«Таңшолпан» жобасы: жарқын мүмкіндіктер алаңы

Қостанай облысында әйелдер көшбасшылығын дамытуға және кадрлық резерв қалыптастыруға бағытталған «Таңшолпан» жобасының қатысушыларына сертификат табыстау рәсімі өтті.

Іс-шара «Таңшолпан: әйелдер кадр­лық резерві – нәтижелер мен перспек­тивалар» бағдарламасы аясында ұйым­дастырылып, жоба қорытындысын шығаруға, сондай-ақ ондағы түлектердің алдағы мүмкіндіктерін талқылауға ар­нал­ды. Салтанатты жиынға «AMANAT» партиясының өкілдері, депутаттар, са­рапшылар және қоғам қайраткерлері қатысты.

Байыпты басқосу барысында Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фрак­ция­сының мүшесі Екатерина Смышляева, «AMANAT» партиясы Қостанай облыс­тық филиалының төрағасы Алмат Дос­мұхамедов, «AMANAT» партиясы Қос­танай аудандық филиалының төра­ға­сы, жоба жетекшісі, аудандық мәсли­хат депутаты Марина Растегаева, сон­­дай-ақ партияның Орталық аппараты мен қоғамдық ұйымдардың өкілдері сөз сөйледі. Іс-шара модераторы – «AMANAT» партиясы Қостанай облыс­тық филиалы жанындағы Әйелдер қанатының жетекшісі Гүлсара Жаман­құлова.

Өз кезегінде, депутат Екатерина Смышляева бұл жоба «AMANAT» пар­тиясының белсенді әйелдермен жүргізіп отырған жүйелі жұмысының бір бөлігі екенін атап өтті. Оның айтуынша, қыз-келіншектер барлық деңгейдегі мәсли­хаттар мен Мәжілісте еселі еңбек етіп ке­леді. Ал әкімдерді сайлау жүйесі енгі­зіл­геннен кейін, олар осы лауазым­дарға сайлауға түсіп, отбасыларды тол­ғандырған мәселелерді терең түсінуі және эмпатиясы арқылы сайлаушы­лардың сеніміне ие болуда.

Ол партияның Әйелдер қанаты бүгінде қыз-келіншектерді еліміздің саяси өміріне дайындауға басымдық беріп отырғанын атап өтті. Бұл бағыт коммуникация дағдыларын, құқықтық сауаттылықты және саяси технология­ларды үйрету қадамдарын қамтиды. Жұмыс саяси көшбасшылықтан бастап, ауылдағы қыз-келіншектерді қолдауға, психологиялық көмек көрсетуге және цифрландыруға дейінгі бірнеше бағыт бойынша жүргізілуде.

«Бүгінде «AMANAT» партиясы әйелдерді саяси процестердің болашақ қатысушылары ретінде дамытып келеді. Әйелдер биліктің барлық деңгейінде ұсынылуға тиіс деп санаймыз. Бұл қадам олардың тек өз мүдделерін қорғауы үшін ғана емес, сонымен қатар жеке тәжірибесі арқылы әлеуметтік маңызы бар мәселелерді көтеруі үшін де қажет», – деді Екатерина Смышляева.

Осы орайда «AMANAT» партиясы Қостанай облыстық филиалының төрағасы Алмат Досмұхамедов гендерлік саясат пен отбасы мәртебесі мемлекеттің негізгі басымдықтарының бірі екенін атап өтті. Ол әйелдердің қоғамдық институттарды нығайтуға және еліміздің экономикалық дамуына қосқан үлесіне ерекше тоқталды.

«Әйелдің қоғамдағы мәртебесі мен рөлін арттыру, олардың тұлға ретінде дамуына жағдай жасау – «AMANAT» партиясының негізгі міндеттерінің бірі. Партия әйелдер көшбасшылығын да­мыту ісіне белсенді түрде қолдау көр­сетеді», – деді Алмат Досмұхамедов.

Бұл ретте, Гүлсара Жаманқұлова аталған жоба республика аумағында алғашқылардың бірі болып Қостанай облысында жүзеге асырылғанын атап өтіп, партияның екі мың адамды құрай­тын кадрлық резерв қалыптастыру жө­ніндегі ауқымды бастамасы аясында жүз түлек даярланғанын жеткізді. Оның айтуынша, оқу барысы үш кезеңнен тұрды. Соның ішінде, дебаттар мен жеке даму стратегияларын қорғау кезең­дері бар. Әр қатысушы әкім, депутат не­месе қоғамдық көшбасшы ретіндегі болашақ қызметіне қатысты өз көз­қарасын қалыптастырды.

«Бүгін алғашқы жүз түлегіміз оқуын аяқтады. Бұл біз үшін өте маңызды. Менің ойымша, бұл тек саяси өмірді ғана емес, жалпы көшбасшылықты таңдаған әйелдер үшін қоғамға пай­далы болуға берілген жарқын мүмкін­дік», – деді Гүлсара Жаманқұлова.

Өз кезегінде, Марина Растегаева «Таңшолпан» жобасының бір жылдық жұмысын қорытындылап, бұл бастама өңірдің саяси сахнасында жаңа есімдердің пайда болуына серпін беретінін атап өтті. Осы уақыт аралығында жүз қа­тысушы мемлекеттік басқару мен бюд­жеттік саясат бағыты бойынша білім алып, өздерінің сайлауалды бағдарла­маларын қорғады. Оның айтуынша, барлық түлек кадрлық резервке енгізілді. Енді олар депутаттық корпусқа және әкім лауазымына үміткер болуға дайын.

«Бұл – қыз-келіншектердің шешім қабылдау деңгейіндегі өкілдігін артты­руға бағытталған ортақ ұмтылысы­мыз. Саясат саласында теңдік қағидаты мін­сіз сақталып, «әйелдер квотасы» ұғымы өткеннің еншісінде қалуы керек. Оның орнына әйелдердің таланты мен еңбегі мойындалуға тиіс», – деді Марина Растегаева.

Спикерлер «Таңшолпан» жоба­сы әйел-көшбасшыларды даярлау­дың тиімді құралы екенін атап өтіп, қаты­сушылардың дайындық дең­гейін, олар­дың белсенді аза­маттық ұстанымы мен қоғамдық-саяси өмірге атсалысуға дайындығын жо­ғары бағалады.

Іс-шара аясында жобаға қаты­су­шыларға сертификаттар та­быс­талды. Әр қыз-келіншек конкурс­тық іріктеуден өтіп, білім беру модульдері, тренингтер, дебаттар және өз бастамаларын қорғау бойынша оқу бағдарламасына қатысты.

«Таңшолпан» жобасына Қоста­най облысының түкпір-түкпірінен келген 100 әйел қатысып, белсенді әрі бас­тамашыл қыз-келіншектер қауымдастығы қалыптасты. Алған білімдері мен дағды­лары олардың кәсіби және қоғамдық тұрғыда дамуына жол ашады.

Тілек ҚАБЫЛ