Александр Данилов Алматы қаласында бастауыш партия ұйымының жетекшілерімен кездесті

Іс-шара партия қызметін жетілдіру және халықпен өзара іс-қимылды күшейту мәселелеріне арналды.

«AMANAT» партиясының хатшысы Александр Данилов Алматы қаласындағы бастауыш партия ұйымдарының төрағаларымен кездесті, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Іс-шара партия қызметін жетілдіру және халықпен өзара іс-қимылды күшейту мәселелеріне арналды. Талқылау жұмысына Алматы қалалық филиалы атқарушы хатшысының орынбасары Қуаныш Төлепов, аудандық филиалдардың қызметкерлері және БПҰ белсенділері қатысты.

Александр Данилов өзара ашық диалог партияның өзіне сенімді болуына және азаматтардың сұраныстарына тиімді жауап беруге мүмкіндік беретінін атап өтті.

«Бізге осындай өзара диалог қажет. Бүгінде партия өзін сенімді сезінеді: шынымен де ауқымды жұмыс атқарылды және біз дұрыс бағытта жұмыс істеп келеміз. Партияның өзегі – өздеріңіз. Ең алдымен, осыны ұғынған жөн.  Бізде хатшылар мен басшылар деген бөлініс жоқ. Бәріміз – партияласпыз. «AMANAT»-тың тұтас мемлекетті дамытуға қатысты толыққанды кешенді көзқарасы бар. Біз алдағы уақытта да барлық бағыт бойынша жұмысымызды жандандыра береміз», – деді Александр Данилов.

Партия Хатшысы Халықтық Конституция бойынша өткізілген референдум аясындағы үгіт-насихат жұмысына қатысқан азаматтарға алғыс айтып, науқан нәтижесін айқын көрсеткіш деп атады. Оның айтуынша, Мемлекет басшысының қоғамдық тірегі әрі коалицияның өзегі бола отырып, белсенділер мен бейжай қарамайтын азаматтар арқылы партия жоғары нәтижеге қол жеткізді.

Кездесу барысында БПҰ өкілдері бірқатар өзекті ұсыныстарын ортаға салды. Атап айтқанда, «Жоғары білім» БПҰ төрағасы Болатбек Нұрбатыров, «Түрксіб 28» БПҰ төрағасы Фарида Омарбекова, «Орталық филиал» БПҰ төрағасы Бақыткүл Иргембаева, «KazComfort» БПҰ төрағасы Махамбет Асабаев, сондай-ақ «Саялы» БПҰ төрағасы Гүлжан Бекенова тың бастамаларымен бөлісті.