«Қазгидромет» РМК баспасөз қызметі 2026 жылғы 19 сәуірде Алматы қаласы мен еліміздің 14 облысында қолайсыз және қауіпті ауа райы құбылыстары күтілетінін мәлімдеді, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Алматы қаласында таңертең және күндіз жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Іле Алатауының таулы аймақтарында (Медеу, Бостандық аудандары) түнде және таңертең тұман күтіледі. Желдің екпіні 15-20 м/с-қа дейін жетуі мүмкін.
Алматы облысының батысы мен оңтүстігінде жаңбыр мен найзағай болады. Кей жерлерде тұман түсіп, шығыс және таулы өңірлерде жел күшейеді. Түнде солтүстігінде және тау бөктерінде 3°С-қа дейін үсік жүруі ықтимал. Қонаев қаласында күндіз жаңбыр мен найзағай, түнде тұман күтіледі.
Маңғыстау облысында күндіз жаңбыр, найзағай және шаңды дауыл болады. Желдің жылдамдығы 15-20 м/с-қа дейін күшейеді. Ақтауда да шаңды дауыл соғып, жел 15-18 м/с-қа жетеді.
Шығыс Қазақстан және Абай облыстарында жел күшейіп, кей жерлерде тұман болады. Ақмола облысында да тұман түсіп, жел 15–20 м/с-қа дейін жетеді.
Атырау облысында жаңбыр, найзағай және шаңды дауыл күтіледі. Түркістан мен Жамбыл облыстарының таулы аймақтарында жаңбыр, найзағай, кей жерлерде қар және тұман болжанып отыр. Сонымен қатар, бұл өңірлерде үсік қаупі мен жоғары өрт қаупі сақталады.
Қостанай, Солтүстік Қазақстан және Батыс Қазақстан облыстарында жел күшейіп, найзағай болуы мүмкін. Қарағанды мен Ұлытау облыстарында түнде және таңертең тұман күтіледі.
Жетісу облысында жаңбыр, найзағай, тұман және қатты жел болжануда. Алакөл маңында желдің екпіні 23–28 м/с-қа дейін жетеді. Кей жерлерде үсік жүруі мүмкін.
Жалпы ел аумағының басым бөлігінде желдің күшеюі, найзағай, тұман және температураның төмендеуі күтіледі.