Үш бірдей бүлдіршіннің өмірін қиған өрт – тек кездейсоқ апат емес, қоғамдық жауапсыздық пен заңдық қайшылықтың ащы жемісі ме? Өрт сөндіру көлігі үлкен қалаларда биік тұрғын үйлерге жылдам жолай алмайды: аулалар үлкен дуалмен қоршалған, есіктері темір қақпалармен жабылған. Одан қалды, өту жолдарында бірнеше қатар көлік қойылады. Содан жұртшылықтың пікірі «адамды құтқару үшін өзгенің мүлкін қиратуға бола ма?» деген сауалдың төңірегінде екіге жарылды.
Таран жасау – талап па, тәуекел ме?
12 сәуірге қараған түні елорданың Есіл ауданындағы Түркістан көшесінде орналасқан 21 қабатты тұрғын үйдің 15-қабатындағы пәтерден өрт шықты. 20 адам эвакуацияланды, бірақ пәтер ішінен кәмелетке толмаған үш баланың мәйіті табылды. Бір әйел дене күйігімен ауруханаға жатқызылды. Елордалық Денсаулық сақтау басқармасы ол әйелдің жағдайы әлі де ауыр екенін хабарлады.
Астана қалалық Полиция департаментінің баспасөз қызметі өрт кезінде балалар мүрдесінің табылу фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді. ТЖД өкілдері болса, пәтердің екі құлпы бар темір есікпен жабылғанын, оны құтқарушылар арнайы құралдардың көмегімен әзер ашқанын жеткізді.
Үш бала қаза тапқан сұмдық өрттен кейін Мәжіліс депутаты Олжас Құспеков өрт сөндіру көліктеріне алдан кездескен шлагбаумдар мен автомобильдерді соғып өтуге рұқсат беруді ұсынды. Ол Үкіметке өрт қауіпсіздігі шараларын тез арада күшейту және шұғыл қызметтердің кедергісіз өтуін қамтамасыз ету туралы ұсыныспен жүгінді.
– Жабық өткелдер, ретсіз тұрақтар, істен шыққан гидранттар, өртке қарсы жабдықтардың жоқтығы және меншік иелері мен басқарушы ұйымдар тарапынан жүргізілетін үстірт бақылау адам өміріне тікелей қауіп төндіреді. ТЖМ мәліметінше, 2025 жылы шұғыл қызметтер өртке және авариялық-құтқару жұмыстарына 93 мыңнан астам рет шыққан. Барлық өрттің шамамен 62%-ы тұрғын үй секторына тиесілі», – деді О.Құспеков.
Осыған байланысты бір топ депутат мынаны ұсынды: біріншіден, үйлердің жанында шұғыл қызметтердің өтуіне арналған арнайы дәліздер (Fire Lane баламасы) енгізілуі керек. Екіншіден, адамдарды құтқаруға тосқауыл болса, құтқарушыларға кедергілерді, соның ішінде шлагбаумдарды бұзып алып тастауға, тіпті көліктерді зақымдауға рұқсат беру ұсынылды. Үшіншіден, ғимараттардың өрт қауіпсіздігіне қойылатын талаптарды күшейту, цифрлық бақылауды енгізу және түтін датчиктерін хабарландыру жүйелеріне қосу қажет.
Өз кезегінде ТЖМ Астанадағы өртеніп жатқан үйдің жанында бөгет болған көліктерді өрт сөндірушілердің неліктен соғып өтпегенін түсіндірді. Өйткені ақпарат құралдары жазғандай, олардың иесі табылып, өздері алып тастағанын күтуге біраз кідірген көрінеді.
ТЖМ Өртке қарсы қызмет комитеті басқармасының бастығы Әйгерім Райымқұлова құтқарушылардың бұлай жасауға құқығы жоқ екенін түсіндірді. Азаматтық қорғау туралы заңға сәйкес, олар аумаққа кіріп, өртенген ғимарат конструкцияларын бұза алады, бірақ жолай көлікті соғып өтуге құқығы жоқ. Соқса, өтемақы төлеуге мәжбүр болар еді.
– Қылмыстық кодекстің «Аса қажеттілік» деп аталатын 34-бабы бар. Оған сәйкес, адамдардың өмiрi мен денсаулығына, құқықтарына, қоғам мен мемлекеттiң мүдделерiне тiкелей қатер төндiретiн қауiптi жою үшiн жекеменшіктегі мүлікке зиян келтiру қылмыстық құқықбұзушылыққа жатпайды. Бірақ бұл бап мына жағдайда жарамайды. «Аса қажеттілік» туындағанда, біз тиісті қызметтерді тартып, кедергіні бәрібір жоятын едік. Өрт сөндіру сатысы жақындап келгенде өрт сөндірушілер пәтердің есігін ашып қойған-тын. Ары қарайғы бағаны тергеу береді,– деді Ә.Райымқұлова.
