Салық түсімі артты, салмағын көтерген кім?

Алғашқы тоқсанның басты жаңалығы бюджетке түскен жалпы кірістің жоспардан асып түсуі болды. Үкімет дерегіне сүйенсек, республикалық бюджетке барлық көздерден түсетін түсім 4 085,6 млрд теңге деп жоспарланған еді. Алайда нақтысында қазынаға 4 159,4 млрд теңге түсті. Яғни, мемлекет күткеннен де көп табыс жинап, жоспар 101,8%-ға орындалған.

Бұл жалпы түсімнің ішінде ең үлкен үлесті салықтар құрайды. Ресми мәлімет бойын­ша, бюджет кірісінің шамамен 98%-ы – салықтық түсімдер. Осы уақыт ішінде бюджетке 4 077,6 млрд теңге салық түскен. Былтыр­ғы жылмен салыстырғанда, салық түсімдері 31,5%-ға артық. Яғни, бюджетке түскен жалпы ақшаның басым бөлігі – дәл осы салықтар, ал қалғаны басқа түсім көздерінен құралған.

Бұл жерде Үкімет қосымша бір маңызды факторды атап өтті: «Биылғы қаңтар-наурызда түскен ҚҚС-тың бір бөлігі былтырғы жылдың соңғы тоқсанына тиесілі. Яғни, кейбір салықтар кешігіп, осы кез­еңде төленген. Бірақ бұл өсім­нің басты себебі емес. Жай ғана жал­пы көрсеткішке аздап әсер еткен қосымша фактор деп қарауға болады».

Алайда ресми статистикадағы бұл өсімге сарапшылар да бірдей көзқараста емес. Кейбірі бірінші тоқсандағы жоғары түсімдерді экономиканың табиғи өсуімен ғана түсіндіру жеткіліксіз дейді. Мәселен, салық сарапшысы Ай­дар Масатбаев бюджет кіріс­теріндегі секірісті техникалық фак­тор­лар­мен байланыстырады.

Оның айтуынша, бірінші тоқсандағы жоғары түсімдер жаңа Салық кодексінің немесе жүйелі реформалардың нәтижесі емес. Негізгі себеп – ҚҚС мөлшер­леме­сінің 12%-дан 16%-ға көтері­луіне байланысты бизнес тара­пынан жасалған алдын ала қадам­дар.

«Жалпы, бірінші тоқсандағы түсімдерге жаңа Салық кодексінің еш қатысы жоқ. Мәселе мынада: ҚҚС 12%-дан 16%-ға көтерілетіні белгілі болған соң 2026 жылдың бірінші жартысына жоспарланған келісімшарттың бәрін кәсіпкер­лер қайта қарап шықты», – дейді сарапшы.

Оның сөзінше, көптеген компания салық жүкте­ме­сін азайту үшін келісімшарт мерзімін жаппай өзгерткен. Яғни, 2026 жылға жоспарланған мін­деттемелерді 2025 жылдың соңы­на «жылжытып», салықты бұрын­ғы төмен мөлшерлемемен төлеуге тырысқан.

«Көптеген салық төлеуші қо­сымша келісімдер жасап, орындау мерзімін 2026 жылдың бірінші жартысынан 2025 жылдың 31 желтоқсанына ауыстырды. Соның нәтижесінде 2026 жылы төленуі тиіс корпоративтік табыс салығы (КТС) бірден 2025 жылы пайда болды», – деп түсіндіреді Айдар Масатбаев.

Дәл осындай жағдай ҚҚС бойынша да байқалған. Сарап­шының айтуынша, кәсіпкерлер үшін айырмашылық айтарлықтай: егер жұмысты 2026 жылы орын­даса – 16% ҚҚС, ал 2025 жылы рәсімдесе – 12%.

«Егер актіні 2026 жылы рәсім­десең, 16% ҚҚС төлейсің. Ал 2025 жылы үлгерсең – 12%. Әрине, бизнес үшін бұл үлкен айырма­шылық. Сондықтан барлығы мүм­кіндігінше мәмілелерді 2025 жылға «жабуға» тырысты», – дей­ді ол.

Осылайша, бюджетке түскен қосымша қаражаттың бір бөлігі нақты экономикалық өсімнен емес, уақытша «ығысқан» салық төлемдерінен құралған болуы мүмкін. Яғни, 2026 жылы түсуі тиіс қаржының бір бөлігі 2025 жылдың соңында-ақ бюджетке түсіп қойған.

Сарапшы бұл пікірін нақты тәжірибемен де дәлелдейді. Оның айтуынша, 2025 жылдың желтоқ­санында салық кеңесшілері мен бухгалтерлер үшін жұмыс ерекше қарқын алған.

