Қазгидромет 21 сәуірде еліміздің бірнеше өңірінде қолайсыз күн райына байланысты ескерту жариялады, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Синоптиктердің болжамы бойынша, таңертең және күндіз Жамбыл облысының батысында, оңтүстігінде және таулы аудандарында жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Таулы аймақтарда тұман болады. Жел оңтүстік-шығыстан соғып, кейін оңтүстік-батысқа ауысады. Облыстың оңтүстік-батысында, солтүстік-шығысында және таулы өңірлерінде желдің жылдамдығы секундына 15–20 метрге дейін жетіп, күндіз екпіні 25 м/с-қа дейін күшеюі мүмкін. Облыстың батысында жоғары өрт қаупі сақталады. Тараз қаласында да желдің екпіні 15–20 м/с, кей уақытта 23 м/с-қа дейін жетеді.
Жетісу облысында солтүстік-шығыстан жел соғады, Алакөл көлдері маңында күндіз желдің екпіні 15–20 м/с-қа дейін күшейеді.
Ақтөбе облысының оңтүстігі мен шығысында жаңбыр мен найзағай болады. Жел оңтүстік-шығыстан соғып, күндіз батыс бағытына ауысады, солтүстік аймақтарда екпіні 15 м/с-қа жетеді.
Алматы облысында шығыс, орталық және таулы аудандарда оңтүстік-шығыстан жел соғып, екпіні 15–20 м/с болады. Қонаев қаласында да желдің екпіні осы деңгейде сақталады. Іле Алатауының таулы аймақтарында (Алматы қаласының Медеу және Бостандық аудандары) да жел 15–20 м/с-қа дейін күшейеді.
Маңғыстау облысының батысында, оңтүстігінде және орталығында күндіз жаңбыр жауып, найзағай болады. Солтүстік-батыс желі түнде облыстың солтүстік-шығысында 15–18 м/с-қа дейін күшейеді. Ақтау қаласында күндіз кей уақытта жаңбыр мен найзағай болады.
Батыс Қазақстан облысының батысында және солтүстігінде түнде және таңертең тұман түседі. Жел батыс және солтүстік-батыс бағыттан соғып, күндіз екпіні 15–20 м/с-қа жетеді. Орал қаласында да түнде және таңертең тұман болады.
Солтүстік Қазақстан облысының батысында және солтүстігінде күндіз жаңбыр мен найзағай болады. Шығыс бөлігінде түнде және таңертең тұман түседі. Жел оңтүстік-шығыстан соғып, екпіні 15–20 м/с-қа дейін күшейеді. Петропавл қаласында да күндіз жаңбыр мен найзағай болжанып отыр.
Түркістан облысының оңтүстігінде және таулы аудандарында жаңбыр, найзағай және жел болады. Таулы өңірлерде тұман болады. Жел оңтүстік-шығыстан соғып, кейін оңтүстік-батысқа ауысады, екпіні 15–20 м/с. Облыстың батысында төтенше өрт қаупі жарияланған. Түркістан қаласында да желдің екпіні 15–20 м/с-қа дейін жетеді.
Шымкент қаласында таңертең және күндіз жаңбыр, найзағай және дауыл болады. Желдің екпіні 15–20 м/с-қа дейін күшейеді.
Қызылорда облысының солтүстігі мен орталығында түнде жаңбыр мен найзағай болады.
Қостанай облысының батысында, солтүстігінде және оңтүстігінде күндіз жаңбыр жауып, найзағай болады. Жел оңтүстік-батыстан соғып, екпіні 15–20 м/с-қа дейін жетеді.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.