Таяуда Тараз қаласының криминогендік ахуалын қараған ведомствоаралық жиында біраз жағдайдың беті ашылғандай болды. Қалалық прокуратураның мәліметінше, қылмыс санының көбеюіне құқық саласының қызметкерлері де кінәлі екен.
– Жыл басынан бері адам өлтіру және денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру қылмыстары үзіліссіз тіркеліп келеді. Бұл бойынша жергілікті Полиция басқармасына нақты тапсырмалар берілгенімен, оң өзгерістер жоқтың қасы. Мәселен, өткен 3 айдың өзінде 2 адам өлтіру, 8 денсаулыққа ауыр зиян келтіру заңбұзушылығы тіркеліп, өткен жылмен салыстырғанда 33 пайызға жоғары болып отыр. Бұлардың барлығы ішімдікке әуес және бұрын сотты болған тұлғалар тарапынан жасалған. Мысалы, өз үйінде масаң күйде азаматтық некедегі жұбайын пышақтап өлтірген Ф. есімді азамат бұрын бірнеше рет сотталған әрі 2019 жылдан бері наркодиспансерлік есепте тұрса да, ол туралы Ішкі істер министрлігінің ақпараттық есепке алу жүйесіне ешқандай мәлімет енгізілмеген. Сол секілді серіктесіне дене жарақатын келтірген, бұрын жаза арқалаған О. есімді тұрғынның Қазақстан аумағында жүріп-тұру мерзімі 2009 жылы өтіп кетсе де, осы күнге дейін жеке басы тексерілмеген. Дәл осыған ұқсас мысалдар жетіп артылады. Бұл – учаскелік полиция инспекторларының өз ісіне немқұрайлы қарап, бұрын жауапкершілікке тартылған тұлғалармен профилактикалық жұмыстар жүргізбеуінің көрінісі. Осының салдарынан қалада бұрын істі болған азаматтардың қайтадан қылмыс жасау фактісі 4,3 пайызға жоғарылап отыр. Олардың басым бөлігі ұрлық, алаяқтық, есірткі, денсаулыққа зиян келтіру және ұрып-соғумен байланысты, – дейді қала прокурорының орынбасары Нұрлан Нарбаев.
Прокуратураның бізге ұсынған тағы бір дерегіне сүйенсек, құқық қорғау органдары тарапынан түні бойы жұмыс істейтін көңіл көтеру орындарына рейд шараларының тұрақты түрде жүргізілуіне қарамастан, бұзақылық қылмыстардың алдын алу көрсеткіші көңіл көншітпей тұр екен. Бұзақылық жиі болатын нысандардың ішінде «Грэмми», «Барон», «Сафият», «Лорд», «Гүлсарай», «Таверна», «Шефстар», «Ханговер», «Секрет» кафе-барлары көш бастап тұр. Мәселен, бір ғана «Лорд» кафесінде небәрі 2 айға жетер-жетпес уақыттың ішінде қос бірдей қылмыс тіркелген. Соған қарамастан, бұл кафе әлі күнге күзет қызметімен қамтамасыз етілмеген. Сонымен қатар «Грэмми» және «Лорд» дәмханаларында 1 жылда екі мәрте жасөспірімдердің түнгі уақытта жүруі анықталса да, учаскелік инспекторлар тек айыппұл салумен ғана шектеліпті. Осыған байланысты прокуратура аталған орындарға қосымша хаттама толтырып, қызметтерін тоқтату мәселесі қаралуда.
Кәмелетке толмағандар арасындағы заңбұзушылық көрсеткіші де көңіл көншітпейді. Айталық, биылдың үш айында қала аумағында жасөспірімдер қатысқан 8 қылмыс болып, былтырмен салыстырғанда 88,9 пайызға өскен. Әріге бармай-ақ, күні кеше Таразда болған сұмдық жағдай жұртшылықтың жағасын ұстатты. Қаладағы мектепте сабақ арасындағы үзіліс кезінде 15 жасар жасөспірімді тоғызыншы сынып оқушылары ұлдарға арналған киім ауыстыратын бөлмеге алып барған. Бақылау камерасына түскен бейнежазбадан әңгіме бірден төбелеске ұласқанын көруге болады. Куәгердің айтуынша, ол сыныптасына көмектеспек болғанымен, оны күдіктінің жақтастары жібермей ұстап тұрған екен. Сол сәтте жәбірленушінің басына бірнеше рет соққы жұмсалған. Салдарынан оқушы көзінен ауыр жарақат алып, ота жасатты. Қазіргі жағдайы өте ауыр көрінеді. Дәрігерлердің айтуынша, баланың көзі толығымен зақымданып, ағып кеткен. Сондай-ақ басынан ауыр жарақат алғанына байланысты жасөспірім болған жайтты толық есіне түсіре алмай жатыр. Тек анасына шабуыл жасағандардың қолында темір зат болғанын байқағанын ғана айтқан.
