Сарапшылар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамаларын іске асыру аясында қолданыстағы тетіктерге талдау жасап, жүйені кешенді түрде жаңғыртуға арналған жаңа басымдықтарды ұсынды.
Пікірталастың бастамашысы әрі модераторы – Парламент Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаев. Подкаст меймандарының қатарында «Бәйтерек» холдингінің Басқарма төрағасы Рустам Қарағойшин, KPMG Кавказ және Орталық Азия компаниясының басқарушы серіктесі әрі СЕО Сәкен Жұмашев, сондай-ақ DESHT талдау орталығының жетекшісі, экономист, Сенат жанындағы cарапшылар клубының мүшесі Қуаныш Жаиков болды.
Мәулен Әшімбаев өз сөзінде сыртқы турбуленттілік пен мемлекеттік шығыстарды оңтайландыру үдерісі даму институттарын қайта жаңғыртуды талап ететінін атап өтті. Бүгінде оларға қойылатын негізгі талаптар – ашықтық, айқын мақсат және экономикаға нақты қайтарым жасауға бағдарлану.
«Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев даму институттары жүйесін қайта жаңғыртуды, олардың тиімділігін арттыруды, қайталанатын функцияларды жоюды және нақты нәтижеге бағытталуды міндет етіп жүктеді. Қазір Қазақстанға сапалы экономикалық өсім үлгісі қажет. Бізге тек қолданыстағы өсімді қолдап қана қоймай, жаңа даму орындарын қалыптастыру, жеке бастамаларды күшейту, өңдеу саласын дамыту, заманауи технологияларды енгізу, экспортты әртараптандыру және шетелдік инвестиция тарту аса маңызды. Бұл үдерісте даму институттары айрықша рөл атқаруға тиіс», – деді Сенат Төрағасы.
Палата Спикері даму институттары «қаржылық делдал» рөлінен шынайы өзгерістердің толыққанды субъектілеріне айналуы қажет екенін де айтты. Олардың міндеті – экономиканы жай ғана өтімділікпен қамтамасыз ету емес, оның заман талаптарына сай жаңа құрылымын қалыптастыру.
Подкаст барысында сарапшылар пікір алмасып, бірқатар бағыт бойынша бірлескен жұмыстың негізгі міндеттерін айқындады. Атап айтқанда, мемлекеттік органдар мен өңірлер жұмысының үйлесімділігін арттыру және кәсіпкерлермен тиімді коммуникация орнату мәселелері назарға алынды. Сонымен қатар даму институттарының жеке сектордағы рөліне ерекше мән беріліп, оларды ықтимал бәсекелестен толыққанды серіктеске айналдыру жолдары мен қолданыстағы кедергілерді жою тетіктері талқыланды.
Айта кетейік, Taldau Talks – ел дамуының өзекті мәселелері талқыланып, Мемлекет басшысы айқындаған міндеттерді іске асырудың нақты қадамдары сараланатын ашық диалог алаңы.
М.ТӨЛЕУ