Лудомания, нашақорлық, маскүнемдіктен біржола арылуға бола ма?

Әлемдік тәжірибеде тәуелділік кешенді түрде емделеді: алдымен детоксикация жасалады, бірақ бұл тек бастапқы кезең. Негізгі акцент ұзақмерзімді психотерапияға, әлеуметтік бейімдеуге және емнен кейінгі тұрақты бақылауға қойылады.

Тәуелділік – бұл мінездің әлсіздігі емес, мидың нейробиологиялық өзгерісі, психологиялық бұзылыс. Сондықтан оны дерт деп танып, ұзақмерзімді емдеу керек. Ал мемлекеттік наркологиялық диспансерлердегі қысқамерзімді “ағзаны тазарту” процедурасы мәселені түбегейлі шешпейді. Наркологтардың айтуынша, соның салдарынан тәуелділердің тек 30%-ы ғана бірнеше жылдан кейін тұрақты ремиссияға жетеді. Ал қалғандары тәуелділіктің тұзағынан шыға алмай, өзімен қоса жақындарының да өмірін қиындатып, мәселе шешімін таппай келеді, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Құмар ойын ойнау, алкоголь немесе есірткі қолдану адамда жиілеген сайын дофаминдік жүйе бұзылып, тәуелді күйге түседі. Себебі бұл әдеттер терең эмоциялық әсер беретіндіктен, оның дәмін бір татқан адам сол ләззатты қайта іздеп, сол үшін барын беруге дайын. Бұл жолда олар ұрлыққа да, алдау мен алаяқтыққа да, қылмысқа да барады. Көп жағдайда туыстары олардан бас тартып, уақытша болса да құтылу үшін наркологиялық орталықтарға әкеп тапсырады. 

Ал ол жақта детоксикациямен ағзаны тазалау, тамыр арқылы дәрі құю, жедел жағдайларда реанимациялық көмек және психофармакотерапия қолданылады. Бұл әдістер адамның физикалық жағдайын уақытша жақсартқанымен, тәуелділіктің түпкі себебіне әсер ете қоймайды. Ресми стандарт бойынша науқастарға 45 күндік тегін ем ұсынылады. Алайда нарколог Тоқтар Қойшыбековтің сөзінше, бұл талап іс жүзінде сирек орындалады.

«Көбі ұзақ уақыт, яғни, 45 күн жатқысы келмейді. Сол үшін олар қысқа мерзімде, мысалы детоксикацияға, ағзасын тазартуға 3-5 күнге жатады да, есін жинаған соң қайтадан жұмысқа шығып кетеді. Әрине, тәуелдік емделмегендіктен, біраз уақыттан кейін қайтадан қайтып келеді», – дейді Астана қалалық психикалық денсаулық орталығының психиатр-наркологы Тоқтар Қойшыбеков.


Тоқтар Койшыбеков

Мемлекеттік наркологиялық орталықтар негізі көп жылдан бері осы тәсілді ұстанады. Соның салдарынан тәуелді адамдар тек ағзасын “тазартып” шығады да, сол бұрынғы ортаға, сол күйзелістерге қайта оралады. Ал ішкі ойлау жүйесі өзгермегендіктен, рецидив қайталанады.

«Мұндай наркологиялық аурулар созылмалы дерт деп саналады. Сондықтан дұрыс емделмесе, міндетті түрде асқынады. Негізі реабилитациялық бағдарламалар 1,5-2 жылға жоспарланған», – дейді нарколог. 

Нарколог Тоқтар Қойшыбеков тәуелділікті емдеудегі негізгі жұмыс психотерапия, яғни психологпен болуы тиіс екенін жасырмайды. Бірақ мемлекеттік орталықтарда бұл бағыт екінші орынға ысырылған. Көп жағдайда кәсіби психотерапевтер жетіспейді, ал науқастармен жүйелі психологиялық жұмыс жүргізілмейді. 

«Ең негізгісі – психотерапиялық сөзбен емдеу және психокоррекциялық ем. Тәуелділікке шалдыққан адамдар ауыр энцефалопатияға (ми тіндерінің қабынусыз зақымдануы – ред.) ұшырайды. Сол кезде оларда ойлау қабілеті төмендейді, есте сақтау нашарлайды, шешім қабылдау қабілеті әлсірейді, кей жағдайда мінез-құлық өзгереді. Яғни, адам әбден деградацияға ұшырайды. Өмір сүруге мотивация болмайды. Сол үшін психологиялық көмек өте қажет», – дейді нарколог. 

Тәуелділіктен емделгеннен кейінгі өмір

Тағы бір маңызды мәселе, емнен кейінгі өмір. Теория жүзінде диспансерлік бақылау бар болғанымен, іс жүзінде ол әлсіз. Науқастардың көбі емнен шыққан соң айналасынан қолдау көре бермейді. «Ал тәуелділік сияқты созылмалы ауруды жеңуде бұл кезең өте маңызды», – дейді мамандар.  

Әлемдік тәжірибеде тәуелділік кешенді түрде емделеді: алдымен детоксикация жасалады, бірақ бұл тек бастапқы кезең. Негізгі акцент ұзақмерзімді психотерапияға, әлеуметтік бейімдеуге және емнен кейінгі тұрақты бақылауға қойылады. Яғни, адам тек физикалық емес, психологиялық және әлеуметтік тұрғыдан да қалпына келтіріледі. Қазақстанда дәл осы тізбектің ең маңызды бөлігі – терең психологиялық жұмыс әлсіз болып тұр. 