Аталған дерек бойынша, «денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру» бабы аясында сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталып, күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалған.
Бұл Таразда балалар арасында болып тұрған алғашқы жағдай емес. Бұған дейін биылғы наурыз айында 7 оқушы қыз қатарластарын соққыға жықса, былтырғы жылдың соңында мектептердің бірінде болған төбелестің соңы адам өлімімен аяқталған болатын. Қалалық білім бөлімінің басшысы Айгерім Алтынбаева келтірген мәліметке сүйенсек, балалар арасындағы бұл мәселелердің барлығы қала әкімдігі жанындағы комиссия отырысында қаралып, тиісті шешімдері шығарылыпты.
– Бүгінге комиссияның кезекті 5 және көшпелі 1 отырысы өтті. Барлығы 33 іс бойынша кәмелетке толмағандарға қатысты мәселелер жан-жақты қаралды. Сонымен бірге балаларды тәрбиелеу бойынша ата-ана міндеттерін адал орындамайтын әлеуметтік қауіпті жағдайдағы отбасылардың тізімін қалыптастыру бағытында жұмыстар жүргізілуде. Осы шаралардың шеңберінде 3 баланы арнайы мектепке жіберу туралы шешім қабылданды. Сондай-ақ қорғаншылықта тәрбиеленіп жүрген 4 бала кері қайтарылып, балалар үйіне орналастырылды. Бұған қоса, 4 ата-ана құқықтарынан айырылса, 3 ата-ананың құқықтары шектелді.
Жүргізілген сауалнамалар арқылы анықталған психологиялық диагностикалардың қорытындысына сәйкес, 275 оқушы «қызыл аймаққа» енгізіліп, тұрақты бақылауға алынды, – деген Айгерім Аханқызы жан-жақты қолға алынған шараларға қарамастан, әлі де шешімін таппай отырған маңызды мәселелердің бар екенін де жасырмады.
– Таразда кәмелетке толмағандар арасындағы өзекті мәселенің бірі – уақытша бейімдеу орталықтарының жетіспеушілігі болып отыр. Мәселен, осы жылдың басынан бері небәрі 5 бала ғана уақытша бейімдеу орталығына орналастырылды. Бұл көрсеткіш мәселенің толық шешімін таппай отырғанын аңғартады. Себебі қазіргі орталықтағы орын тапшылығы салдарынан түнгі уақытта ұсталған, зорлық-зомбылыққа ұшыраған немесе қараусыз қалған балалар кей жағдайда қайтадан үйлеріне жіберіледі немесе аурухана секілді уақытша мекемелерге жатқызылады. Алайда бұл олардың қауіпсіздігін толық қамтамасыз етуге жеткіліксіз.
Осыған байланысты Тараз қаласы аумағында кәмелетке толмағандарды уақытша бейімдеу орталығын ашу қажет деп санаймын. Мұндай нысандар түнгі уақытта қараусыз жүрген, қаңғыбастыққа салынған, отбасындағы кикілжің салдарынан қиын жағдайға тап болған жасөспірімдерді уақытша оқшаулап, оларға қажетті психологиялық, әлеуметтік көмек көрсетуге мүмкіндік береді.
Тағы бір маңызды мәселе – жасөспірімдер мен олардың ата-аналарының жауапкершілігін күшейту. Қазір көп жағдайда мектеп педагогтары полиция бөлімшелеріне шақыртылып, түрлі түсіндіру жұмыстарымен айналысады. Кінәлі тарап ретінде тәртіптік жауапкершілікке тартылып жатқандары да жетерлік. Ал бұл жағдай ата-аналар мен оқушылар арасында жауапкершілік сезімінің төмендеуіне алып келеді. Сондықтан аталған мәселені жүйелі түрде шешу тиісті органдардың бірлескен жұмысын талап етеді, – дейді бөлім басшысы.
Әрине, байыбына бармай жатып, біржақты баға беруден аулақпыз. Дегенмен соңғы болған оқиғалар шаһардағы қылмыстық ахуалға бейжай қарауға болмайтынын анық аңғартты. Әсіресе, жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтың күрт өсуі – қоғам үшін аса қауіпті құбылыс. Бұл тек құқық қорғау органдарының ғана емес, тұтас қоғамның ортақ мәселесіне айналып отыр. Сондықтан Мемлекет басшысы ұсынған «Заң мен тәртіп» қағидасы іс жүзінде орныққанда ғана Таразды халық қауіпсіз қала ретінде сезінетіні анық.
Саятхан САТЫЛҒАН,
Жамбыл облысы