Газдандыру ісіне сенім артты

Елорда жұрты мен оған іргелес елді мекен тұрғындары газ инфрақұрылымының жаңарып-жаңғырып келе жатқанына ерекше қуанышты.

Жақында қаланың 8 бірдей елді мекенінде газ құбыры жүргізіліп, жылыту маусымы штаттық режимде ойдағыдай өтті. Қаладағы жылу-электр стансалары да газ қуатымен жылытуға көшіп, аймақтың экологиялық жағдайы тұрақтанып келеді. Біз QazaqGaz Aimaq АҚ пресс-туры аясында сала жұмысымен етене танысып қайттық.

Алдымен қала іргесіндегі «Тельман» тұр­ғын алабына жеттік. Газ саласы маман­дары­ның экологиялық қауіпсіз қаланы қа­лыптастыру жолында іске асырған маңыз­ды жобасының бірі – «Тельман» тұр­ғын алабына көгілдір отынның жетуі. Был­тыр қазан айында аталмыш аймақта газ құбырының құрылысы толықтай аяқ­тал­ған еді. Жоба Астана қаласының Энер­г­е­тика басқармасының қолдауы мен QazaqGaz Aimaq АҚ Астана өндірістік фи­лиалының инвестициялық бағ­дар­ла­ма­сы аясында іске асты. Мәселен, Энер­гетика басқармасы тұрғын алабына дейін­гі 6,8 шақырым газ құбырының құры­лы­сын жүргізсе, QazaqGaz Aimaq тұрғын алап­­­­тағы 15 шақырымға жуық газ құ­бы­рын салуға атсалысқан. Жаңа тұрғын ала­­­­­бына көгілдір отын қосылғалы қала­ның ауа сапасы да жақсарған. Қазір қаланың сақиналы айналмалы жолынан бастап Шерхан Мұртаза атындағы көше мен Ұлы дала даңғылының қиылысына дейінгі аралық газ реттегіш қондырларға қо­сылған. Тұрғын алабында 309 үй бар бол­са, оның 158-і сәуір айына дейін газға қо­сылып үлгерген. QazaqGaz Aimaq Аста­на өндірістік филиалының директоры Ер­жан Болатбекұлы мұның жақсы көр­сеткіш екенін жасырмады.

– Тұрғындар әдетте қыс қамын жазда ой­лайды, халық қыс уақытында газға қо­сыл­мауы мүмкін. Тәжірибемізге сүйенсек, ел­ді мекенге газ алғаш келгенде тұр­ғын­дар­дың тек 20-30 пайызы ғана белсенділік та­нытады. Астана халқы жылдам әрекет ет­ті, газға қосылу қарқынды жүріп жатыр, со­ның нәтижесінде жұрт та газдың қы­зы­ғын көре бастады. Жұмыстарымыз тоқ­та­майды, келесі қысқа дейін 100 пайыз ме­жеге жетеміз деп ойлаймын. «Тельман» тұр­ғын алабында газ қысымын реттегіш қон­дырғының екеуі бар, бір қондырғы 300 үйге газ қысымын дайындап беруге қау­қарлы,– дейді филиал басшысы. 

Дрондар қауіпсіздікті күшейтті

Ержан Болатбекұлының айтуынша, газ реттегіш қондырғылардың заманауи та­лаптарға сай артықшылығы мол. Мә­се­лен, «Тельман» тұрғын алабындағы екі шкаф­тық газ реттегіш пункт апаттық жағ­дайда бір-бірін алмастыра алады, екі жақ­тан да газ қысымын беруге дайын. QazaqGaz Aimaq мамандары газ құбыр­ла­рын күтіп ұстау және қауіпсіздік мә­се­ле­сі­не де жіті көңіл бөліп отыр. Шкафтық газ реттегіш пункттің біріне барғанымызда  арнайы апаттық құтқару қызметінің кө­лігін байқадық, арнайы мамандар қон­дыр­ғылардың жұмысын күні-түні қада­ға­лап отырады. Ал заманауи құралдар ма­ман­дардың ісін әлдеқайда жеңіл етіп, жұ­мыс сапасын арттырған. Ерекше құрал­дың бірі – ұшқышсыз ұшу аппараты. 

