Қауып алатын қауіп

«Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» заң тағы өзгеретін сыңайлы. Мәжіліс мақұлдаған даулы түзетулер енді Сенат талқысына түспек.

Бұралқы иттерді эвтаназиялап өлтіруге жол ашатын бұл құжат бұрынғы «ұстау, стерильдеу және қайта жіберу» жүйесінен бас тартуды көздейді. Депутаттар қатаң шешімге бейіл беріп отырса да, қоғамда адам мен ит құқығы таразының екі басын алма-кезек басып тұр. Әлеуметтік желідегі қызу пікірталас қызылкеңірдек айтысқа ұласып кетті.

Жасыратыны жоқ, қа­ла­да болсын, ауыл-ай­мақ­­­­­та болсын, топ-тобымен шұ­­бырып жүрген иесіз иттерді жиі көреміз. Кейбір қоқыс жә­шіктеріне жақындап барудың өзі қауіпті. Әсіресе, балалардың үйден мектепке, мектептен үйге аман-есен жетуі мұңға айналды. Ин­тернетте адамға шапқан төр­т­аяқтылардың видеосы көп. Қап­қаны, талағаны өз алдына, кі­сі өліміне әкеп соққан жайт­тар баршылық. Аса бір қайғылы жағ­дай дегенде, Өскемен ірге­сін­дегі оқыс оқиға еске түседі. Қа­лаға тиіп тұрған Лесхоз ауы­лын­да жеті жасар қыз баланы қаң­ғыбас иттер жабылып тала­ға­нымен қоймай, аяғын тізе тұ­сынан жұлып тастаған. Қор­ғансыз бүлдіршін сол жерде, сол заматта ажал құшқан. Осы­ған ұқсас оқиғалар Оралда, Көк­шетауда, Алматы, Ақмола, Ақ­төбе облыстарында да бол­ған. Тізе берсек, соза береміз. Жан­түршігерлік статистика жа­ғаңды ұстатады. Соңғы бір жыл­да 41 366 адамды ит қауып­ты. Со­ның ішінде 23 134 адам бұ­рал­қы иттердің шабуылынан зар­дап шеккен. Мұндай циф­р-л­ар­ды заң жобасын талқылау ке­­зінде депутат Еділ Жаңбыр­шин мәлімдеді.

«Орташа есеппен елімізде бір сағатта бес адамды ит қауып, та­лайды екен. Біз осы залда заң талқылап отырған сәтте елдің бір жерінде – аулада, көшеде, мек­тептің маңында, балалар алаңында немесе аялдама жа­нын­да бір бала, әйел немесе қарт адам ит шабуылының құр­ба­нына айналуы мүмкін. Бұл эмо­ция емес, бұл – құрғақ ста­тис­тика. Сондықтан біз бүгін жай ғана жануарлар туралы заң қарап отырған жоқпыз. Біз бү­гін адам қауіпсіздігі туралы, қо­­ғамдық тәртіп туралы, мем­ле­кеттің жауапкершілігі тура­лы, ең бастысы, адам өмірі мен ден­саулығын қорғау туралы мә­селені қарап отырмыз. Өңір­лерде тұрғындармен кездес­кен­де, ел бұралқы иттердің мә­се­ле­сін шешуді бізге аманаттады. «AMANAT» партиясының де­путаттары оны мойнына алып, осы заң жобасына бастама­шы­лық жасады, ал басқа фрак­ция­лардағы әріптестеріміз бізді қол­дады», – деді депутат.

