыстар жүргізілді

Бұл акция азаматтар арасында экологиялық мәдениетті нығайтуға және қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарауға бағытталып отыр.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасы аясында елімізде «AMANAT» партиясының «Таза бейсенбі» экологиялық акциясы өткізілуде, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Бұл акция азаматтар арасында экологиялық мәдениетті нығайтуға және қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарауға бағытталып отыр.

Мәселен, Алматы қаласында «AMANAT» партиясы Алатау аудандық филиалының ұйымдастыруымен «Шапағат» ықшамауданында орналасқан «1941-1945 жылдары Отан үшін шайқасқандар ерлігі – мәңгі есте» ескерткіші маңында абаттандыру және тазалық жұмысы жүргізілді. Іс-шара «Ардагерлерді ардақтайық» партиялық жобасы шеңберінде қолға алынып, тарихи мұраларға құрметпен қарау, туған жерге жанашырлық таныту және қоршаған ортаны қорғау мәдениетін қалыптастыру ісіне баса назар аударылды. Оның барысында қатысушылар ескерткіш аумағын қоқыстан тазартып, айналасын ретке келтіріп, гүл егіп, көркейту жұмысын жүргізді. Мұндай игі істер қала экологиясын жақсартып қана қоймай, тұрғындарды ортақ жауапкершілікке үндейді.

Іс-шараға Алматы қаласы мәслихатының депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Гүлжан Бекенова және Саяси кеңес Бюросының мүшесі Ілияс Омаров қатысып, «Жастар Рухы» жастар қанатының өкілдерімен бірге тазалық жұмысына белсенді атсалысты. Іс-шара соңында «Кел, шәй ішейік» акциясы аясында қатысушыларға шәй мен тәтті тағамдар ұсынылып, жылы жүздесу ұйымдастырылды.

Абай облысы Бородулиха ауданындағы 1,2 шақырым учаскеде санитарлық тазалық және абаттандыру жұмысы жүргізілді. Акцияға партия мүшелері, мәслихат депутаттары, мемлекеттік қызметшілер, студенттер және жергілікті тұрғындар қатысып, ортақ іске белсенді атсалысты. Қатысушылар жол жиегіндегі, қоғамдық аумақтардағы тұрмыстық қалдықтарды жинап, қоршаған ортаның тазалығын сақтауға өз үлесін қосты. Нәтижесінде 2,5 тоннаға жуық қоқыс жиналып, арнайы техника көмегімен белгіленген орындарға шығарылды.

Бородулиха аудандық мәслихатының депутаты, «AMANAT» партиясының мүшесі Виктория Мокроусованың айтуынша, «Таза бейсенбі» акциясы – бұл жай ғана тазалық іс-шарасы емес, тұрғындарды ортақ іске жұмылдыратын маңызды бастама.

«Бүгін біз аудан аумағын ретке келтіріп қана қоймай, қоршаған ортаға деген жауапкершілікті арттыруға үлес қосып отырмыз. Мұндай акциялар елді мекендердің көркеюіне оң әсерін тигізіп, тұрғындардың экологиялық мәдениетін қалыптастыру ісінде маңызды рөл атқарады. Сондықтан бұл бағыттағы жұмыс алдағы уақытта да жалғасын табады», – деді ол.

Бородулиха ауылының тұрғыны Еркежан Маутканованың пікірінше, аталған іс-шара тек тазалық жұмысымен шектелмей, тұрғындарды ортақ іске жұмылдырады.

«Ауылда осындай тазалық іс-шаралары тұрақты түрде өткізіліп жатқаны қуантады. Оның нәтижесі де бірден байқалады. Таза, жинақы ортада өмір сүру – әр тұрғын үшін аса маңызды», – деді ол.

Павлодар облысы Ақтоғай ауданында «Жастар Рухы» жастар қанатының өкілдері мен еріктілері жалғыз тұрып жатқан қариялардың үй аумағын абаттандырды. Акцияға қатысушылар тұрмыс жағдайын жақсартуға бағытталған кешенді шаруашылық жұмыстарын қолға алды. Атап айтқанда, олар күл-қоқыс, отын жинап, аулаларды тазалады. Осылайша, жалғыз тұрып жатқан 5 қарияға қолдау көрсетіліп, игі іс-шараға барлығы 20 адам қатысты.