Тележүргізуші, журналист Дина Төлепберген әлеуметтік желідегі парақшасында ақын Мұхтар Шаханов туралы естелігін жариялады, – деп жазды Aikyn.kz.
Ол жұмыссыз қалғанда ақынның үйінде тұрғанын айтты.
«2006 жылы Астанаға енді көшіп келген кезім тұғын. Телеарнаға жұмысқа тұрамын. Көп ұзамай ондағы қазақ тіліне жасалған қысымды байқамын. Ол кезде 50/50 деген заң жоқ болатын. Қорланған тіліміздің жайын күйттеп, бас көтеріппін. Мінезім үшін мен және тағы бір топ журналист жумыстан қуылған еді. Сол кезде ағыл-тегіл болып, бірақ үімітімізді үзбей Мұқтар ағамыздың үйіне барамыз. Бізді мұқият тыңдап, “келесі мәжілістің отырысында депутаттық сауал жолдаймын. Сендер жайлы айтамын,” деді. Уәдесінде тұрды», - дейді тележүргізуші.
Ол ақынның адамдық қасиетін, тұлғалық болмысын құрметтейтінін жеткізді.
«Ол тек сөзбен емес, іспен де қорғады. Жұмыстан қуылып, қаржыдан қысылған бізді өз үйінде паналатты. Ал біз, шамасы 6 адамбыз-ау. Сол сәтте мен оның тек ақын, саясаткер ғана емес, адам ретінде қаншалықты биік екенін түсіндім. Оның депутаттық сауалынан кейін, әлгі телеарнада тексеріс жүріп, басшылығы ауысты. Кейін 50/50 деген заң шықты. Ал мен КТК арнасына жұмысқа тұрдым. Мәжіліске келген сайын, Мұқтар ағама кіріп, батасын сұрап жүретінмін. Түсінбеген заңдарым болса, ағам асықпай түсіндіруден шаршамайтын. Осындай адамның жанында жүргенім – мен үшін үлкен бақыт. Бір үйде отырып, бір кабинетте сөйлескен сәттер – өмірімнің ең қымбат архиві. Суреттегі сәт – дәл сол кезеңнің куәсі. Мұқтар аға, Мен және Айдар есімді оператор. Үшеуміз Мәжілістегі депутаттың кабинетіндеміз. Өкініштісі сол, өмір - мәңгі емес. Ендігі біздің қолымыздан келетіні - Шахановтың өсиетін оқу, жаттау, дәріптеу. Сонда ғана Мұхтар Шаханов мәңгілік болады. Адамның өзі өлсе де, сөзі өлмесін», - деді журналист.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.