Бізге сұхбат беруге келіскен Алмат Қалдыбаев – құмар ойынға 15 жыл тәуелді болған. Бұл проблеманы өз бетінше шеше алмайтынын түсініп, жеке оңалту орталығына барады. Себебі сол жақтағы терең психологиялық көмектің бұл тығырықтан толық алып шығатынына сенімді болыпты.  

– Басында бәрі мектеп оқып жүргенімде «Бинго» деген лотереядан басталды. Құмар ойынға деген қызығушылығым сол кезде ашылды. Кейін бара-бара 15 жылда көлік, пәтер, алтын бәрі ломбардқа кетті. Әйелім мен бала-шағам да менен кетіп қалды. Сол сәттен бастап оңалту орталығына жүгінуге бел будым. Ол жақта әртүрлі тапсырмалар орындап, 5 айлық ем қабылдау курсын аяқтадым, – дейді. 

Бүгінде Алматтың бұл әдеттен арылғанына 5 жыл болған. Ол өзінің басынан өткен бұл жағдайды қазір әлеуметтік желідегі парақшасына ашық айтып, тәуелділіктің тағдырды талқандайтын қасірет екенін, оған мүлде жоламау керектігін насихаттап жүр.


Алмат Қалдыбаев

Тәуелділіктен емдейтін жекеменшік оңалту орталықтары мен анонимді бағдарламалар көбіне мемлекеттік жүйе назар аудармай отырған кемшіліктердің орнын толтырып келеді. Алмат Қалдыбаевтың тәжірибесі көрсеткендей, жеке оңалту орталықтарының басты артықшылығы – оқшаулау (изоляция) және ұзақмерзімді «12 қадам» сияқты психологиялық бағдарламалар. 

Жекеменшік оңалту орталығы және емделуші

Жеке орталықтарда емделушілер тек дәрі ішіп қана қоймай, өз сезімдерімен жұмыс істейді. «Күнделік жазу» және топтық терапия сияқты әдістер арқылы тәуелділіктің тамырын іздейді. 

Жекеменшік оңалту орталығындағы жұмыс процесі

Алайда  бұл бағыттың да өз кемшіліктері бар. Мұндай жеке орталықтардағы баға айына 300-600 мыңның аралығында. Ал 1 сеансты аяқтауға 3-4 ай керек. Жағдай ауыр болса бірнеше сеанс керек болады. 

Әрине, мұндай салыстыру мемлекеттік ем мен жеке жүйедегі методиканы бір-біріне қарсы қою емес. Негізгі мәселе – емдеу тәсілінде екеніне қоғам назарын аудару. 

«Біздің қоғам тәуелділікті ауру деп түсінбейді»

Төрт жылдан бері тәуелділермен жұмыс істеп жүрген психолог Серікгүл Сали «ең өкініштісі біздің қоғам тәуелділікті әлі ауру деп түсінбей, қабылдамай жүр. Қоғам қабылдаса онымен күрес түрі де тереңдер еді» дегенді айтты. Сондай-ақ ол тәуелділердің туыстарымен де жұмыс істеу керек деді. 

«Бірінші кезекте мәселе кімде? Мәселе тәуелді адамы бар отбасында. Олай болса, сұраныс солардан болуы керек. «Менде не дұрыс емес? Неге менің үйімнен лудоман шықты? Біз нені дұрыс жасамай отырмыз?» – деп ойлануы керек. Олар әбден барар жері, басар тауы қалмаған кезде бізге келеді. Сіз отбасында ауру баланы өсірдіңіз бе? Ненің әсерінен? Отбасындағы атмосфера мен қарым-қатынастың әсерінен. Сондықтан олар тәуелділіктен емделіп шыққаннан кейін, олармен қалай қарым-қатынас құру керек? Қандай қолдау көрсету керек? Соның бәрі туыстарына түсіндірілуі тиіс», – дейді психолог.

Өкініштісі, мұндай жұмыстар біздің қоғамда әлі кенжелеп тұр. Жалпы,  бұл журналистік зерттеу тәуелділікті қысқамерзімді медициналық шаралармен шешуге болмайтынын көрсетті. Бұл – ұзақ және кешенді емді талап ететін созылмалы ауру екеніне көз жеткіздік.

Мамандардың пікірінше, тиімді жүйе құру үшін ең алдымен тәуелділікті толыққанды ауру ретінде мойындау қажет. Одан кейін емдеу құрылымын өзгерту керек: психотерапия бірінші орынға шығуы тиіс, ал детоксикация тек алғашқы кезең ретінде қарастырылуы қажет. Сонымен қатар ұзақмерзімді реабилитация бағдарламаларын енгізіп, емнен кейінгі қолдау мен бақылау жүйесін дамыту маңызды. 

«Ең бастысы, емдеудің мақсаты тек ағзаны тазарту емес, адамның ойлау жүйесін, мінез-құлқын және өмір салтын өзгерту болуы тиіс», – дейді мамандар. Онсыз тәуелділік мәселесі шешілмеген күйінде қала бермек. 

Ажаржан ЖАРАСҚЫЗЫ