– BL-CH4 пилотсыз ұшу аппараты – газ­дың ауаға тарауын қашықтан анықтауға ар­налған әуе жүйесі. Аппарат қарапайым дрон­дар секілді ұшу, суретке түсіру т.б. жұ­мысты орындай алады, бізді қызық­тыр­ғаны – сарғыш лазер детекторы. Лазер де­тектор қондырғыдан 150 м қашықтықта газ қысымының жоғалуы байқалса, та­биғи газ ауаға таралатын болса, бірден анық­тайды. Құрылғы шектеулі кіру учас­келерін қоса алғанда, жерасты және жерүс­ті газ құбырларындағы газ ағып ке­туін жедел анықтауға мүмкіндік береді, тек­серу уақытын азайтады. Визуал тұр­ғы­дан адам көзі микрожарықшақтарды көруге бейімделмеген, бірақ осы құрыл­ғы­ның көмегімен ақауды дер кезінде рет­теп, апаттың алдын алуға болады, – дей­ді Ержан Болатбекұлы.

Астана мен Ақмола облысының қысы қатал әрі ұзақ өтеді, қыстың шамамен 7 ай боларын ескерсек, ұшқышсыз ұшу аппараты, расында да, талай шаруаны жеңілдетті. Әсіресе, құрылғы көктемгі су тасқыны кезінде, мамандар көлікпен немесе жаяу жете алмаған жағдайда дрондарды пайдалана алатын мүмкіндік туды. Одан бөлек, күнделікті тексеруші көліктер де жан-жақты жабдықталып, бабында тұр. Қауіпсіздік ережесін сақтау, қондырғыларды ұдайы бақылау-баптау нәтижесінде қала мен оған іргелес елді мекендерде жылыту маусымы ақаусыз, сәтті өтті. 

– Былтыр алғашқы жылыту маусымын штат­тық режимде өткіздік. Апаттық жағ­дай­лар қарамағымызға жатпайтын же­ке­лен­ген үй-жайларда ғана болды. Алғашқы қыс болғандықтан, кейде пеш өшіп қа­ла­ды, кейде температурасын дұрыс қой­май­ды, тағы басқа сұрақтармен хабарласқан тұр­ғындар болды. Жеке-жеке кеңес беріп, ке­лісімшарт бойынша газ құбырларын дә­некерлеу және қызмет көрсету ком­па­ния­сын шақырту, ары қарай түсіндіру жұ­м­ыстарын өткізуге нұсқау береміз, – дей­ді Е.Болатбекұлы.

Газ келіп, жаз келді

Былтыр «Шұбар» тұрғын алабының тұр­­­ғындарына да көгілдір отын жетті. Алап 890 үйді қамтыса, сәуір айына дейін тұрғындардың 50 пайызы табиғи газ­ға қосылып үлгерген. 2020 жылдан бас­тап Астана қаласы мен оған іргелес елді ме­кендерде газ құбырын жүргізу жұмысы ке­зең-кезеңімен іске асып жатыр. Бүгінде Ас­танада «Көктал-1», «Көктал-2», «Аг­ро­горо­док», «Интернациональный», «Ми­чури­но», «Күйгенжар», «Теміржол», «Өнер­­­­кәсіп», «Оңтүстік-Шығыс», По­та­нин көшесі маңы, «Үркер» (ішінара), Family Village, «Тельман», «Кірпішті» жә­не «Шұбар» тұрғын алаптары табиғи газ­ға қосылып үлгерді. QazaqGaz Aimaq был­тыр 8 бірдей елді мекенге газ құбырын то­лықтай жеткізді, бұл – кейінгі бес жыл­дықтағы ірі жетістіктің бірі, ауыл-аймақ хал­қы үшін зор қуаныш. 

Біз бұдан ары қарай Астана маңайында ор­наласқан Қараөткел ауылындағы жағ­даймен де таныс болдық. Ауыл халқы 2026 жыл­дың желтоқсан айында газға қол жет­­­кізуге тиіс еді, қуанышымызға орай, жүйе­­­­лі жұмыстардың арқасында құбыр құ­рылысы мерзімінен бір жыл ерте аяқ­талды. Тұрғындар ауылға көгілдір отын­ның ерте жеткеніне дән риза.

– Петропавл қаласынан 8 жыл бұрын кө­ш­іп келгенбіз, осы ауылдан үй салдық. Қараөткелге газ келеді дегенде қуанышым қойныма сыймады. Газды ерте қосады деп ойламадық, әлі бір жыл бар екен деп, алдын ала көмір алып қойғанбыз. Қазір бұл көмірді не істерімді білмей отырмын, – дейді ауыл тұрғыны Айдос Қайырұлы.