«Желтоқсанда біз клиент­термен түн ортасына дейін жұмыс істедік. Барлығы қосымша келі­сімдер жасап, мерзімдерді 2026 жылдан 2025 жылға ауыстырумен айналысты. Бұл – салықты үнем­деу ниетімен жасалған қадам», – дейді Айдар Масатбаев.

Сарапшының айтуынша, қа­зіргі жағдайды бір тоқсанның нәтижесімен ғана бағалау асығыс­тық болуы мүмкін. Оның пікірін­ше, жаңа салық өзгерістері биз­нес­ке әртүрлі әсер етіп жатыр – біреулер бейімделіп үлгерсе, енді біреулер үшін бұл соңғы шек болған.

«Жалпы алғанда, қазір нақты қорытынды жасауға әлі ерте. Бірақ бір нәрсе анық байқалады: жаңа салық кодексі көптеген компания үшін белгілі бір шекке айналды. Кейбір бизнес бұрын­нан-ақ әрең күн көріп жүрген, ал осы өзгерістер олар үшін соңғы нүкте болды. Яғни, мәселе тек салықта емес, олардың бизнес-моделінің әлсіздігінде де жатыр. Салық кодексі тек соған түрткі болды десек дұрыс. Сонымен қа­тар бірқатар компания шығынды азайту үшін форматтарын өзгертіп жатыр: мысалы, бутиктерден бас тартып, қойма арқылы, маркет­плейстерде жұмыс істеуге көшуде. Өйткені қала ортасында дүкен ұстағаннан гөрі қала сыртындағы қойма әлдеқайда арзан», – дейді маман.

Сарапшының сөзінше, жаңа салық режимдері де біржақты бағаланбайды. Мәселен, жеңілдетілген режим шағын биз­нес үшін тиімді болғанымен, оның да өз шектеулері бар.

«Жаңартылған арнайы салық режимі, шынын айтқанда, жаман емес. Егер сен тек жеке тұлға­лар­мен жұмыс істесең, айналымнан шамамен 4% төлейсің, ҚҚС төлемейсің – бұл өте қолайлы. Бірақ мұнда үлкен шектеу бар: сен жалпыға бірдей режимдегі заңды тұлғалармен жұмыс істей алмай­сың. Яғни, ірі бизнеспен байлан­ыс үзіледі. Ал егер олармен жұмыс істегің келсе, бірден жалпы ре­жим­ге өтесің: таза табыстан 20% корпоративтік табыс салығы, үстіне 16% ҚҚС – бұл шағын бизнес үшін ауыр жүк. Сондықтан бұл режим – тек жеке тұлғаларға немесе өзің сияқты «жеңілдетіл­гендерге» бағытталған бизнеске ғана тиімді», – деп сөзін жалғады Айдар Масатбаев.

Осы шектеулердің салдарынан шағын кәсіпорындардың бір бөлігі ірі компаниялармен жұмыс істеу мүмкіндігін жоғалтып отыр. Бұл өз кезегінде олардың табыс құрылымына және жалпы тұрақ­тылығына әсер етеді.

                                                                                коллаж: Елдар ҚАБА

Сонымен қатар мемлекет та­ра­пынан белгілі бір қолдау шара­лары да қарастырылған. Алайда олардың тиімділігі уақыт өте келе ғана анық болады.

«Қазір мемлекет белгілі бір өтпелі кезең шараларын енгізді. Мысалы, жалға алу бағалары мен коммуналдық төлемдерді уақыт­ша тұрақтандыру, шағын және микробизнесті тексеруді кейінге қалдыру сияқты қадамдар бар. Яғни, бизнеске бейімделуге уақыт беріліп жатыр. Бірақ соған қара­мастан, жоғары салық жүктемесі мен ҚҚС бойынша шектеулер кейбір компаниялар үшін негізгі себеп болмаса да, жабылуға түрткі болған факторға айналды», – дейді А. Масатбаев.

Бюджет кірістерінің өсуімен қатар инфляцияның баяулауы да маңызды көрсеткіштердің бірі. Әдетте кірістердің артуы инфля­ция­лық қысымды күшейтуі мүм­кін. Алайда бұл жолы керісінше үрдіс байқалып отыр.

Үкіметтің мәліметінше, «бір­ін­ші тоқсанның қорытындысы бойынша инфляцияны төмен­детудің тұрақты үрдісі сақталуда». Наурыз айында инфляция қарқы­ны 0,6%-ға дейін баяулаған. Ал қаңтар мен ақпанда бұл көрсеткіш 1,0-1,1% деңгейінде болған.

