18 жыл өткен соң ашылған ақиқат: Ақмола облысында әйел өлімі бойынша іс қайта жанданды

Ақмола облысында 18 жыл бойы ашылмай келген аса ауыр қылмыстың беті ашылды.

2008 жылы болған әйелді өлтіру дерегі ұзақ уақыт бойы ашылмай қалған қылмыс санатында қалып келгенімен, құқық қорғау органдары істі бір сәтке де назардан тыс қалдырмапты, –  деп хабарлайды Aikyn.kz порталының тілшісі.

Қайғылы оқиға 2008 жылдың мамыр айында Бурабай ауданына қарасты Златополье ауылында болған. Қаза тапқан – жергілікті тұрғын әйел. Алғашқы тергеу барысында негізгі күдікті ретінде оның бірге тұратын азаматтық жұбайы қарастырылған. Белгілі болғандай, қылмыс қарсаңында екеуі бірге спирттік ішімдік ішкен.

Алайда сол кезеңде күдіктінің кінәсін дәлелдеуге жеткілікті айғақтар жиналмай, іс ашылмай қалған.

Соған қарамастан, жедел уәкілдер бұл істі ұмыт қалдырмай, жыл сайын қайта оралып отырған. Тергеудің жаңа кезеңі 2026 жылдың ақпан айында басталды,  қылмыстық іс қайта қозғалып, қосымша кешенді жұмыстар жүргізілді.

–  Атап айтқанда, іс аясында ситуациялық медициналық-криминалистикалық сараптама тағайындалып, оқиғаға мүлде жаңа қырынан қарауға мүмкіндік туған. Сараптама нәтижелері мен жиналған дәлелдер жиынтығы күдіктінің қылмысқа қатысы бар екенін нақты дәлелдеді, –  дейді Ақмола облыстық Полиция департаментінен.

Осылайша, 18 жылдан кейін қылмыстың шынайы көрінісі толық қалпына келтіріліп, күдіктінің кінәсі дәлелденді.

Дегенмен, оны қылмыстық жауапкершілікке тарту мүмкін болмай отыр. Себебі күдікті 2022 жылдың қыркүйек айында үсіп қайтыс болған. Құқық қорғау органының мәліметінше, өткен жылдардағы ашылмаған қылмыстарды тергеу – олардың негізгі басым бағыттарының бірі. Заманауи криминалистика мүмкіндіктерін пайдалана отырып, полицейлер ондаған жыл бұрын жасалған қылмыстардың да ақиқатын анықтауға күш салып келеді. Ал ақиқаттың жолы ұзақ болса да, әділеттің жүгі әрқашан жеңілдемек емес... 

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, 

Ақмола облысы