Елордада азаматтардың діни сенімін пайдаланған ер адам сотталды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Ол өзін қажылық сапарын ұйымдастырушы ретінде көрсетіп, жалған әуе билеттері мен қонақ үйлер үшін азаматтардың 7,4 миллион теңгеден астам қаражатын алдап иемденген.
Алаяқтың құрбаны еліміздің әр өңірінен 17 адам болды, олардың арасында қарт ата-аналарын умраға жіберуді жоспарлаған отбасылар да бар.
Сотталушы ірі көлемдегі алаяқтық жасағанын мойындап, жәбірленушілерге келтірілген залалды өтеді.
Сот үкімімен оған 3 жыл мерзімге бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалып, пробациялық бақылау белгіленді.
Прокуратура ескертеді: қажылыққа байланысты қызметтерді алу үшін лицензиясы бар туристік агенттіктерге жүгіну қажет. Ақшаны тексерілмеген тұлғаларға, тіпті өздерін қажылық ұйымдастырушысы ретінде таныстырған адамдарға аудару алаяқтарға тап болу қаупін тудырады.