Тасқынға тосқын: Құлсарыда ахуал қалай?

Атырау облысында көктемгі су тасқынының алдын алу бағытында ауқымды жұмыстар жалғасуда. Қазіргі уақытта мамандар Жайық, Қиғаш, Сағыз және Жем өзендеріндегі ахуалды күн санап бақылауда ұстап отыр. Су келуде, алайда әзірге қауіпті деңгейден асу деректері тіркелген жоқ.

Дегенмен Жылыой ауданы аума­ғында атқарылып жатқан ша­ралар басты назарда болып отыр. Жылыой ауданы әкімдігінің мәлі­ме­тінше, өңірде су тасқыны қаупін азайту, елді мекендерді қорғау және гидротех­никалық жүйелердің жұ­мысын тұрақтандыру мақсатында бірқатар маңызды жоба іске асырылуда.

«Көктемгі тасқынға дайындық аясында Жем өзені мен Құрсай өзегі бойында түп тереңдету жұ­мыс­тары жүргізілді. Жалпы ұзын­дығы 95,3 шақырымды құрайтын аумақта арналарды тазалау және тереңдету арқылы судың өткізу қабілеті жақсартылып жатыр. Сонымен қатар қорғаныс бөгеттері күшейтіліп, су деңгейін реттеу ба­ғытында нақты іс-шаралар қабыл­дануда», – деді Жылыой ауда­ны­ның әкімі Жұмабек Қаражанов.

Мамандардың айтуынша, тас­қын қаупі ең алдымен ұзындығы 212 шақырымға созылатын Жем өзені арқылы келетіндіктен, негізгі күш осы бағытқа жұмылдырылған. Осы ретте Бақашы және Қарағай ауылдары маңында гидротехни­ка­лық құрылыстар, оның ішінде шлюз­дер салу жұмыстары аяқтал­ды. Сондай-ақ Сарқырауық каналы бойынша су реттеу жүйесі іске қо­сылып, өңірдегі су айналымын ба­қылау мүмкіндігі артты.

«Қосымша шара ретінде Қа­мыс­көл деңгейін көтеру мақса­тын­да Құрсай каналы арқылы су жі­бе­рілді. Бұл қадам өңірдегі су балан­сының тұрақтылығын сақтауға және экожүйеге түсетін жүктемені азайтуға бағытталған. Сондай-ақ Құлсары қаласымен бірге, Ақкиіз­тоғай, Тұрғызба және Шоқпартоғай ауылдарында қорғаныс бөгеттерін салу және нығайту жұмыстары іске асырылды. Бұдан бөлек, Жем және Қара-Арна ауылдық округтерінде 16 шақырымнан астам өзек арнасы тазартылып, су өткізу қабілеті едә­уір жақсарды», – деді Ж.Қаражанов.

Көктемгі су тасқынының ал­дын алу бағытында атқарылып жат­қан ауқымды жұмыстардың ішін­ен Жылыой ауданы аумағында жү­з­еге асқан ірі жобаның бірі – Жем өзені бойында салынған гид­ро­шлюз құрылысының аяқталуын атап өтуге болады. Құлсары қала­сын тасқын су­дан қорғау мақса­тында бой кө­тер­ген бұл гидротех­никалық нысанның маңызы зор. Енді Құрсай каналына жіберілетін су көлемі толық бақы­лауға алынып, реттеліп отырады. Сонымен қатар өзен бойындағы шаруашылықтар үшін де су тап­шылығы мәселесі шешімін таппақ.

Қазір құрылыс жұмыстары то­лық аяқталған. Енді нысан аумағын қоршау және абаттандыру жұмыс­тары жүргізілуде. Бұл іске 20-ға жуық адам мен 5 техника жұмыл­дырылған. Гидрошлюздің биіктігі 4 метр, ал жалпы ұзындығы 125 метрді құрайды.