Бұл төмендеу бір айлық емес, ұзақмерзімді үрдіске айналып отыр. «Төмендеу алтыншы ай қа­та­рынан байқалады», – делін­ген мәлімдемеде. Яғни, 2025 жылдың қыркүйегінде 12,9%-ға жет­кен инфляция біртіндеп төмендеп, 2026 жылдың наурызында 11,0%-ға түскен.

Бұл жерде маңызды түсін­дір­ме бар. ҚҚС мөлшерле­ме­сінің өзгеруі бағаның қысқа­мерзімді өсуіне әкелгенімен, эко­номика оны сіңіріп үлгерген. Үкіметтің айтуынша, «бағаның қысқамерзімдік өсуін экономика 2025 жылдың аяғында – 2026 жылдың қаңтар-ақпанында сіңір­ген. Қазір инфляцияға әсер ет­пейді».

Дегенмен инфляция мәсе­ле­сіне келгенде де сарапшының ұстанымы ресми мәлімдемеден өзгеше. Оның пікірінше, ҚҚС мөл­шерлемесінің өсуі бағаға әсер етпей қоймайды, бұл – эконо­миканың базалық заңдылық­тарының бірі.

«Мен заңгермін, бірақ эко­номистермен сөйлескенде бәрі бір нәрсені айтады: ҚҚС-тың кез келген өсуі, мейлі, ол жарты па­йыз болсын, міндетті түрде инф­ляцияны қозғайды. Бұл – класси­калық заңдылық. Бізде оған қоса доллар бағамының өсуі бар, им­порт қымбаттады, сырттан кел­етін тауарлар мен компон­ент­тердің бағасы өсті. Соның бәрі қосылып, бағаға қысым жасайды. Сондықтан инфляция – бұл бір ғана фактор емес, кешенді мәселе. Бірақ ҚҚС-тың әсері жоқ деу – дұрыс емес, бұл экономикалық теорияда да жазылған».

Салық жүктемесінің құры­лымы туралы сөз болған­да, сарапшы әсіресе қосылған құн салығы мен еңбекақы қорына түсетін қысымға ерекше тоқта­лады. Оның айтуынша, соңғы өз­герістер кәсіпкерлер үшін нақ­ты шығындарды айтарлықтай арттырған.

Айдар Масатбаев бұл мәселені былай тарқатады:

«Егер жалпы салық жүктеме­сінің өсуі туралы айтсақ, ҚҚС бойынша жағдай шынымен күрт өзгерді. Бұрын кей­бір компания­лар белгілі бір шекке дейін ҚҚС төлемейтін, мысалы айна­лымы 80 миллион теңгеге дейін болса. Қа­зір бұл шек 43 мил­лион тең­геге дейін төмендеді. Соның салдарынан ҚҚС төлей­тін кәсіпкерлер саны айтар­лықтай кө­бейді. Әрине, бұл авто­матты түрде жүкте­ме­нің өс­кенін біл­діреді. Яғни, бұрын бұл салықты төле­меген бизнес енді толыққан­ды төлеушіге айналды. Бұл – қат­ты сезілетін өзгеріс».

Сарапшының сөзінше, бұдан да күрделі мәселе – еңбекақы қорына түсетін ауыртпалық. Бұл проблема жаңа Салық кодексінен бұрын да болған, алайда қазіргі өзгерістер оны жеңілдетпеген.

«Ең қиын мәселе – еңбекақы қоры. Бұл – бұрыннан бар проб­ле­ма, бірақ жаңа кодекс оны шеш­кен жоқ. Қазір кәсіпкер қыз­меткерге «қолына» 1000 теңге беру үшін жалпы есеппен 39,5%-дан 49%-ға дейін қосымша төлем жасайды. Бұл – өте жоғары жүк­теме. Яғни, жалақының өзінен бөлек, оған байланысты түрлі мін­детті төлем бар, олар бизнеске ауыр салмақ түсіреді. Мұндай жағдайда көлеңкелі еңбекақы немесе оптимизация іздеу тенден­циясы пайда болады – бұл да түсінікті».

Осы тұста салық саясаты мен экономикалық саясаттың арасын­дағы тепе-теңдік мәселесі алдың­ғы қатарға шығады. Бір жағынан, мем­лекет бюджет кірістерін арт­тыруға мүдделі. Екінші ­жа­ғынан, бизнеске түсетін жүк­теме оның дамуына кедергі кел­тірмеуге тиіс. Сарапшының айтуынша, дәл осы тепе-теңдік сақ­талмаса, қысқа­мерзімді табыстар ұзақмерзімді тәуекел­дерге айналуы мүмкін.

Кәмила ДҮЙСЕН