Бұған дейінгі заң бойын­ша бұралқы иттерді ұс­тап, стерильдеп, вакцина егіп, қай­тадан көшеге жіберу тәжі­ри­бесі жүргізілген. Бірақ бұл жүйе­ден ойдағыдай нәтиже шық­пады. Сол себепті Пре­зи­дент Қасым-Жомарт Тоқаев осы­дан тура үш жыл бұл мәсе­ле­ге назар аударып, әкімдіктер мен құзырлы органдарды батыл шаралар қолдануға шақырған. Мем­лекет басшысы: «Жа­нуар­лар­ды аялауымыз керек, бірақ олар­дың адамға, әсіресе балаға шабуына жол бере алмаймыз. Бар­лық өңірден шағым түсіп жа­тыр, жағдай бақылаудан шы­ғып кетуі мүмкін. Бұл дұрыс емес. Дереу шара қолдану қа­жет», – деп өз ұстанымын ай­қын білдірген.

Иә, қоғамдағы басым көп­ші­лік айдың-күннің аманында ба­лалардың итке таланғанына алаңдаулы. Ата-аналар ода­ғы­ның мүшесі Айкенже Нұр­си­патова: «Бір баланың өмірі мың­даған иттен артық» деген қа­ғиданы толық қолдайды.

«Біз үшін бала қауіп­сіз­ді­гі­нен артық құндылық жоқ. Күн сайын баламызды мектепке не­месе үйірмеге жібергенде жол­да бұралқы иттердің тобына ұшыраспай ма екен деп уайым­дап отырамыз. Желідегі жаңа­лық­тарды оқысаң, үйде отырып қор­­қасың. Сондықтан бұл заң – қатыгездік емес, бала­ла­ры­мыздың қауіпсіздігін қам­та­масыз етуге бағытталған қажетті шара. Әрине, жануарларға жа­нымыз ашиды, дегенмен тәр­тіп ор­наған жерде ғана бала­лары­мыз аулада алаңсыз ойнай ала­ды», – дейді ол.

Қабылданғалы отырған жаңа заңда бұралқы иттерге «тай­мер» енгізу ұсынылған. Яғ­ни, ұсталған жануарлар міндетті түр­де уақытша орналастыру пункт­­­­­теріне апарылады, бірақ он­дағы мерзімі шектеледі: қа­рау­­сыз иттер 5 күнге дейін, иесі бар иттер 60 күнге дейін арнайы орын­­­да ұсталады. Осы уақыт ішін­де иесі табылмаса, эвта­на­зия жасауға рұқсат беріледі. Сон­дай-ақ тегін вакцинациядан бас тарту, әкімдіктердің мін­дет­терін нақтылау, үй жануарларын мін­детті түрде чиптеу және жа­нуарларды өсіруді реттеу мә­се­лесі де заң жобасында қам­тыл­ған.

Экология министрлігі бұл өзгерістерді қазіргі жүйе­нің тиімсіздігімен түсін­діре­­ді. Әйтсе де, ел арасында бұл өзгерістерге келіспейтіндер де кездеседі. Олар «мұндай ша­ра­лар жануарларды жаппай құр­­туға арналған» деп есеп­тей­ді. Заңға қарсылық танытқан аза­маттардың ойынша, иесіз ит­тер де өмір сүруге құқылы, жа­­ны бар тіршілік иелерін се­беп­­­сіз өлтіруге болмайды, ке­р­ісін­ше, ит иелеріне бақылауды кү­шейтіп, уақытша ұстау тұрақ­тарындағы жағдайды жақсарту керек. Бірақ позициясын ашық ай­тумен шектелмей, заң жо­ба­сы­ның авторларын қарғап-сі­леп, әлеуметтік желіде жерден алып, жерге салғандар жетіп ар­­­тылады. Осы орайда Мәжіліс де­путаты, «AMANAT» пар­тия­сы фракциясының мүшесі Ерболат Сатыбалды оппо­нент­тер тарапынан нақты конс­трук­тив­ті ұсыныстар жоқ екенін ай­тады.

