Ұландықтар самбодан Әлем кубогында жүлделі орындарға ие болды

Жарыс қорытындысы бойынша 64 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде 7552 әскери бөлімінің атқыштар ротасының әскери қызметшісі ефрейтор Нұрсұлтан Нұрсейтов қола жүлдені жеңіп алды.

Ұлттық ұланның әскери қызметшілері Арменияның Ереван қаласында өткен самбодан Әлем кубогында жоғары дайындық деңгейін көрсетіп, лайықты нәтижелерге қол жеткізді. Дүбірлі додаға 22 елден 500-ден астам спортшы қатысты, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Жарыс қорытындысы бойынша 64 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде 7552 әскери бөлімінің атқыштар ротасының әскери қызметшісі ефрейтор Нұрсұлтан Нұрсейтов қола жүлдені жеңіп алды.

Ал 98 келіге дейінгі салмақта әскерлердің спорт командасын даярлау орталығының аға маманы ефрейтор Еламан Қойшыбаев күміс жүлдегер атанды.

- Халықаралық аренада еліміздің намысын қорғау – мен үшін үлкен мәртебе. Бәсекелестік өте жоғары болды, әр белдесу толық күш-жігерді талап етті. Бұл жүлде – тынымсыз жаттығудың және басшылықтың қолдауының нәтижесі. Алдағы уақытта да еліміздің туын биік деңгейде көтеру үшін бар күшімді саламын, - деді ефрейтор Қойшыбаев.

Құқықтық тәртіп әскерлері әскери қызметшілерінің бұл нәтижелері олардың кәсібилігін, рухының мықтылығын және жоғары дене дайындығын айқын көрсетті. Қол жеткізілген жетістіктер еліміздің халықаралық аренадағы спорттық имиджін нығайтуға өз үлесін қосты.

Ұлттық ұлан әскери қызметшілер арасында спортты дамытуға ерекше көңіл бөлуді жалғастыруда. Бұл бағыт жауынгерлік даярлықтың маңызды құрамдас бөлігі әрі моральдық қасиеттерін қалыптастырудың тиімді құралы ретінде қарастырылады.