Тұрғындар енді көмір тасып, қысты арпалыспен өткізбейтініне қуанады. Бір сөзбен айтқанда, ауылға газ келіп, халық көңіліне жаз орнағандай. 

– Қыс кезінде көмірге қаражат мол ке­те­ді. Көмірді аламыз, оны тасып кір­гізе­міз, күлін шығарамыз, үйдің ішін шаң ба­сады. Бәрі – қаншама машақаты мол жұ­мыс, қанша уақытыңды алады. Қазір газ қолжетімді, тамақты да газға пісіре ала­мыз.Үйдің іші жылы, немерелерім жер­де емін-еркін ойнап жүр, – дейді А.Қайырұлы. 

Оның есептеуінше, қыстан аман шығу үшін бір үйге кемінде 10 тонна көмір қажет, оған кемі 250 мың теңге қаржы ке­­­­­­теді. Бүгінде тұрғындар QazaqGaz Aimaq қосымшасы арқылы бөлме тем­пературасын да оңай бақылап отырамыз дейді. 

Биыл Қараөткелден бөлек, Нұрлы, Шұ­бар, Аққайың, Талапкер, Қоянды сын­ды ауылдар мен тұрғын алаптарында да ірі жобалар іске асты. Бұл тұрғындардың экологиялық таза отын түріне көшуіне мүмкіндік беріп, баламалы жылу көзіне тү­сетін жүктемені азайтты. Қазір Қосшы қа­ласында да газдандыру кезең-кезеңімен жү­ріп жатыр. Уақытша бірінші іске қосу кешені пайдалануға беріліп, 7 800 абонент та­биғи газға қол жеткізіп үлгерді. осы жүйені одан әрі кеңейту, дамыту ісі жос­парда тұр, егер жоба тұрақты жалғасса, 10 мыңнан астам тұтынушыны газбен қам­туға болады. Сонымен қатар компанияның биыл­ғы жоспарына сәйкес, «Өндіріс», «Каз­городок» тұрғын алаптары, Garden Village қалашығы, Қызылсуат, Қаражар, Тайтөбе ауылдарына да газ құбыры тар­ты­лады. Қазір қаланы газдандыру жұмысы 80 пайызға жетті.

Экологиялық тұрғыдан тиімді шешім

Бұл сапарымызда қалада жаңадан бой көтерген «Тұран» газ жылу стансасына да бас сұқтық. Нысан қаланың сол жаға­лауын­да дамып келе жатқан Нұра ауданын жылуымен қамтамасыз етіп отыр. Станса 10 су қыздыру қазандығымен жабдық­тал­ған, газ тұтыну көлемі сағатына 80 мың тек­ше метрге дейін жетеді. 

– Станса 2023 жылдың соңында са­лын­ды. Қазір 6 қазандық жұмыс істеп тұр, та­ғы төртеуі жақында іске қосылады. Жал­пы, жылу қуаты сағатына 600 гигака­ло­­­­рияға жетеді. Бұл станса Нұра және Есіл ауданының бір бөлігін жылумен қам­тамасыз етеді, – деді станса басшысы Талғат Чубаев.

Бастысы, станса қаланың перс­пек­ти­ва­лық аудандарын көмірсіз, басқа да зиян­ды қалдықсыз жылумен қамтып, то­лығымен табиғи газбен жұмыс істеп тұр. Бұл – экологиялық тұрғыдан ең тиімді ше­­­шім. QazaqGaz Aimaq мәліметінше, қа­зір Астана өндірістік филиалының тең­герімінде жалпы ұзындығы 2 278 шақырым газ ­тарату желісі бар. Оның 807 шақыры-мы – елорда аумағында, ал 1 471 шақыры­мы – Ақмола облысында орналасқан. 54 газ реттеу пункті, 263 шкафтық газ реттеу пунк­ті және 1 160 жеке шкафтық пункт жұ­мыс істеп тұр. 2025 жылғы дерекке сүйен­сек, 13 мың тұрғын көгілдір отынға қо­сылса, биыл жүйеге қосылған абонент са­ны 21 844-ке жетіп отыр. Елорда жұр­тының көңілі тыныш, себебі экологиялық жүктеме айтарлықтай төмендеді, ауыл хал­қының да газдандыру жұмысына сені­мі артып келеді. Алда газдандыру жұмысы сәт­ті жалғаса бермек. 

Айсұлу СЪЕЗХАН