Оның айтуынша, биік ғимараттарға өрмелеуге арналған өрт сөндіру автосатысының біреуінің құны 1 миллиард теңгеге дейін барады. Мұндай қымбат техниканы көліктерді соғу үшін пайдалануға болмайды, ол қиратуға емес, адам өмірін құтқаруға арналған. Басқарма басшысы жолдың бос болуына тұрғындардың өздері де жауапты әрі мүдделі болуға тиістігін нықтады. Өту жолын көлікке толтырып тастаса, шұғыл қызметтердің және көмектің уақытылы жетпейтінін тұрғындар түсінгені маңызды.
Заң әрпі және жан зары
Бұған қатысты Төтенше жағдайлар министрлігі де ресми түсініктеме таратты: «Өртенген үйдің пандусына кіреберісте тұрған жеңіл автомобиль тек биіктік техникасының (автосаты) аула ішіне кіруіне бөгет болды, алайда өрт сөндірушілердің негізгі іс-қимылдарына кедергі келтірген жоқ», – деп мәлімдеді ТЖМ баспасөз қызметі.
Астана қалалық ТЖД бастығының орынбасары Өміржан Тұқышев өрт сөндірушілер 20 минутқа кешікті деген ақпаратты теріске шығарды: «Бөлімшелер келген бойда бірден балаларды құтқаруға және өртті сөндіруге кірісті. Ол үшін тұрғын үйдің сатысы пайдаланылды. Екі бөлімше баспалдақпен жоғары көтеріліп, есікті бұзып ашты және құтқару жұмыстарын бастады. Алдымен әйел адам құтқарылды, содан кейін сөндіруге көшті. 20 минуттық кідірісті ресми түрде жоққа шығарамыз», – деп атап өтті Ө.Тұқышев.
Райымқұлова бір жайтқа назар аударды. Бейнежазбаның бірінде автосаты орнатылып жатқанда, терезеден жалын тілі шығып жатқаны байқалады. Бұл өрт туралы хабар әлдеқайда кеш түскенін білдіреді. Қоңырау шалғанға дейін оттың қанша уақыт жанғаны әзірге белгісіз. Қою түтін ішінде адам небәрі 10 минутта қаза болуы мүмкін. Ең алдымен кішкентай балалар тұншығады.
ТЖМ түсіндіруінше, өрт сөндіру кезінде заңды әрекет еткен өрт сөндірушілер келтірілген зиянды өтеуден босатылады. Бұл заң нормасы «аса қажеттілік» жағдайында жабық есік-терезені, шатырды, сондай-ақ қоршау конструкцияларын бұзуға мүмкіндік береді.
«Азаматтардың автомобилін соғуға мүмкіндік беретін норма заңда қарастырылмаған. Жеке меншік Ата заңмен қорғалады. Және автомобильді ірі габаритті өрт сөндіру техникасымен соғу жолдың босатылуына кепілдік бермейді. Мұның салдары қосымша шығын мен тәуекелге соқтыруы мүмкін. Тәжірибе көрсеткендей, бұған қатысты сот процестері ұзаққа созылады әрі құтқарушылардың іс-әрекетінің заңдылығы дәлелденетініне еш кепілдік бермейді», – деді ТЖМ.
Министрлік құқық қорғау органдарымен өзара іс-қимыл алгоритмі жолға қойылғанын қаперге салды: полиция өрт сөндірушілермен бірге шақыртуларға шығады және жолға кедергі келтіретін автомобильдерді эвакуациялауды қамтамасыз етеді. ТЖМ өрт сөндіру техникасымен жолай кездескен көлік құралдарын соғуды заңдастыруға үзілді-кесілді қарсы: мұндай таран жасауды ақтайтын объективті және әмбебап критерийлер жоқ.
Ведомство мұндай норманы заңмен бекіту жанжалдың көбеюіне, бюджетке түсетін қаржылық жүктемеге, өрт сөндіру машиналары жүргізушілерінің тегіс жазалануына және жағымсыз қоғамдық резонансқа алғышарттар жасайды деп қауіптенеді. Мысалы, «бір отбасыны асырап отырған жалғыз көлікті жапырып кетті!» деп шулатуы мүмкін. Яғни, ТЖМ өрт сөндірушілер тілсіз жаумен арпалысу орнына сот дауларымен күресуден бас көтере алмай қалады деп қауіптенеді. Темірді темірмен соғу – мәселенің шешімі емес, жаңа даудың басы. Қоғам мен мемлекет өртті сөндіруден бұрын, өртті ушықтыратын салғырттық пен тоғышарлықты жеңуі керек. Түсіндіру жұмыстары «Заң мен тәртіптің» ажырамас бөлігіне айналса құп.