«Тек жеке басына тиісу, қап­таған қорқынышты сөздер. «Сені ату керек!», «Көзіңді құр­ту керек!» деген пікірлер бар. Заңды толық оқымай, қауесетті әдейі таратып жатқан күштер де бар. Бұралқы иттер туралы сөз болса, өре түрегелетін ұйым­дар­дың күмәнді гранттары бар еке­ні жасырын емес. Біз бұл заң­ды екі жылдан астам уақыт тал­қ­ыладық, 40-тан астам елдің жұмысын қарадық. Ортақ ше­шім – көшеде бұралқы ит жүр­меуі керек және иттің мінез-құл­қына жауап беретін кісі мін­детті түрде болуы керек. Ал зооқорғаушылар жеке пана­жай­ларда иттерді өмір бойы асы­рай алады, оған ешкім қар­сы емес. Бірақ «итті көшеге жі­береміз, шығынын бюджетке ар­тамыз, ал олар адамға шабуыл жа­саса, мемлекет жауап береді» де­ген заң ешқандай гуманизмге жат­пайды», – деді халық қалау­лысы.

Халықаралық тәжірибе демекші, әлемде иесіз ит­­терді аулап, медициналық жол­мен жойып отыратын ел көп: АҚШ, Ұлыбритания, Фран­ция, Норвегия, Швей­ца­рия, Швеция, Финляндия, Мек­сика, Исландия, Латвия, Эсто­ния, Аустралия, Ирландия, Ма­лайзия, тағысын тағылар. Мұ­ны да ескерген жөн.

Күні кеше Еділ Жаңбыршин Facebook парақшасында жария­лаған бейнеүндеуінде біршама күдіктің шетін аңғартты. Депу­тат­­тың сөзінше, 2022-2026 жыл­­дары қаңғыбас иттер мен мы­­сықтарды аулау, вак­ци­нациялау және стерилизация­лауға бюд­жет­тен 14,9 млрд теңге бөлінген. Жаңбыршин бұл қаржының орынды жұмсалуына күмәнін ай­тып, кейбір мүдделі топтар­дың осы «майлы жіліктің басы­нан» айырылғысы келмей отыр­ғанын меңзеді. Осыған қатысты 13 депутат қаражаттың игерілуін тексеруді талап етіп, Бас прокуратура мен Ұлттық қауіпсіздік комитетіне ресми сауал жолдаған.

Заң жобасын жақтайтын қа­рапайым жұрттың дені жа­нуар­лар құқығын қорғау­шы­лардың әрекетін екіжүзділік деп бағалады. Мәселен, Threads же­лісінде Мақсат Әсетұлы де­ген қолданушы жазған мына ком­ментарий діттеген нысанаға дөп тиіпті. Нақтылық үшін ем­ле­сін сол қалпында қалдырдық.

«Біздегі зоозащитниктердің көбі діни фанатиктер сияқты екен. Иттер туралы сұрағыма жауап берудің орнына жеке бас­қа өтіп, балағаттап жазбаған жа­ман сөздері қалмады. Ет биз­несі үшін, тамақ үшін күніне қан­шама мыңдаған сиыр, қой, жылқы сойылып жатыр. Солар­ды да қорғаңдар онда, итті ғана емес. Сиырдың стейгін, жыл­қы­ның ішегін, қойдың басын жеп отырып ит ататындарды жауыз деулерің екіжүзділік», – деді пікір иесі. Сондай-ақ «ақ­бө­кендер мен Каспийдің итба­лықтары мыңдап қырылғанда жаңағы белсенділер неге тырс етіп үн қатпады?» деген орынды сұрақ та қоғамда көп қойылады.

Ықылым заманнан бері ит адамға көмекші қыз­метін атқарғаны рас, алайда урбанизация заманында олар­дың бақылаусыз көбеюі – қауіп­ті құбылыс. Әрі-беріден соң қандай заң болса да, Кон­с­титуцияға қайшы келмеуі ке­рек. Ата заңымыздың 1-ба­бын­да: «Мемлекеттің ең жоғары құн­дылығы – адам мен оның өмірі, құқықтары мен бостан­дықтары» деп анық жазылған. Демек, жануарлар құқығы адам құқығынан жоғары тұрмауға тиіс.

Айдар ДӘУІТҰЛЫ