ҚР Президентінің кеңесшісі Бақытжан Сапиевтің төрағалығымен өткен жиын барысында абаттандыру және көгалдандыру жұмыстарының жай-күйі талқыға салынды, – деп хабарлайды Аikyn.kz. Соның барысында Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов баяндама жасап, Мемлекет басшысының экопарктер құру жөніндегі тапсырмасының орындалу барысы туралы баян етті.
«Өскемен қаласында 21,4 гектар аумақта «Шоқ қайың» экопаркін құру жоспарланып отыр. Ұлан ауданында 25 гектар аумақта «Жасыл аймақ» экопаркін құру қарастырылған. Сондай-ақ Глубокое ауданы аумағында 40 гектар жерде «Таулы Үлбі» экопаркі жобалануда. Осы үш жобаны іске асырудың жалпы құны 450 млн теңгені құрайды. Жобалар жергілікті бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылады», - деді ШҚО әкімі.
«Экопарктерді құру тұрғындардың экологиялық мәдениет деңгейін арттыруға, көгалдандырылған аумақтардың үлесін ұлғайтуға және сапалы қоғамдық кеңістіктердің қолжетімділігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді деп күтілуде. Жобалардың іске асу барысы тұрақты бақылауда», - деді Нұрымбет Сақтағанов.
Облыстың басқа да қала, аудандарында осындай экопарктер құру көзделген.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» Telegram арнасынан таба аласыз.