Мердігер мекеме өкілі Бақыт­­­жан Ғалымжановтың айтуынша, нысан бірнеше бағытта тиімді. «Қазір мұнда 5 шлюз тұр. 5 шлюздің өзі секундына 5-6 куб метр су жі­бе­реді. Бұл жобаның тиімділігі – Құл­сары қаласында Қамыскөлді сумен қамтамасыз ету. Одан басқа да ком­муналдық жұмыстарға және жер­гілікті шаруашылықтарды сумен қамтуға пайдаланылады», – деді ол.

Бұл жоба – өзен бойындағы шаруалар үшін де үлкен қолдау. Бұ­ған дейін Жем өзені жаздың орта­сына қарай тартылып қалатын. Енді гидрошлюз арқылы су тұрақты түрде жіберіліп, егістік пен мал ша­руа­шылығына қажетті жағдай жа­са­лады. Өңірде тасқынға қарсы іс-ша­раларға биыл жергілікті бюд­­­­­­жет­тен 1 млрд теңге бөлінген. Тө­тен­ше жағдай орын ала қалған жағ­дайда 1 700-ге жуық адам, 466 тех­ни­ка, 300-ге тарта қайық пен мото­помпа, сондай-ақ 3 тікұшақ дайын тұр.

Айта кетейік, Жайық өзені, Жем және Ойыл өзені бойында орналасқан 51 елді мекен ерекше бақылауға алынып отыр. Қауіпті учаскелерде 15 гидрологиялық бе­кет орнатылып, су деңгейіне тұрақ­ты мониторинг жүргізілуде. Соны­мен қатар Атырау облысы бойынша жалпы су шаруашылығы инфра­құрылымын қалпына келтіру жұ­мыстары да жүйелі түрде жүр­гі­зілуде. «Табиғат» коммуналдық мем­лекеттік қазыналық кәсіп­орнына қарасты суару арналары тазартылып, жаңғыртылуда. Кәсіп­орын 21 арна мен «Ералы» гидро­торабына қызмет көрсетеді, ал жалпы жүйенің ұзындығы шамамен 1 300 шақырымды құрайды.

Мамандардың мәліметінше, жүргізілген жұмыстардың нәтиже­сінде қазірдің өзінде 15 арна 90 пайызға дейін суға толған. Бұл су тапшылығы мәселесін шешуге және шалғай ауылдарды сумен қам­ту уақытын қысқартуға мүм­кіндік беріп отыр. Бұрын су кейбір елді мекендерге 15–20 күнде жетсе, қазіргі таңда оның жеткізілу уа­қыты екі есеге жылдамдаған.

Су тасқынына қарсы жұмыстар қатарында жағалауды бекіту жоба­лары да бар. Махамбет ауданына қарасты Алға ауылында ұзындығы 3,2 шақырым болатын жағалауды нығайту жобасы жүзеге асуда. Қазір оның 50 пайызы аяқталған. Жоба аясында арналар бойынша қазба жұмыстары толық жүргізіліп, 946 дана свай қағылған және әуе электр желілері ауыстырылған.

Қазір нысанда қоршау орнату жұмыстары қарқынды жүріп жа­тыр. Бүгінде 4 100 дана геошпунт орнатылып, құрылыс белгіленген кестеге сай жалғасуда. Айта кету керек, 2024 жылғы көктемгі су тасқыны кезінде бұл аумақ су ас­тын­да қалып, жұмыстар уақытша тоқ­татылған болатын. Қазір құ­ры­лыс қайта жанданып, қарқыны күшейтілді. Жобаны толық аяқтау мерзімі – биылғы қазан айы.

Жалпы алғанда, Атырау облы­сында су тасқынының алдын алу бағытындағы жұмыстар кешенді түрде жүргізіліп жатыр. Өзен арна­ларының тазартылуы, бөгеттердің нығайтылуы және гидротехни­калық нысандардың салынуы өңір­дегі қауіпсіздікті арттырып, табиғи апаттардың салдарын азайтуға мүм­кіндік береді.

Баян ЖАНҰЗАҚ,

Атырау облысы