Ведомство көпқабатты үйде өрт болған кездегі іс-қимыл алгоритмін елдің есіне салды. Кіреберісте тым қою түтін тұрса, пәтерге қайта оралып, терезе арқылы құтқаруды күту керек. Түтін аз болса, онда бетті суланған, дымқыл матамен жауып, тік емес, еңкейе жүріп, тек сатымен төмен түсіп, сыртқа шығу керек. Лифтіге мінуге болмайды, ол кез келген мезетте сынып, тоқтап қалуы мүмкін.
Санадағы селқостықты датчик анықтамайды
Қалай болғанда, елде өрши бастаған өрт оқиғалары қосымша шешімдер қабылдауды талап етеді. Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Ұласбек Сәдібековтің пікірінше, өрттің алдын алу шаралары әлі де белсенді түрде ұйымдасқан жұмысты қажет етіп отыр. Елде бірнеше ауыр өрт тіркелді. Алматы облысындағы тұрғын үйлердің бірінде газ баллоны жарылып, 50 азамат үйсіз қалды. Түркістан облысының Жетісай ауданындағы Алғабас ауылында екі қабатты жеке тұрғын үйден шыққан өрт салдарынан 12 адам, оның ішінде 9 бала қаза тапты.
– Бір ғана Түркістан облысында 2025 жылы 390 өрт тіркеліп, 18 адам қаза тапты, 13 адам жарақаттанды. Бұл жағдай елдегі өрт қауіпсіздігі жүйесінің әлсіздігін, сондай-ақ тұрғын үйлерде қарапайым қауіпсіздік құрылғыларының жеткіліксіздігін көрсетті. Сол себепті Қазақстандағы әрбір жеке және көпқабатты тұрғын үйге өрт дабылдатқыштары, түтін және газ датчиктерін орнату қажет. Тұрғын үйлерді пайдалануға бергенде, сондай-ақ жыл сайынғы тексерістерде өрт қауіпсіздігі құрылғыларының болуын талап ету қажет, – деді депутат.
Бұл мәселеге Үкімет басшысының бірінші орынбасары Роман Скляр үн қатты. Ол құрылыс нормаларына сәйкес, қабаттылығына қарамастан жобаланатын көппәтерлі тұрғын үйдің бәрі автоматты өрт сигналдау жүйелерімен жабдықталуға тиістігін еске салды. Өрт қауіпсіздігі қағидаларында жеке тұрғын үйлердің тұрғын үй-жайларын автономды түтін-өрт хабарлағыштарымен жабдықтау көзделген.
– Жыл сайын жылу беру маусымында көпбалалы және аз қамтылған отбасылардың, зейнеткерлердің, мүгедектердің тұрғын үйлерінде газ бен түтіннің қауіпті концентрациясын анықтау датчиктерін орнату жұмысы жүргізіледі. 2025 жылы ТЖМ, әкімдіктер, үкіметтік емес және волонтерлік ұйымдар әлеуметтік осал азаматтардың үйлерінде 43 мыңнан астам өрт датчигін орнатты. 2019 жылдан бері барлығы 301 мыңнан астам датчик қойылды. Олар 66 рет іске қосылып, 281 адамды аман алып қалды, – деді Р.Скляр.
Осының алдында бір топ депутат ауылдағы өртке қарсы қызметтердің материалдық-техникалық базасын жаңғыртуды сұраған еді. Бірінші вице-премьердің хабарлауынша, елдің өртке қарсы қорғауын 446 өрт сөндіру бөлімшесі жүзеге асырады: қалада – 209, ауылда – 237. Мемлекеттік өртке қарсы қызмет бөлімшелері жоқ ауылдық елді мекендердің өрт қауіпсіздігін күшейту үшін ТЖМ «Ауыл құтқарушылары» ведомстволық жоспарын бекітті. Оған сәйкес, 2025 жылы әкімдіктер жалпы саны 512 мың адам тұратын 430 елді мекенді қорғау үшін жаңа 152 өрт сөндіру бекетін құрды.
ТЖМ жуырда 2026 жылға арналған елді мекендерінде өрт сөндіру бекеттерін құру және жаңғырту жоспарын бекітті. Ол тағы 550 өрт сөндіру бекетін құруға және жалпы 1 млн адам өмір сүретін 1 037 ауылдық елді мекенді өртке қарсы қорғаумен қамтуға бағытталған.
Датчик – дабыл, сақтық – амал! Мемлекет мың жерден датчик орнатқанымен, әр шаңырақ өз қауіпсіздігіне бейжай қараса, темір мен технологияның қауқары шамалы. Тілсіз жаумен күресте жауапкершілікті қатайту маңызды, бірақ сананы өзгерту одан да маңыздырақ. Өрт сөндіру көлігіне жол бермеу – тек мәдениетсіздік емес, жанама қылмыс. Біз бүгін «өрт сөндіруші көлікті соғып өтсін бе?» деп таласып жатырмыз, ал негізгі мәселе – сол көліктің сол жерде тұрақтамауында еді.
Айхан ШӘРІП